America’s Frontline Doctors деген кімдер? – Гидроксихлорохиннен Капитолийге дейін

COVID-19 пандемиясы дезинформация тарататын әртүрлі топтардың пайда болуына негіз болды. Солардың бірі – America’s Frontline Doctors (қазақша «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері») атты ұйым. Қатарында түрлі дәрежедегі дәрігерлері бар, бірақ іс жүзінде алдыңғы қатарда істемеген бұл топ қоғамдық қызметін 2020 жылы жазда бастаған. Ол кезде олар дау-дамайға ұласып кеткен баспасөз конференциясын ұйымдастырған еді. Міне, содан бері расталмаған ақпарат таратты деген айыппен бірнеше рет көзге түсті. Қазіргі кезде аталмыш топ «тәжірибе ретінде» өтіп жатқан коронавирус вакцинасы мен «мәжбүрлі вакцинацияға» қарсы науқан жүргізіп келеді. Қазіргідей интернет заманында осы дәрігерлер туралы ақпарат әлемнің түкпір-түкпіріне таралып кетті, оның ішінде ТМД елдері де бар.

Factcheck.kz America’s Frontline Doctors жобасына кезекті рет оралды. Біз бұл мақалада олардың даму тарихына тоқталып, даулы мәлімдемелерін тексереміз. Сондай-ақ бұл ұйымның түрлі байланыстарына, стратегиясына және қаржыландыру көздеріне талдау жүргіземіз.

Басы: гидроксихлорохин және «Құдайдың жауынгерлік балтасы»

2020 жылғы 27 шілдеде пандемияның алғашқы толқыны кезінде АҚШ-тың Tea Party Patriots атты (қазақша «Шай ішу қозғалысының патриоттары») оңшыл саяси ұйымы Вашингтондағы Жоғарғы сот алдында баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Халық алдында өздерін «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» деп таныстырған дәрігерлер сөз сөйледі. Олардың мәлімдемесі бойынша, безгекке қарсы қолданылатын гидроксихлорохин препаратын мырыш пен зитромакспен қосып ішсе, COVID-19-дан емделуге болады. Осылайша, қауіптің беті қайтып, маскалар мен карантин шаралары керек болмай қалады.

Бұл жалған мәлімдеме. Пандемия басында гидроксихлорохин болашағы зор дәрі ретінде танылып, әлеуметтік желіде біраз шу көтерді. Бұған дәрі-дәрмекті белсенді түрде насихаттаған президент Дональд Трамптың да әсері болды. Сөйтіп, Трамп бұл дәріні қолдануға FDA-дан шұғыл түрде рұқсат алған болатын.Алайда 2020 жылғы маусымда Ұлыбритания мен АҚШ-та екі тәуелсіз клиникалық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, гидроксихлорохиннің COVID-19-бен ауырғандардың жағдайын жақсартуға көмектеспейтіні анықталады. 15 маусымда FDA өз рұқсатын кері қайтарып, гидроксихлорохинді клиникалық зерттеулерден тыс COVID-19-дан емдеу үшін қолданбауға шақырды. Өйткені ол аритмия және бүйрек пен бауыр ауруларының қаупін арттыратын болып шықты. Сонымен қатар гидроксихлорохиннің зияны туралы белгілі болғаннан кейін, ол COVID-19-дан емдейтін әдіс ретінде ДДСҰ демеушілік еткен жаһандық зерттеуден мамыр айының соңында алынып тасталды.

Басқаша айтқанда, дәрігерлер баспасөз мәслихатында адамдарды гидроксихлорохинді қолдануға шақырған кезде, оны негізгі беделді ұйымдар тиімсіз деп танып үлгерген. Алайда спикерлер қарама-қарсы көзқарасты ұстанған. Сол дәрігерлердің бірі Стелла Имануэльдің мәлімдеуінше, гидроксихлорохиннің тиімсіздігі туралы зерттеулерді «жалған фармацевтикалық компаниялар» қаржыландырып отыр. Ол осы препараттың көмегімен 350 адамды емдегенін де айтты. Осыған қоса ол барлық әріптестеріне коронавирус профилактикасы (!) үшін гидроксихлорохинді қабылдауға кеңес беретінін жеткізді.

Стелла Иммануэль

Зерттеу жұмыстарын сынға алған Имануэль мысал ретінде гидроксихлорохиннің тиімділігін дәлелдейтін екі ғылыми мақала ұсынады. Дәрігер айтқан алғашқы мақала 2005 жылы жарық көрген. Алайда оның тақырыбы мүлдем басқа: зерттеу әлдеқайда белсенді хлорохин туралы еді. Оны жасуша ішінде (in vitro) сынап көрген және ол үшін маймылдардың жасушалары қолданылған. Дәрінің тиімділігі SARS вирусына қарсы өлшенді, алайда ол кезде оның таралуы тоқтаған еді. Имануэль айтқан екінші мақала 2020 жылғы сәуірде жарық көрген. Онда COVID-19-дың атипті белгісі саналатын ықылық тиюді емдеу жолдары жазылған. Мақалада гидроксихлорохин қабылдап, ықылығы тоқтаған егде жастағы науқастың жағдайы айтылады. Бірақ бұл жерде айта кететін жайт бар: біріншіден, мақалада тек бір науқас туралы айтылған, бұл дәрінің тиімділігін анықтайтын зерттеу үшін аз; екіншіден, сәуір айында гидроксихлорохинді шұғыл түрде қолдану рұқсаты әлі бар болатын. Ақпараттың бұрмаланғаны анық.

Бірнеше күмәнді ақпарат беріп, 5 минутқа созылған баспасөз мәслихатын Breitbart News атты консервативті жаңалықтар сайты тікелей эфирде көрсетті. Кейін видео әлеуметтік желіге жүктеліп, жылдам тарап кетті де, ондаған миллион қаралым жинады.

Видео жалған ақпаратпен күресу саясаты аясында алынып тасталса да, бір Facebook-тің өзінде 14 миллион рет қаралған. Twitter де Дональд Трамп пен оның ұлының посттарын жойған, себебі олар аталмыш видеоның үзінділерімен бөлісіп, #гидроксихлорохин хэштегін трендке айналдырып жіберген. Сондай-ақ бұл видео «қауымдастық қағидаларын бұзғаны үшін» Youtube-тан да алынып тасталды. Бірақ мұндай әрекеттер роликтің тарап кетуін тоқтата алмады. Ол әлі күнге дейін басқа видео хостингтарда жарияланып, мессенджерлер арқылы тарап жүр.

Қастандық теориясының классикалық үлгісіне сүйене отырып, Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері үкімет гидроксихлорохиннің тиімді әсері туралы ақпаратты адамдардан әдейі жасырып отыр, олар азаматтардың сау болуын қаламайды деп мәлімдейді. Олардың айтуынша, гидроксихлорохин дәріханаларда дәрігер берген анықтамасыз берілуі керек. Оған қоса видеоны алып тастау оқиғасынан кейін Стелла Имануэль биліктегі адамдар гидроксихлорохинді жасырын түрде қабылдап жүргенін айтты. Сондықтан ол елдің жұқпалы аурулар жөніндегі бас маманы Энтони Фаучиге препаратты қабылдамайтынына көз жеткізу үшін зәр анализін өткізуді ұсынды.

Стелла Имануэль – өте қызықты тұлға. Дәрігерлік жұмысынан бөлек, ол Техас штатының Хьюстон қаласындағы Fire Power Ministries шіркеуінде діни қызметкер болып істейді. Имануэль Twitter-дегі өшіріп тастаған парақшасына кезінде өзі туралы «Құдайдың жауынгерлік балтасымын» және «мен соғыс құралымын» деп жазған. Оның шіркеуде айтқан 2013 жылғы уағыздарының бірі видеоға түсіп қалған. Онда ол эндометриоз, киста, бедеулік және импотенция сияқты кейбір гинекологиялық аурулар мен қаржыға байланысты қиындықтар ұйқы кезінде жын-шайтандармен болған жыныстық қатынасқа байланысты екенін айтады. Сонымен қатар ол көптеген әйелдер сатанистер қолданатын «астралды жыныстық қатынастан» зардап шегетінін жеткізді. 2015 жылғы уағызында Имануэль медицинада ғарыш келімсектерінің ДНҚ-сы қолданылатынын айтқан. Сондай-ақ «адамдарды діннен алыстату үшін вакцина салынады» деген белгілі фейкті келтірген. Бір қызығы, осындай көптеген таңқаларлық мәлімдемелерге қарамастан, Стелла Имануэльдің Техас штатында жұмыс істеуге мүмкіндік беретін медициналық рұқсаты бар. Ол – Rehoboth клиникасының қызметкері. Оның уағыздары салынған Youtube-арнада 50 мыңнан астам жазылушы бар, ал шіркеудің Facebook-тегі парақшасына 35 мың адам жазылған.

Осы тұста айта кететін бір маңызды жайт, баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген дәрігерлердің бірде-біреуінің эпидемиологияға немесе вирусологияға қатысы жоқ. Сондай-ақ журналистер олардың сол кезде «майданның алдыңғы шебінде» жұмыс істегеніне дәлел таппаған.

Жаңа тарау: вакцинация

2020 жылғы желтоқсанның ортасында FDA жедел түрде пайдалану үшін Pfizer мен BioNTech компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын мақұлдаған болатын. Осыған байланысты Америка дәрігерлері халық алдында мәлімдеме жасау үшін CDC бас кеңсесінің алдында жиналды. Олар азаматтарды «қазіргі кезде вакцина деп те саналмайтын тәжірибелік нұсқалардан» сақтануға шақырды. Сонымен қатар ұйым жетекшісі Симона Голд Twitter-де Үкімет немесе бизнес вакцинация салдыруға мәжбүрлемеуі керек деп мәлімдеді.

Тағы да қате ақпарат. Біріншіден, вакцинаға рұқсаттың шұғыл түрде берілгені – ол дұрыс зерттелмеді деген сөз емес. Ол кезде оның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалайтын клиникалық сынақтар өтіп, үшінші кезеңнің нәтижелері ғылыми журналда жарияланып қойған. Көп адам Pfizer вакцинасының клиникалық зерттеуі 2023 жылғы мамырда аяқталатынын естіп, бұл тәжірибелік нұсқа деп ойлайды. Алайда вакцина қауіпсіздігін біраз уақыт бақылауда ұстау – стандартты жұмыс. Екіншіден, АҚШ үкіметі де, бизнес те адамдарды вакцинациялауға мәжбүрлеп жатқан жоқ.

2021 жылғы қаңтардың соңында Симона Голд The Stand іс-шарасында сөз сөйледі. Оны Revival Ministries деген діни ұйым ұйымдастырған еді. Бұл мекеменің негізін қалаушы және жетекшісі – христиан евангелисі және конспиролог Родни Говард-Браун. Оның сөзінше, «Антихрист» жүйесі өз жұмысын ДДСҰ, БҰҰ және басқа да үкіметтер арқылы жүргізіп отыр.

Голд бір сағаттай сөз сөйлеп, бірқатар жалған және күмәнді мәлімдемелер жасады. Мысалы оның сөзінше, COVID-19 вакцинасын алғандардың барлығында ПТР оң нәтиже көрсетеді (негізі олай емес). Сондай-ақ ол коронавирусқа қарсы ем ретінде гидроксихлорохинді насихаттап, ивермектин деген тағы бір дәріні атап өтті. COVID-19-ды ивермектинмен емдеу керек деген тұжырымның интернетте жүргеніне біраз болды. Ал «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» бұған белсенді түрде ықпал етіп жүр. Бұл таңқаларлық жағдай, өйткені препараттың тиімділігіне қатысты айтарлықтай дәлел бір жыл бұрын да болмаған, қазір де жоқ.

Ивермектин деген – көп нәрсеге қолдануға болатын антипаразитті дәрі. Пандемия басында ол да көптеген басқа дәрі-дәрмектер сияқты COVID-19-дан құтқаратын үміткерлердің қатарында болды. Бірақ бүгінгі күні оның тиімділігі туралы ештеңе айта алмаймыз. Біз коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектер туралы бөлек материал дайындап жатырмыз. Осы тұста FDA, ДДСҰ және EMA ивермектинді клиникалық зерттеулерден басқа еш жерде қолданбауға кеңес беретінін атап өтейік.

Қазіргі кезде «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» тиімсіз деп танылған дәрі-дәрмектерді насихаттауды қояр емес. Сонымен қатар олар вакцинаны «тәжірибелік биологиялық агент», «мәжбүрлі түрде салдырады» деп, маска тағуға, карантин шараларына, вакцина паспорттары мен балаларға екпе салуға қарсы әрекет етіп жүр. Олардың айтуынша, мысалы мамыр айында белсенділер Алабаманың Солтүстік аймағындағы АҚШ аудандық сотына 16 жасқа толмаған балалар үшін COVID-19 вакцинасын шұғыл түрде пайдалануға уақытша тыйым салу туралы өтініш берген. Олар шілдеде ұйым атынан Алабама федералды сотына шағым түсіріп, үкімет вакцинация салдарынан қайтыс болған 45 мың азамат туралы ақпаратты жасырып отыр деп мәлімдеген. Бұл мәлімдемелерге қатысты егжей-тегжейлі талдауды және барынша шынайы ақпаратты дәрігер, ғылымды насихаттаушы Дэвид Горскидің жеке блогынан оқуға болады (мақалаға сілтеме). Арыз берушілердің еш талабы орындалмайтын сияқты, себебі өтініштің өзіндегі ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бір қызығы, «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» өз мәлімдемелерін вакцинацияға қарсы позициясы ретінде қарамауға шақырады.

Ұйымның келбеті: Симона Голд туралы

Бұған дейін айтқанымыздай, ұйымның тікелей басшысы – Симона Голд. Бұл адамның қай жерде қандай қызмет атқарғанын түсіну оңай емес. Ұйымның сайты мен оның жеке блогында мынадай мәлімет тұр: Голд – медицина және заң ғылымдарының докторы, сондай-ақ Лос-Анджелесте жедел медициналық көмек көрсету бойынша сертификаты бар маман (ағылш. Board certified). Голдтың айтуынша, ол пандемияның бар-жоғына қарамастан, әрдайым алдыңғы қатарда жұмыс істейді.

Симона Голд

Голдтың біліміне қатысты ақпарат рас, бірақ сертификат пен алдыңғы қатардағы жұмысы туралы олай айта алмаймыз. Мәселен оның Беверли-Хиллзде жұмыс істеуге рұқсат беретін 1990 жылғы медициналық лицензиясы бар. Алайда біз және басқа да журналистер оның жарамды сертификаты туралы еш ақпарат таппадық. Ол өзінің LinkedIn-дегі парақшасына Америкалық жедел медициналық көмек кеңесі берген сертификатты салып қойған, бірақ ол ескірген сияқты. Сertificationmatters.org сайты арқылы дәрігердің сертификаты бар-жоғын білуге болады. Сайттан Симона Голд деп іздесеңіз ештеңе таппайсыз.

Дегенмен бар қызық алда. LinkedIn ақпаратына сәйкес, Голд 10 жылдан бері консьерж-дәрігер болып жұмыс істейді екен (бұл мамандық туралы мына сілтеме арқылы танысуға болады). Оған қоса ол халық алдына шығып сөз сөйлеген сайын үнемі «алдыңғы қатарда» жұмыс істейтінін айтады. Ол 2020 жылғы сәуірде Лос-Анджелестегі Cедарс-Синай медициналық орталығының алдында тұрып, екі қысқа видео түсірген. Голд онда төсек-орын жүктемесі төмендегенін және дәрігерлер инфекция қарқынын азайта алғанын хабарлаған еді. Бірақ бар гәп мынада – бұл видеолар түсірілгенде Голд ол жерде жұмыс істемеген, негізі оның бұл орталыққа тікелей қатысы жоқ. Сидарс-Синай орталығының баспасөз хатшысы Салли Стюарт біздің Factcheck.org  сайтындағы әріптестерімізге былай деп хабарлады: Голд орталыққа қатысы бар жедел жәрдем клиникаларының бірінде үш апта жұмыс істеді, бірақ бұл 2015 жылы болған еді.

Жоғарғы сот алдындағы алғашқы баспасөз мәслихатынан кейін аталмыш топ жалған ақпарат таратты деп айыпталды. Сол кезде Голд БАҚ-қа сұхбат беріп, оны жұмыс істейтін ауруханасынан шығарып жібергенін айтты. Оның Провиденс Сент-Джозеф медициналық орталығында тіркелгені туралы хабарланды. Алайда бұл жері де үйлеспейді. Себебі біраздан кейін медициналық орталық «Голд аурухананың медициналық қызметкері болып шамамен 10 жыл бұрын істеген» деп мәлімдеме жасады.

Сөйтіп олар оның мәлімдемелерінен өздерін алшақ ұстағысы келетін сияқты. Голд бұрын қайда жұмыс істесе де, нақты біз айтып отырған баспасөз мәслихаты кезінде ол еш жерде дәрігер болмағаны белгілі. Ол бұл туралы 2021 жылғы қаңтарда The Washington Post тілшілеріне өзі айтты. Соған қарамастан, Голд өзін әрдайым «алдыңғы қатардағы дәрігермін» деп атайды.

Осындай көптеген қарама-қайшы мәлімдемелар «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлеріне» және Симона Голдтың танымал болып кетуіне еш кедергі болмады. Дональд Трамп пен оның ұлы жасаған видеоның ретвиті, вице-президент Майк Пенспен кездесу, Лаура Инграммен Fox News-тегі сұхбат – осының бәрі ұйымға қажетті серпін беріп, халық алдында беделін арттырып жіберді. Голд командасы бір жыл ішінде өзіне үлкен аудитория тарта алды.

Қазіргі кезде Америка дәрігерлерінің Facebook-тегі ресми парақшасында 100 мың, Telegram-да 140 мыңға жуық, BitChute платформасында 1400 жазылушысы бар. Симона Голдтың Twitter-де 300 мыңнан астам, Facebook-те 11 мың, Youtube-те 14,5 мың, Rumble-де 23 мың жазылушысы бар. Бұл осы материал жазылып жатқан кездегі сандар.

Соңғы кезде Голд өзін «күшін жою мәдениетінің» медицинадағы құрбаны ретінде көрсете бастады, тіпті бұл туралы кітап жазып та үлгерді. Өзіне көбірек назар аударту үшін дәрігер кез-келген шақыруды қабыл алып, басқа танымал дезинформаторлармен кездесуге асық. Голд танымал конспирологтармен және әртүрлі күмәнді тұлғалармен тез тіл табысады. Олар «біз цензураға ұшырап жатырмыз» деген идеясын алға тартады.

Мысалы 2020 жылғы қарашада Голдты «Патриот» радиосының жүргізушісі Мэтью Ши сұхбатқа шақырады. Мэтью – заңгер, саясаткер, пастор және оңшыл ұлтшыл. Сондай-ақ Голд бірнеше рет «Цензурасыз COVID-19» арнайы сегментінде жұмыс істейін христиандық Daystar телеарнасында қонақ болды. Бұл арнаның негізін қалаушылар – телевангелисттер Маркус және Джони Лам. Пандемия кезінде Голдтан бөлек бұл бағдарламаға кіші Роберт Кеннеди, Майкл Йидон, Долорес Кэхилл, Кэрри Мадей сияқты басқа да танымал дезинформаторлар қатысты.

Осыған қоса Симона Голд саясатқа да араласа бастады. Ол Трамп пен басқа да консервативті саяси ұйымдарды белсенді қолдайды, себебі олар оған сөз сөйлеуге түрлі алаңдар ұсынып отырды. Мұның бәрі қараша айындағы президент сайлауына қарсы болғандардың наразылығына, кейін 2021 жылғы қаңтар басындағы Капитолийге жасалған шабуылға ұласты. Голд елдің бас ғимаратындағы наразылардың арасында болды.

Симона Голд. Қолында дыбыс ұлғайтқышы бар, Капитолийге шабуыл кезінде (Фото: Saul Loeb/AFP/Getty Images)

Капитолий шабуылының видеосы әлеуметтік желіге тарала бастап, ФБР Голдтың суретін жариялап ізеду салған кезде, ол The Washington Post тілшілеріне түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол шабуылға қатысқанына өкінеді, себебі «бұл адамдардың назарын адам құқықтарын қорғап жүрген Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлерінің жұмысынан бұрып жіберуі мүмкін». Голдтың айтуы бойынша, ол ешқандай бұзақылық көрмеді және Капитолийге кіруге рұқсат бар деп ойлады. Алайда оқиға орнында түсірілген фото-видеолардан басқаны көруге болады. Ол кезде наразы топ ғимаратқа баса көктеп кіріп, бәрін қиратып, полициямен төбелесе бастады. Оқиғаның дәл ортасында жүрген Голд мұны көрмей қалуы мүмкін емес.

Twitter-дегі ФБР-дің фотодағы адамдарға іздеу салған хабарламасы (алтыншы фотода Голд тұр)

18 қаңтарда Симона Голдты ФБР қамауға алады. Оған шектеуі бар ғимаратқа кіру, баса көктеп кіру және бұзақылық бойынша айып тағылды, бірақ дәрігер кінәсін мойындамады. Кейін ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Голд ісі бойынша соттың алғашқы отырысы 2021 жылғы қыркүйектің соңына жоспарланған.

Әрине мұнымен оның белсенділігі тоқтаған жоқ. Ол коронавирус вакцинасының, маскалардың және карантин шараларының зияны туралы айтып, түрлі күмәнді шараларға қатысуды жалғастырды.

Стратегия: консервативті қозғалыстармен байланыс

Голд ұйымның келбеті болғанымен, «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлерін» құру идеясы тек оныкі емес. Пандемия басталғанда карантин шектеулеріне наразылар мен елді «жаппауға» насихаттаған консервативті белсенділер губернаторлар мен заң шығарушыларға қысым жасай бастады. Бұл іске олар сондай көзқарастағы дәрігерлерді де тартты. «Шай ішу қозғалысының патриоттары» оңшыл саяси ұйымының жетекшісі Дженни Бет Мартин Симона Голдты осылай тапты. Голд сол кезде Сидарс-Синай медициналық орталығының алдындағы видеосымен ғана танымал еді.

2020 жылғы мамырда Мартин Голдқа Дональд Трамптың атына хат жазуға көмектеседі. Онда дәрігер карантин шектеулері бәріне зиян келтіріп жатқанын жазады. Билікті локдаунды тез арада алып тастауға шақырған хатқа 600-ден астам медицина қызметкері қол қойған. Шілде айының соңында Мартин мен Голд «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлерінің» саммитін өткізуге келіседі. Оны «Шай ішу қозғалысының патриоттары» қаржыландырады. Кейін бұл жиналыс сенсациялық баспасөз конференциясымен аяқталады. Дженни Бет Мартиннің қамқорлығы кейін Симон Голдқа Республикалық партияның саясаткерлерімен байланыс орнатуға көмектесті.

«Шай ішу қозғалысының патриоттары» ұйымы 2009 жылы президент Барак Обаманың экономика және денсаулық сақтау саясатына қарсы бірқатар наразылықтар тудырған «Шай ішу қозғалысының» нәтижесінде пайда болды. Қазіргі кезде ұйымға төрт коммерциялық емес ұйым кіреді. Олардың бірі – Tea Party Patriots Citizens Fund. Бұл қор – ұйымның саяси іс-қимыл комитеті (олардың жұмысы туралы мына сілтемеде). «Шай ішу қозғалысының патриоттары» деген – «Американы құтқару шеруіне» қатысқан 11 ұйымның бірі. Олар Капитолийге шабуыл жасаушылардың қатарында болған.

Ұйым өз миссиясы туралы былай дейді: «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» сапалы медициналық көмек іздейтін АҚШ азаматтарын қорғайды және COVID-19 туралы ғылыми негізделген ақпарат ұсынады. Саяси және экономикалық мүдделер медициналық практиканы бұзып, «саясиланған ғылымды» алға тартады. Ұйымның мәлімдемесі бойынша, олар ешқандай партияға жақтасып, ешкімді қолдамайды, алайда біз талдап отырған фактілер басқаны көрсетті.

Ұйым өз жақтастарымен жұмыс істеуге тырысады, тіпті азаматтық корпус деп аталатын ұйым ашып алған. Сайтағы мәліметке сай, олардың мақсаты – «отандастарды бостандыққа төніп тұрған қауіп-қатерлерді талқылауға тарту», «халықты жергілікті, мемлекеттік және ұлттық деңгейдегі өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті құралдармен қамтамасыз ету», сондай-ақ «азаматтарды Конституциямен берілген бостандығын қорғау үшін маңызды мәселелер бойынша іс-қимыл жасауға жұмылдыру».

«Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» өздерін беделді медициналық ұйым ретінде көрсету үшін барын салып жатқанын байқауға болады. Мысалы баспасөз мәслихаттарында ұйым мүшелері арнайы белгісі бар ақ халат киеді; өздерінің маңызды мәлімдемелерін оларға қатысы жоқ мемлекеттік органдардың алдында жасауға тырысады; ұйымның сайты жақсы жасалған. Тіпті America’s Frontline Doctors атауы America’s Frontline Physicians деген басқа медициналық ұйымнан толығымен көшірілген. Мұның бәрі интернет қолданушыларын, әсіресе АҚШ-тан тыс жерде тұратындарды шатастырады. Бұған айқын мысал – америкалық отбасы дәрігерлері академиясының сайтындағы мақала. Онда академия өкілдері America’s Frontline Doctors ұйымына қатысы жоқ екенін, олар America’s Frontline Physicians деген бірлестікке кіретінін түсіндіруге тура келген.

Қаржыландыру

«Шай ішу қозғалысының патриоттары» тарапынан берілетін қаржыдан басқа, «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлерінің» басқа да табыс көздері бар.

Оның бірінші көзі – медициналық телеконсультация. Кеңес алу үшін сайтта тіркеліп, төлем жасау қажет. Бағасы – 90 АҚШ доллары. Клиенттер гидроксихлорохин мен ивермектин ала алады. Рецепт алу үшін сол баяғы кеңеске жазылу қажет. Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, ұйым Ravkoo цифрлық дәріханасымен жұмыс істейді. Олар өз клиенттерін көбіне сол жаққа жібереді.

Жалған ақпарат тарату мәселесіне қайта оралсақ, ұйымның сайтындағы «жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде адамдарға гидроксихлорохин немесе ивермектин алу үшін «ауру белгілерін күтпей-ақ қойыңыздар» деп жазылған. Себебі ғылыми әдебиет бойынша бұл препараттармен ерте және профилактикалық емдеуді жүргізуге болады-мыс.

Скриншот AFLDS

Негізі олай емес. Жоғарыда айтылғандай, бұл дәрі-дәрмектердің коронавирусты емдеудегі пайдасы әлі дәлелденген жоқ. Сондықтан оларды қабылдау – тиімсіз, бірақ одан бұрын оны пайдалану, әсіресе, алдын-алу шарасы үшін қауіпті болуы мүмкін.

«Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» күмәнді медициналық көмек көрсетіп, жалған ақпарат таратып қана қоймай, өтірік құқық қорғаумен айналысады. Әрине осындайда Голдтың «Legal Eagle Dream Team» деп аталатын заңгерлер тобын атап кетпеске болмас. Олар вакцинацияға қарсы, маска тақпай, ПТР тапсырғысы келмейтін адамдарға құқықтық кеңес беріп, мүдделерін қорғайды. Сонымен қатар вакцинацияға қатысты соттасып жүреді. Сондай сот ісінің екеуіне жоғарыда тоқталдық.

Заңгерлік кеңес пен көмек алу үшін сайтта арнайы форма толтыру қажет. Онда адам өз өтінішінің себебі мен байланыс деректерін көрсетеді. Сайтта қызметтердің баға тізімі жоқ. Шамасы, мәселенің қаржылық жағы клиенттермен жеке талқыланады.

Айтпақшы, «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» сайтында жарияланған «мәжбүрлі вакцинациядан» қорғанудың әртүрлі жолдары орыс тілді интернет қауымға да жетті (мысал мына жерде).

«Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» сайтында ұйымға қаражат беру мүмкіндігі де бар. Ақшаны бір рет беруге немесе тұрақты түрде жіберіп тұруға болады (мысалы аптасына, айына, тоқсанына бір рет деген сияқты). Бір қызығы, тұрақты қайырымдылықтан бас тарту оңай емес. Ол үшін поштаға электрондық хат жіберіп, не үшін бас тартып жатқаныңызды жазуыңыз керек.

Сонымен қатар ұйым қаражат жинау үшін арнайы науқандар өткізіп тұрады. Мәселен ФБР Симона Голдты қамауға алғаннан кейін бір апта өткен соң, сайтта қайырымдылық парақшасы пайда болды. Ондағы мәлімдеме бойынша, «дәрігер жазықсыз адамдардың өмірін сақтап қалуы және жаппай жалған ақпаратқа қарсы жүргізген жұмысы үшін шабуылға ұшырады». Ұйым мұны «заңға бағынатын дәрігерді саяси қудалап жатыр» деп, «сөз бостандығының қатыгез жауларының агрессивті шабуылдарына қарсы тұру үшін шұғыл және жомарт қайырымдылыққа қатысуды» сұрайды. Алты ай ішінде Голд командасы осы арқылы 407 мың доллар жинаған. Қорытынды мақсат – 500 мың АҚШ доллары.

Ұйымның тағы бір табыс көзі – жеке дүкен. Онда футболкалар, әртүрлі жапсырмалар, Симона Голдтың кітабы, бет маскалары туралы кітап, сондай-ақ «пандемия кезіндегі ғылымдағы цензураны» көрсететін «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» туралы деректі фильм сатылады.

Скриншот с сайта AFLDS

Сайттағы ақпаратқа сәйкес, жоба Free Speech Foundation атты коммерциялық емес қайырымдылық ұйымына тиесілі. Қор бойынша АҚШ салық басқармасының сайтында ұйымның федералды табыс салығынан босатылғаны туралы құжаттан басқа ешқандай ақпарат жоқ. Ұйымның табысы мен шығындары туралы көбірек білу үшін 990 формадағы құжаттың толтыруын күту қажет.

Қорытынды

  • Дағдарыс кезінде неше түрлі күмәнді топтар пайда болады. Құрылғанына бір жыл болса да, «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» ұйымының ықпалы ауқымды. Олар жалған ақпарат таратып қана қоймай, медициналық кеңес беріп, құқық қорғау қызметімен де айналысады. Сондай-ақ тиімділігі дәлелденбеген дәрі-дәрмектерді белсенді түрде насихаттап, халықты вакцинациядан бас тартуға үндейді.
  • Біз бұл мақаламызда ең маңызды ақпаратты ұсынып, ең танымал мәлімдемелерді тексердік.
  • «Американың алдыңғы қатардағы дәрігерлері» өздерін ғылымға сүйеніп, жалған ақпаратпен күресетін адал мамандармыз деп атайды. Шын мәнінде, Симона Голд пен оның командасы коронавирусты емдеу мен вакцинацияға қатысты қауіпті әрі жалған ақпаратты жүйелі түрде таратып келеді.
  • Өкінішке қарай, бұлар осындай жалған ақпарат тарататын дәрігерлердің алғашқы тобы емес (біздің ойымызша, соңғысы да емес). Мұндай топтар мен тұлғалардың ең қауіпті тұсы – адамдар оларға дәрігер деп қатты сенеді. Сонымен қатар олар медициналық қоғамдастық арасына іріткі салып, адамдарды ғылым мен дәлелді медицинаға сенбеуге итермелейді.
  • Сайттағы ақпаратқа сәйкес, жоба Free Speech Foundation коммерциялық емес қайырымдылық ұйымына тиесілі. Аталмыш қордың қаржысына қатысты АҚШ салық басқармасының сайтында еш ақпарат жоқ. Ол жерде тек ұйымның федералды табыс салығынан босатылғаны туралы құжаттар тұр. Ұйым 990-формадағы құжат толтыруы керек, сол кезде олардың табысы мен шығындары туралы толығырақ біле аламыз.
Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.