АҚШ пен Еуроодақ Ресейге ескерту жасады

Еуроодақ елдерінің басшылары және АҚШ үкіметі Ресейді Украинаға қатысты жанжалды шешу үшін нақты қадамдар жасауға шақырды. 24 қаңтарда өткен видеоконференцияда Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Хебештрайт “Ресейдің Украинаға агрессиясы жалғаса берсе, салдары өте ауыр болатынын” айтты. Бұл туралы Deutsche Welle cайты хабарлады.

Сонымен қатар, конференция қатысушылары “Украинаның сувернитеті мен территориясы толық қорғалатынын” айтты.

Кездесуге АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольцтан бөлек, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Италия премьер-министрі Марио Драги, Польша президенті Анджей Дуда, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен және Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель қатысты.

Барлық қатысушылар Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын келіссөздер арқылы шешкен жөн екенін атап өтті.

Хебештрайттың айтуынша, аталған елдер Ресей мен Украина келіссөз жүргізу үшін дипломатиялық тұрғыда қолдауға дайын. Сонымен бірге, “Норманд форматы” бойынша Германия мен Францияның қатысуымен Ресей мен Украинаға келіссөз жүргізуді ұсынды.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға әскер кіргізбеу туралы ескерту жасады.

“Ресейге бұл қадам қауіпті екенін нақты айтуымыз керек”, – деді ол. Оның айтуынша, Ресей тұрғысынан да, “ауыр, қатыгез және қанды іс” болмақ. 

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz