Фактчек | Путин: Ресей 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі экономикалардың бестігіне енді

22 тамызда Ресей диктаторы Владимир Путин Ресейдің экономикасына қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Ресей 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі экономикалардың бестігіне енген. Factcheck.kz Ресей диктаторы қаншалықты рас сөйлегенін тексеріп көрді.

Ресей 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі экономикалардың бестігіне кірді. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Ресей Федерациясы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша, экономика көлемі бойынша ГФР-ды басып озды. Бұл маңызды көрсеткіштердің бірі.

Владимир Путин

Үкім: Шындық және манипуляция

Неге шындық: Расымен, Дүниежүзілік банктің сайтында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) бойынша 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, алғашқы бестікте Қытай, АҚШ, Үндістан, Жапония және Ресей орналасқан. Ал алтыншы орында Германия, Путин айтқандай, Ресейден төмен тұр.

Неге манипуляция: Алайда World Economics зерттеуінде (экономикалық рейтиңді жеңіл түсіндіруге көмектеседі. Бас штабы Лондонда орналасқан) Дүниежүзілік банк жариялаған рейтиңді басқалай түсіндіреді. Олар рейтиңде орналасқан әр елді ЖІӨ дерегінің сапасына қарай А (өте жақсы), B (жақсы), С (деректі абайлап қолдану), D (нашар), E (өте нашар) деп жеке қарастырған. Ресейдің дерегі С санатында орналасқан. Егер деректердің сапасына қарай бөлек есептесек, бұл елдің позициясы төмен қарай жылжиды. Толығырақ төменде.

Дүниежүзілік банк қандай рейтиң жариялады және World Economics зерттеуінде не айтылған?

Дүниежүзілік банк тамызда (жылына бір рет жарияланады) әлем елдерінің сатып алу қабілетінің паритеті (Ред.-сатып алу қабілетінің паритеті әртүрлі ел арасындағы тауарлар мен қызметтердің құнын салыстыруға мүмкіндік беретін тұжырымдама. Сонымен қатар, тек валюта бағамын емес, әр елдегі тауар мен қызмет бағасының деңгейі ескеріледі) бойынша ЖІӨ дерегін жариялады. Алғашқы төрттікте Қытай, АҚШ, Үндістан және Жапония . Ал Ресей бесінші орынды иеленді.

Алайда World Economics Дүниежүзілік банк жариялаған экономикалық көрсеткіш рейтиңіне басқа көзқараспен қарауға шақырады. Мәселен Путин “Германиядан оздық” деп мақтанып айтқан рейтиң бойынша есептесек, тіпті Қазақстанның (37-орын) өзі Норвегия (51-орын), Эстония(115) секілді елдерден озған секілді көзқарас туындауы мүмкін. Алайда, World Economics әр ел ұсынған ресми деректерді сапасына қарай бөлек есептеп, рейтиң құрастырған. Мысалы деректердің сапасына қарай бұл рейтиңнің алғашқы бестігінде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, ал Ресей күрт төмендеп 63-орында жайғасқан. Ал Қазақстан 99-орында тұр.

Бұдан бөлек, World Economics ЖІӨ арқылы елдің экономикалық жағдайына баға беруге асықпауға шақырады. Мәселен, белгілі бір елге инвестиция құйғыңыз келсе ЖІӨ статистикасы 80% жағдайда сіз үшін жарамсыз болуы мүмкін.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz