30.12 | ДДСҰ ескертуі, белсенді С.Сыздықбектің үстінен іс қозғалды, Instagram’дағы ең танымал пост

ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус 2021 жылы әлем қауымдастығын COVID-19-дың түрленуінің салдарынан “жаңа сынақ” күтіп тұрғанын айтты. Бұл туралы ТАСС сайты хабарлады.

“Біз қазіргі уақытта вирустың кез-келген өзгерісі және оның таралуы адамдарға ауру туғызу қабілетіне қалай әсер ететінін жақсы түсіну үшін бүкіл әлемдегі ғалымдармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз”, – деді Гебрейесус.

Ол Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка елдеріне “жаңа түрлерді анықтап, сынақтар жүргізгені үшін” алғысын айтты.

Ұлыбритания билігі желтоқсан айының ортасында SARS-CoV-2-нің мутацияланған N501Y екі жаңа штаммының анықталғанын хабарлады.

Биыл инстаграмда қандай пост ең көп лайк жинады?

Инстаграмда 2020 жылы ең көп лайк жинаған пост анықталды. Бұл туралы Daily Mail сайты хабарлады.

Әйгілі футболшы Криштиану Роналдудың инстаграм парақшасындағы пост ең танымал деп танылды. Бұған дейін “Ювентус” шабуылшысы платформаның тарихында 200 миллион оқырман жинаған алғашқы адам болған. Қазіргі уақытта футболшының 249 млн оқырманы бар.

30.12 | ДДСҰ ескертуі, белсенді С.Сыздықбектің үстінен іс қозғалды, Instagram’дағы ең танымал пост
Роналду сол жақта Марадона оң жақта.

Роналду 25 қарашада аргентиналық футболшы Диего Марадона қайтыс болғаннан кейін пост жариялап, ал жазбасы 19,6 миллион лайк жинаған еді.

Түркістан облысында белсенді Сәбит Сыздықбек “тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты” деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Отырар ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғыны, азаматтық белсенді Сәбит Сыздықбек Қылмыстық кодекстің “тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу” бабы (405-бап) бойынша күдікке ілінді. Белсендінің үстінен іс қозғалып, үйін тінту туралы қаулы шыққан. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

30.12 | ДДСҰ ескертуі, белсенді С.Сыздықбектің үстінен іс қозғалды, Instagram’дағы ең танымал пост
Белсенді Сәбит Сыздықбек. Шымкент, 4 ақпан 2020 жыл. Фото: Азаттық радиосы

60 жастағы Сәбит Сыздықбектің Азаттыққа айтуынша, 29 желтоқсан күні түстен кейін ауылдағы отбасымен бірге тұратын жеке тұрғын үйін тінтуге оннан аса полицей келген. Сот қаулысында көрсетілген мекен-жайдың дұрыс болмауына байланысты белсенді үйін тінтуге рұқсат етпеген. Тергеу сотының тінту туралы берген санкциясында Сыздықбек Қазақстанда сот тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының ісіне қатысы бар екені, оның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына қозғалысты қолдап, елдегі әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысты материалдар жариялағаны жазылған.

– Тағылған айыппен келіспеймін. Бұл – 10 қаңтар күні өтетін сайлауға қатыстырмаудың амалы, – дейді ол.

Сыздықбектің үстінен Қылмыстық Кодекстің 405-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалғанын Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова растады. Оның сөзінше, қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Бұдан бұрын Сәбит Сыздықбек Шымкентке келіп, президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесін басқарып, билікке ықпалын сақтап отыр делінетін Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, бейбіт митингіге шыққандарға қысым жасамауды талап етіп бірнеше рет наразылық білдірген. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz