АҚШ вице-президенті әйелдердің күнде жүкті болуын күрделі мәселе деді ме?

24 шілдеде өзін консерватив ақпарат құралы ретінде көрсететін GOP War Room деген Youtube каналы АҚШ вице-президенті Камала Харристің сөйлеген сөзінен 34 секундтық видеоүзінді жариялады. Видеода ол: «Америкадағы әйелдер күн сайын жүкті болып жатыр, бұл – күрделі мәселе»,-дейді. Бұл сөздер Брайан Тайлер Коэннің «No Lie» подкастының эпизодында айтылған.

Видеодағы цитата америкалық консерватив ресурстарда (мысалдар: 1, 2, 3), кейін ресейлік медиада (1, 2, 3, 4) «АҚШ вице-президенті Харрис әйелдердің күнделікті жүктілігін күрделі проблема деді» деген тақырыппен тарады.

Factcheck.kz редакциясы Камала Харристің шын мәнінде не дегенін анықтауды жөн көрді.

Мәлімдеме: АҚШ вице-президенті Харрис әйелдердің күнделікті жүктілігін күрделі проблема деді

Медиа

Үкім: Манипуляция

Харристің сөзі контекстен алынып, жалпы хабар бұрмаланған. Мұны түсіну үшін вице-президент пен Коэн подкастының толық эпизодын көріп шығу жеткілікті. Подкастта АҚШ Жоғарғы сотының түсік жасатуға конституциялық құқықты жою мәселесі талқыланған. Шамамен 18 минуттық эпизодтан «Америкадағы әйелдер күн сайын жүкті болады, бұл — күрделі мәселе» деген сөйлем аборт жасау құқығын қорғау үшін асығыс әрекет етудің маңызы мен қажет екенін атап өту үшін айтылған (себебі қаламайтын жүктілік жағдайлары да бар). Вице-президент жүктіліктің өзі проблема екенін айтқан жоқ.

«No Lie» эпизодының Камала Харриспен сұқбаттасқан толық шығарылымы

Жасанды аборт жасатуға конституциялық құқықты жою туралы айта отырып, Харрис бірінші кезекте өзінің прокурор ретіндегі тәжірибесін атап өтеді. Бұл оған түсік жасау кейде қажет шара болатынын және оған тыйым салу іс жүзінде қылмыс болып шығатын жағдайлардың бар екенін сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, вице-президент инцеспен немесе басқа да қылмыстық әрекеттермен байланысты жыныстық зорлық нәтижесінде болуы мүмкін жүктілік туралы айтқан. Сонымен қатар, Харрис адамның өз денесі мен өмірін басқара алмауы дискриминация екеніне сенімді. Оның бұл пікірін Конгрестегі 157 адам қолдайды. Харристің айтуынша, бұл жағдай өте қауіпті.

Эксперттер мен ғалымдар Жоғарғы соттың шешімі жасырын түсік жасату, «аборт туризмі» санының артуына әкеліп соқтырады, сонымен қатар көптеген әйелдің денсаулығына қауіп төндіреді деп есептейді. Бұл туралы толығырақ контексте.

Контекст: Аборт жасау құқығы қалай қабылданды және жойылды? Бұдан кейін не болуы мүмкін?

Америкалық әйелдерге 1973 жылы аборт жасауға кепілдік болатын құқық берілді. Ол кезде АҚШ Жоғарғы соты Джейн Роу деген бүркеншік атпен әрекет еткен Техас штатынан келген пациент Норма Маккорвидің шағымы бойынша шешім шығарды. Жүктілік кезінде оның екі баласы болған, ал Маккорви үшінші баланы дүниеге әкелмеуге шешім қабылдайды. Алайда Техас заңы бойынша түсік жасатуға ананың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда ғана рұқсат етілетін. Роу (Маккорви) адвокаттарымен бірге АҚШ-тың кез келген штатында бірінші триместрде әйелдерге шешімнің себептеріне қарамастан түсік жасатуға болатыны туралы сот шешіміне қол жеткізді. Бұл іс тарихқа «Роу Уэйдке қарсы» деген атпен енді. Сонымен қатар, «Planned Parenthood Кейсиге қарсы» таңдау еркіндігінде маңызды рөл атқарды. Мұнда басқа нәрселермен қатар түсік жасатуға қатысты кез келген үкіметтік ереже іштегі нәресте өмір сүруге қабілетті болатын сәтіне дейін әйелдің таңдау құқығына «негізсіз ауыртпалық» түсіре алмайды деп шешілді (яғни ешбір заң жүкті әйелдерді таңдау құқығынан айыруы мүмкін емес).

2022 жылғы 24 маусымда АҚШ Жоғарғы Сотының судьясы Сэмюэл Алито Джексон әйелдер Денсаулық сақтау ұйымына қарсы Доббс ісі аясында екі шешімнің де күшін жойды. Оның өзі былай деді: «Аборт – терең моральдық мәселе. Конституция әр штаттың азаматтарына түсік жасатуды реттеуге немесе оған рұқсат бермеуге тыйым салмайды. Роу мен Кейси бұл билікті алып алды. Енді біз бұл шешімдерді кері қайтарып, бұл билікті халыққа және олардың сайлаған өкілдеріне қайтарып жатырмыз». Осылайша, әр штатқа әйелдерге өз аумағында жүктіліктен бас тарта алатынын анықтау құқығы берілді. Жоғарғы Соттың үкімі шыққаннан бірнеше минут өте сала Миссуридің бас прокуроры түсік жасатуға қарсы заңға қол қойды. Сол күні Оңтүстік Дакотада да осындай шешім қабылданды. Guttmacher институтының мәліметіне сай, кем дегенде 26 консерватив штат түсік жасатуға толық не ішінара тыйым сала алады. Қазірдің өзінде дәрігерлер мен ғалымдар заңсыз операция салдарынан әйелдер арасындағы өлім-жітім өседі және денсаулығына орны толмас зиян келетіндер саны артады деп болжап отыр.

Жоғарғы соттың шешімі жарияланғаннан кейін 2 ай өткен соң АҚШ-та аборт жасатуға қатысты жағдай мынадай: 11 штатта түсік жасауға толық тыйым салынған, эксперттердің болжауынша, жақын арада мұндай штаттар саны артуы мүмкін; тағы үш штатта жүктіліктің алғашқы алты аптасында ғана аборт жасатуға болады (яғни көптеген әйел өзінің жүкті екенін әлі білмейтін кезде); бір штатта 15 аптадан 18 аптаға дейінгі мерзім беріледі; 9 штатта 20 аптадан 22 аптаға дейін уақыт беріледі. Қазірдің өзінде америкалық әйелдер заңды айналып өтуге тырысып жатқаны туралы оқиғалар тіркелген. Әзірше олар басқа штаттарға баруды не өздігінен аборт жасату үшін дәрі-дәрмек жеткізуге тапсырыс беруді жөн көріп отыр.

Бүгінгі күні бұл процедураны салыстырмалы түрде қауіпсіз орындауға болады. Дегенмен, мысалы, заңы ең қатал Техас штатындағы жүкті әйелді басқа штатта аборт жасатуға алып барған адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал жұмыс беруші сол әйелдің шығынын өтейтін болса, ол да заң алдында жауап береді. Шектеу шаралары бала тууды жоспарламайтындарға ғана емес, бала көтеріп жүргенде медициналық асқынуларға тап болатындарға да қауіп төндіреді. Мысалы, айтарлықтай қатаң шектеулері бар Польшада дәрігерлердің салғырттығы (аборт жасатуға ресми түрде салынған тыйыммен қатар) әйелдердің өліміне әкелетін жағдайлар бар. Мұндай оқиғалар туралы мына жерден және мына жерден оқуға болады.

Журналист, сценарист. Изучала политическую журналистику.

Factcheck.kz