АҚШ-тың бірнеше қаласы полицейлерді таратуды жоспарлағаны рас па?

Желіде АҚШ-тағы жаппай қарсылық шаралары салдарынан бірнеше қалада полицияны таратып, оны «қоғамдық әрекет ету топтарымен алмастыру» жоспарланғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Осы жаңалықпен қатар Атланта полициясының шефі Эрика Шилдс ақ нәсілді адамдарға қаруланып, қаладан кету үшін 30 күн уақыт берілетінін, себебі қара нәсілділерді енді қамауға алмайтынын айтыпты-мыс.

Жаңалық, әсіресе Эрика Шилдстің сөзі Livejournal, Twitter секілді платформаларда және бірқатар БАҚ-та жарияланды. Қазақстандық желі қолданушылары бұл контентті Facebook-те бөлісіп жатыр.

Үкім: Жалған (көп бөлігі) және манипуляция

Жоғарыда аты аталған қала мэрлері полицияны «қоғамдық әрекет ету топтарымен» алмастыруды жоспарлап жатқан жоқ.

Тәртіпті сақтау үшін әрекет ету тобын жұмысқа тарту жоспарланған. Бірақ полицияны таратып жіберу туралы әңгіменің Миннеаполистен басқасына қатысы жоқ. Ал реформаға қатысты ұсыныстар күш көрсетілмей жасалған қылмыстарға ғана қатысты.

Толығырақ…

Джордж Флойдты өлтірген және содан кейін қарсылық шаралары басталған Миннеаполис қаласында полициядан бас тарту туралы ұсыныс шынында айтылып жатыр. Бірақ мұның өзі кешенді сұрақ, қаланың жаңа құқық қорғау жүйесі қандай болатыны әзірге белгісіз.

Мәселен, Жан Гаскин есімді желі қолданушысы сілтеме берген Fox News репортажында Лос-Анджелес қалалық кеңесі азаматтардың есірткі немесе психикамен байланысты, яғни ешқандай күш көрсетілмеген қылмысқа қатысты арыздарын полицияның орнына әрекет ету тобына жібереді делінген. CBS Los Angeles мақаласында айтылғандай, әңгіме күш көрсетілмеген оқиғалармен жұмыс істеуге көмектесетін Психикалық денсаулық департаменті, Үйсіз адамдардың ісі бойынша басқарма мен басқа да мемлекеттік агенттіктерімен полиция басқармасының бірлесіп жұмыс істеуі туралы болып отыр.

Сан-Францискоға келер болсақ, қала мэрі құқық қорғау жүйесі реформасы аясында қылмысқа қатысы жоқ оқиғаларды, мәселен психикалық денсаулық, үйсіздер, мектептегі тәртіп пен көршілер арасындағы дау-дамайға қатысты сұрақтарға оқыған, қарусыз мамандарды тартуды жоспарлап отыр. Осы секілді әлеуметтік мамандарды жұмысқа тарту мәселесі Нью-Мексико штаты, Альбукергте де айтылып жүр.

Миннеаполистегі жағдай басқа қалалардағыдан ерекше. The Guardian хабарлауынша, ол жақта қалалық кеңестің 9 мүшесі полиция басқармасынан бас тартып, оны жаңа қоғамдық қауіпсіздік жүйесімен ауыстыру керек деп дауыс берген. Осындай мәлімдеме жасалғанына қарамастан, әңгіме полицияны мүлдем таратып жіберу туралы болған жоқ. Миннеаполис қалалық кеңесінің президенті Лиза Бендердің айтуынша, алдағы уақытта полиция бөлімшесі біраз уақытқа дейін жұмыс істейді. Дегенмен, 911 қоңырауларының көпшілігі медициналық сипаттағы және психикалық денсаулық мәселелері сынды төтенше жағдайлармен байланысты. Қаржыландыру кезінде осы бөліктерге басымдық беріледі. Соған қарамастан, шағын полиция күші қала алады, олар дағдарыс кезінде қоғаммен бірге әрекет ететін әдеттегі орган болмайды.

Эрика Шилдстің «айтқаны»

Үкім: Фейк

Шилдс мұндай сөздерді айтқан жоқ. Оған қоса, ол полицейлер Рейшард Бруксты өлтіргеннен кейін келесі күні қызметінен кетті. Яғни 13 маусымнан бастап ол Атланта полициясының шефі емес.

13 маусымда Атланта полиция басқармасының сайтында жарияланған Эрика Шилдстің мәлімдемесі мынадай:

Мен 20 жылдан астам уақыт Атланта полиция басқармасындағы ең мықты еркек пен әйелдермен бірге қызмет еттім. Осы қалаға және осы басқармаға деген махаббатым ерекше болғандықтан қызметімнен кету туралы шешім қабылдадым. Атланта полиция басқармасын толықтай қолдап отырамын және басқарма үшін қандай бағытты таңдаса да мэр Боттомды да қолдаймын. Мен мэрге сенемін және қаланың ілгері жылжып, құқық қорғау органдары мен олар қызмет етіп отырған қоғам арасындағы сенімді нығайтатын кез келді деп ойлаймын.

Контекст:

  • Мамырдың соңында АҚШ-та ақ нәсілді полицей афроамерикалық Джордж Флойдты ұстау кезінде өлтіріп, кейін жаппай қарсылық шаралары басталды.
  • New York Times журналистері Джордж Флойдтың қолға түсуінің қайғылы хронологиясын қайта жасады.
  • Оған қоса, желіде Джордж Флойд хикаясына және қарсылық шараларына қатысты көптеген фейк тарай бастады. Мәселен, Флойд шын мәнінде тірі деген ақпарат кең тарап жатыр.
  • 12 маусымда Атлантада тағы бір қара нәсілді азамат Рейшард Бруксты полицейлер өлтіргеннен кейін жаңа наразылық шаралары басталды.
Медет Есимханов
Фактчекер, выпускник Онлайн-Академии фактчека (2020). Изучал международные отношения и государственную политику.