2ГИС-тегі концлагерь: мәжбүрлі эвакуация туралы жалған ақпарат қалай тарады?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде мынадай мазмұндағы ақпарат тарап жатыр: «танымал 2ГИС қосымшасында зардап шеккен халықты жинау пункттері пайда болды».  Мұндай ақпарат таратып жатқан автордың айтуынша, бұл жақсы ниетпен жасалып жатқан шаруа емес.

«Сонда алдағы 2-3 айда халықты концлагерьлер мен газ камераларына тығып, оларды жоқ қыламыз деген қауесет рас па?» , деп сұрақ қояды Ольга Шантал өзінің Instagram парақшасында.

Пост авторының пікірінше, мұғалім мен директорлардың, министрлер мен полиция қызметкерлерінің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің «көзі жойылады»; сондықтан бұл жай ғана қастандық теориясы емес.

Біз бұл хабарды жан-жақты тексердік, енді оның шығу тарихына тоқталайық.

Үкім: Фейк

Бұл конспирологиялық ақпарат. Иә, 2ГИС қосымшасында «зардап шеккен халықты жинау пункттері» деген расымен бар. Мұндай жерлер, негізі, зардап шеккен халықты төтенше жағдай кезінде жинауға арналған. Оған концлагерьлер мен газ камераларының еш қатысы жоқ.

Бұл ақпаратты біздің Stopfake.kz сайтындағы әріптестеріміз жоққа шығарып қойған. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бұған қатысты төмендегідей түсініктеме берген:

«Зардап шеккен халықты жинау пункттері 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 6 наурыздағы №190 бұйрығының 5-тарауына сәйкес зардап шеккен халықты қабылдау пункттері қар құрсауы, тұрғын алаптарын су басу қаупі, өрт, қирау және басқа да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезеңінде зардап шеккен халықты уақытша орналастыруды ұйымдастыруға арналған».

Шанталь сілтеме жасап отырған «Азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу қағидалары» деген ақпарат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 6 наурыздағы бұйрығына сәйкес келеді. Тура осы құжат Төтенше жағдайлар департаментінің түсініктемесінде де ұсынылған еді.

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халықты қабылдау пункттері 2ГИС қосымшасында пайда болғаны туралы ақпарат бірнеше ай бұрын шықты. Алматы қаласының картасында олар наурыз айында пайда болды. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖ департаменті хабарлаған еді. Сол кезде Informburo.kz сайты осы қабылдау пункттері туралы көлемді мақала жариялап, олар не үшін қажет екені туралы егжей-тегжейлі жазған еді.

Толығырақ: мәжбүрлі эвакуация мен концлагерь туралы жалған әрі конспирологиялық ақпарат қалай пайда болды

Бізді жалған ақпараттың өзі емес, пандемия кезінде пайда болған халықты мәжбүрлеп эвакуациялау туралы ауқымды әрі астыртын сюжетке негізделген конспирологиялық теория қызықтырды. Себебі ол түрлі конспирологтар белсенді түрде тарататын «концлагерьлер», «тоталитаризм» және «геноцид» сияқты бұрыннан бар әңгімелердің бір бөлігі саналады.

Бұл жерде ескеретін жайт, негізі, бұл кәдімгі терминдер және олар нақты құбылыстарды сипаттайды. Алайда оларды пандемия кезінде басқа контекстке бұрмалап, дезинформация құралы ретінде қолдану қате әрі дұрыс емес.

Лагерьлер туралы жалған ақпарат пандемия басталғаннан бері тарап жүр. Мысалы 2020 жылғы наурызда Reuters фактчекерлері «Австралияда вакцина алудан бас тартқан адамдарды концлагерьлерге жібереді» деген ақпаратты жоққа шығаруға мәжбүр болды. Сол жылдың жазында «АҚШ-та CDC қауіпті топтағы адамдарды лагерьлерге жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр» деген жалған ақпарат тарады. Әрине Латвиядағы фельдшер Марина Корнатовскаяны айтпай кету мүмкін емес, себебі оның «Кипсалда салынып жатқан концлагерь» туралы айтқан аудио жазбасы кеңінен тарады.

Жоғарыда айтылған мысалдар тек бір бөлігі ғана. Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация науқаны басталғалы бері мұндай жалған ақпарттар легі толастар емес. Ал ескі фейктер жаңа қалыпта қайта оралып жатыр. Мысалы CDC туралы жоғарыда айтылған фейк жаңалықтар жақында орыс тілді аудитория арасында пайда болды. Онда қазір «вакцина алмағандарға арналған концлагерьлер» туралы айтылып жатыр.

Мәжбүрлі эвакуация туралы әңгіме осы жылы Ресейде өте кең тарады. Оған ел Үкіметтің бастамасы түрткі болды. Мәселен наурыз айында Мемлекеттік Думаға заң жобасы енгізілді. Егер ол қабылданса, төтенше жағдай кезінде азаматтар үшін эвакуация міндетті болады.

«Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға әрекет етудің қазіргі тәжірибесін ескере отырып, заң жобасында Ресей Федерациясының азаматтары үшін төтенше жағдай қаупі бар аумақтан немесе төтенше жағдай аймағынан эвакуациялық шаралар туралы ақпарат алған сәттен бастап эвакуациялау міндетін енгізу қарастырылған…”, делінген құжатты түсіндіретін жазбада.

Бұл ақпарат қастандық теорияларымен айналысатын ресурстарды айналып өтпеді. Олар бұл тақырыпты бірден таратып, оны лагерьлер мен геноцид туралы әңгімелерге қосып жіберді. Оған мысал төменде келтірілген.

Осы материал жазылып жатқан кезде Заң жобасы Мемлекеттік Думада тек екінші оқылымда қаралып жатты және әлі қабылданған жоқ. Алайда маусым айының басында Ресейде арнайы ГОСТ енгізілді. Онда төтенше жағдайлар кезінде халықты эвакуациялауға арналған және уақытша орналастыру пункттеріне қойылатын талаптар көрсетілген. Бұл талаптар күшіне енбесе де, оларға дезинформация қосылып үлгерді (мысалдар мына және мына жерде). Біз тек орыс тілді телеграм арналарындағы «мәжбүрлі эвакуацияны» геноцидпен, мәжбүрлі вакцинациямен және т.б. байланыстырған жүздеген басылым таптық. Бірақ дау-дамай соңғы 10 айда болып жатыр.

2ГИС-тегі концлагерь: мәжбүрлі эвакуация туралы жалған ақпарат қалай тарады?

Бұдан бөлек орыс тілді интернетте лагерьлер туралы ағылшын сегментіндегі ақпараттардың аудармалары пайда бола бастады. Мысалы мамыр айында Stopfake.org сайтының украиналық фактчекерлері Нью-Йорктің жаңа заңнамасына қатысты «Денсаулыққа қауіп төндіретін азаматтар үшін концлагерьлер жасалады» деген жалған ақпаратты тексерді. Ал тамыз айында біздің редакция Теннесси штатында «Ұлттық және мемлекеттік гвардия әскерлеріне адамдардың үйлеріне басып кіруге, оларға мылтық кезеп ұрлауға және халықаралық қылмыскерлерге арналған лагерьлерге қамай алатын» жарлыққа қол қойылды деген жалған мәлімдемені жоққа шығарды.

Негізі, мәжбүрлі эвакуация мен лагерьлер туралы әңгіме халық арасында жиі жарияланып, қазірге дейін әлеуметтік желіде белсенді түрде тарап жатыр (соңғы мысалдар: осында, осында және осында).

Біз төтенше жағдайлар саласындағы жергілікті бастамаларды да тексердік, себебі оларға қатысты да фейк ақпарат пайда болған. Оның арасында эвакуация да, газ камералары мен концлагерьлер де, сондай-ақ кез келген қоғам үшін өте өзекті балалар тақырыбы да бар. «Эвакуация балаларды жаппай ұрлау үшін ойлап табылды» деген жалған ақпаратты Жанна Цареградскаяның арнасы таратты дегенге ешкім таң қалмайтын шығар.

2ГИС-тегі концлагерь: мәжбүрлі эвакуация туралы жалған ақпарат қалай тарады?

Біз тапқан дереккөздерге сәйкес, бұл әңгіме, негізі, АҚШ немесе Австралияда пайда болған. Тек содан кейін басқа тілдерге аударылып, жергілікті қастандық теорияларымен байланыстырылған.

Factcheck.kz