БҮГІН | Навальный және Беларусь, Хашогги өліміне қатысты сот үкімі

Сауд Арабиясының соты журналист Джамал Хашоггиді өлтірген бес адамның өлім жазасын ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Прокурорлардың айтуынша, журналистің отбасы мүшелері “өлтіргендерді кешіру туралы шешім қабылдағаннан кейін” сот үкімді өзгерткен. Былтыр 23 желтоқсанда Сауд Арабиясының прокуратурасы Хашоггидің өліміне айыпты деп танылған бес адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлады. Сонымен қатар тағы үш адам түрме жазасына кесілген. Сот жабық өтіп, жауапқа тартылғандардың есімі жарияланбады.

БҮГІН | Навальный және Беларусь, Хашогги өліміне қатысты сот үкімі
Джамал Хашогги әйелі Хатидже Ченгизбен түскен суреті

Хашоггидің әйелі Хатидже Ченгиз сот процесін “заңды мазақ ету” деді. Сарапшылар сотта журналисті кім өлтіруге тапсырыс бергені туралы сұрақ қойылмағанын айтады. Хашогги 2017 жылы қыркүйекте жақын достары мен әріптестері қамауға алынғаннан кейін Сауд Арабиясынан кетіп, Washington Post газетінің шолушысы болды. Көпшілік Сауд Арабиясының патшасы Салманның қартайған тұсында, “билік оның ұлы Мұхаммедтің қолына өтті” деп санайды. Хашогги Сауд Арабиясының билігін және бәрінен бұрын ханзада Мұхаммедті белсенді түрде сынаған.

2018 жылдың қазан айының басында, Хашогги Сауд Арабиясының Стамбулдағы елшілігінде жаңа құжаттарын алу үшін барып, бірақ ғимараттан шықпады. Кейіннен Сауд Арабиясының билігі бұл іске байланысты ресми көзқарасын бірнеше рет өзгертті. Біріншіден, журналистің елшіліктен шығарда “денсаулығының жақсы болғанын” айтты. Екіншіден, оның “қайғылы оқиғадан қайтыс болғанын”, кейін бұл жағдай “қасақана кісі өлтіру” екенін мойындады. Бірақ айыпталушыларға қарсы процесс кезінде “жазатайым оқиғадан өлгені туралы” хабарлады. Түркия тергеушілерінің айтуынша, Хашоггидің денесін бөлшектеп, елшіліктен алып кеткен. Оның сүйегі әлі табылған жоқ.

Түркия билігі Сауд Арабиясы сотының жазаны жеңілдету туралы шешімін сынап, Эр-Риядты “әділ шешім шығармай үмітті ақтамады” деді. Биыл шілдеде Түркия Джамал Хашоггиді аяусыз өлтірді деп айыпталған 20 сауд арабиялық азаматтың үстінен сырттай сот ісін бастады.

БҮГІН | Навальный және Беларусь, Хашогги өліміне қатысты сот үкімі
БҰҰ-ның ресми өкілі Аньес Каламар. Сурет: AFP

БҰҰ-ның ресми өкілі Аньес Каламар журналистің өлімінен кейін зерттеу жүргізіп, “Хашогги Сауд Арабиясының лауазымды тұлғалары ұйымдастарған аяусыз жасалған қастандықтың құрбаны болды” деп мәлімдеген.

Алексей Навальный комадан шықты

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың денсаулығы жақсара бастады. Мұны Берлиндегі (Германия астанасы) “Шарите” емханасының дәрігерлері хабарлады. Олардың айтуынша, Навальный комадан шыққан. Ресейлік оппозиционерді өкпені жасанды желдету аппаратынан (ИВЛ) біртіндеп ажыратып жатыр. Дәрігерлер Навальный айналасындағы дауыстарды сезе бастады дейді.

БҮГІН | Навальный және Беларусь, Хашогги өліміне қатысты сот үкімі
Сурет: Getty Images. Алексей Навальныйды “Шарите” емханасына әкеткен сәт.

Неміс дәрігерлері әскери зертхана қызметкерлерімен бірлесе отырып, ресейлік оппозиционер “Новичок” тобына жататын удың ізі табылғанын мәлімдеді. Батыс елдерінің басшылары мұндай заттарға санаулы адамдардың ғана қол жеткізе алатынын алға тартып, Кремльден түсініктеме талап етті. Бұл у Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын 2018 жылы Британияда улағанда қолданылған.

“Шарите” емханасының дәрігерлері Навальныйдың бойын жайлаған у “денсаулығына ұзақ уақыт кері әсерін тигізуі мүмкін” дейді.

Беларусьте Мария Колесникова ұсталды

Беларусь Мемлекеттік шекара комитетінің ресми өкілі Антон Бычковский Tut.by сайтына оппозиция мүшесі Мария Колесникова Беларусь пен Украина арасындағы шекарада ұсталғанын айтты. Оның айтуынша, Иван Кравцов пен Антон Родненков (екеуі де Беларусьтің оппозиция мүшесі) қазіргі уақытта Украинада. Бычковскийдің мәліметінше, үшеуі де белгіленген тәртіппен бүгін таңғы 5-те шекара бақылауынан өткен.

БҮГІН | Навальный және Беларусь, Хашогги өліміне қатысты сот үкімі
©Shutterstock / Fotodom. Оппозиция мүшесі Мария Колесникова

Tut.by сайтына келген Анастасия атты куәгердің айтуынша, Мария Колесникованы 7 қыркүйекте таңертең белгісіз адамдар микроавтобусқа отырғызып әкеткен.

Украинаның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Андрей Демченконың Belsat-қа хабарлауынша, Колесникова Украинаның бақылау бекеттеріне келмеген. Ол тек Иван Кравцов пен Антон Родненковтың келгенін айтты.

Украина ішкі істер министрінің орынбасары Антон Геращенко беларусь оппозиция мүшелері Антон Родненков пен Иван Кравцовты “елден күшпен шығарылған” деп мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Мария Колесникованың нақты қайда және қандай орган ұстағаны белгісіз. Ресми мәлімдемелер де бір-біріне қарама-қайшы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz