АҚДМ кибербуллиңді анықтайтын арнайы сарапшылардың жұмысын түсіндірді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі балаларға қатысты кибербуллиңді анықтайтын арнайы сарапшылар тобының негізгі міндеттеріне не кіретіні туралы MediaNet халықаралық журналистика орталығының сауалына жауап берді.

Шілдеде Қазақстан үкіметі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне (АҚДМ) әлеуметтік желіні шектеу құқығын берді. Бұған белсенділер мен сарапшылар жиі сынаған “Сарым-Закиева” деп танылған түзетулер түрткі болды. Түзетуге сәйкес, желіде немесе мессенджерде балаға қатысты кибербуллиңнің бар жоғын “арнайы сарапшылар тобы” анықтайды.

Министрлік арнайы сарапшылар тобының негізгі міндетін былай түсіндірді.

  1. Балаға қатысты кибербуллиң туралы өтініштерді қарау. Кибербуллиң фактісін бағалау.
  2. Кибербуллиң фактілерінің болуы не болмауы туралы шешім шығару.

Cонымен қатар, балаға қатысты кибербуллиң фактісі бойынша өтінішке уәкілетті орган үш жұмыс күнінен кешіктірмей қазақша немесе өтініш берілген тілде жауап береді.

Бұған қоса балаға қатысты кибербуллиң фактісі анықталған кезде азамат не баланың заңды өкілі балаға қатысты кибербуллиң фактісі бар интернет ресурстың атауын көрсетіп, балаға қатысты жасалған кибербуллиң фактісі туралы жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы уәкілетті органға өтініш береді.

Контекст

  • Бұған дейін де белсенділер мен құқық қорғаушылар заң жобасында әлеуметтік желідегі ой еркіндігіне қауіп төндіретін және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тым кең өкілет беретін түзетулер бар екенін ескерткен. Сенаторлар енгізген түзетуге сай, кибербуллиңге қатысты шағымдарды «арнайы сарапшылар тобы» қарастырады. Бұған дейін ұсынылған заң жобасында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселені тек өзі ғана қарауы керек болған.
  • Министрлік, сонымен бірге, үкіметтік емес ұйымдардың терроризмді қаржыландыру ықтималдылығын тексеру үшін олардың жұмысын бақылау құзыретіне ие болды. Сарапшылар тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдардың болашағына қауіп төніп тұрғанын айтады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz