15.01 | Facebook ҰҚК аккаунтарын жойды, Мамайдың наразылығы, АҚШ Қытай компанияларын қара тізімге енгізді

Facebook пен Instagram ҚР ҰҚК-нің 59 аккаунттын жойды

Facebook пен Instagram ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тесілі 59 аккаунт пен бір топты жойды. Бұл туралы Holanews.kz хабарлады.

Бұл аккаунттар 2019 жылғы наразылықтардан кейін ашылып, одан кейін оқырмандары көбеймеген, деп түсіндірді компанияның әлеуметтік қызметтер әкімшілігі.

«Біз Facebook-тегі 31 аккаунт пен бір топты, сондай-ақ Қазақстанның ішкі аудиториясы үшін құрылған 28 Instagram аккаунттың өшірдік. Тексеріс нәтижесінде біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Солтүстік Қазақстан Ішкі істер басқармасы экстремизммен күрес департаментімен байланысқан адамдарды анықтадық. Бұл аккаунттар 2019-2020 жылдары Қазақстандағы наразылық жағдайында ашылған. Біз бұл фактілерді елдегі интернет қызметтерін зерттегеннен кейін анықтадық», — Facebook хабарламасынан.

Соңғы үш жылда Facebook әкімшілігі жалған кампанияларға мониторинг жүргізіп, оларға тиесілі барлық ақпараттарды бақылауда.

Жалған аккаунттар халық ішінде қоғамдық пікірталастарды басқару үшін ашылады. Компанияның хабарлауынша, олар мемлекеттік емес сектор өкілдерінің ішкі науқанына да, шетелдік және мемлекеттік қатысушылардың науқанына да әсер етеді.

Алматыда белсенді Жанболат Мамай “заңсыз парламентті” таратуды талап етті

Нұр-Сұлтанда парламенттің 7-шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясы өтіп жатқанда Алматыда белсенді Жанболат Мамай Тәуелсіздік монументі алдына келіп, “заңсыз парламентті” таратуды талап етті. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

15.01 | Facebook ҰҚК аккаунтарын жойды, Мамайдың наразылығы, АҚШ Қытай компанияларын қара тізімге енгізді
Плакат ұстап, жалғыз адамдық пикет жасап тұрған белсенді Жанболат Мамай. Алматы, 15 қаңтар 2021 жыл. Фото: Азаттық радиосы, Манас Қайыртай

Осыған дейін демократиялық партия құратынын мәлімдеп, бірақ тіркете алмаған белсенді “дауыс ұрлау және адамдарды алаңда күшпен ұстау арқылы сайланған парламент – заңсыз, олардың қабылдаған заңдары заңсыз болады” деді.

Қазақстанда саяси реформалар жүргіземіз, саяси өзгерістер болады деді. Ешқандай реформа да, өзгеріс те жоқ. Бәрі бұрынғы қалпында қалды. Жаңадан депутат болып сайландық дегендер өздерінің заңсыз сайланғанын түсінсін. Оларды ешкім сайлаған жоқ. Халық оларды қолдап, сендерге сенім артамыз, үмітімізді ақтаңдар деген жоқ. Олар сайлаудағы бұрмалаушылықтар арқылы билікті узурпациялап алды деп есептеймін. Сондықтан бұл парламенттің қабылдаған заңдары да, шығарған шешімдері мен сөздері барлығы заңсыз болады, – деді Жанболат Мамай.

Ол 10 қаңтар күнгі сайлауда алаңға пікірін жеткізу үшін келген белсенділердің бір бөлігін полиция ұстап, бір бөлігін 7-10 сағат аралығында аязда ұстағанын айтып, мұны азаптауға теңеді. “Бұл биліктің күштік құрылымдардың көмегімен ғана өзін сақтап тұрғанын көрсетеді” деді белсенді.

АҚШ Қытайдың тоғыз компаниясына инвестиция жасауға тыйым салды

Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың тоғыз компаниясына инвестиция жасауға тыйым салып, қара тізімге енгізді. Олардың арасында ұшақ жасап шығаратын Comac және ұялы телефон әзірлеуші Xiaomi компаниясы бар. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Жаңа инвестициялық тыйымға сәйкес, америкалық инвесторлар 2021 жылдың 11 қарашасына дейін тізімге енген фирма активтерінен бас тарту керек.

The Verge басылымының дерегінше, тізімдегі басқа компаниялардың көпшілігі авиация, аэроғарыш, кеме жасау, химия өнеркәсібі, телекоммуникация, құрылыс және инфрақұрылымның басқа түрлеріне мамандандырылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz