ШҚО әкімдігі өзін жарнамалауға қанша қаржы жұмсайды?

20 шілдеде PROTENGE журналистері Шығыс Қазақстан облысы билігі мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы мақтау видеоға 5,2 млн теңге төлегені туралы жазба жариялады. Олардың дерегінше, ШҚО Қоғамдық даму басқармасы «Президент портретінің штрихтері» деген роликтер сериясына тапсырыс берген. Жалпы үш видео жасалған, бірақ қоғамдық резонанстан соң оларды өшіріп тастаған. Соған орай Factcheck.kz ШҚО әкімдігі тағы қандай жарнама жобаларына қаржы жұмсайтынын анықтап көрді.

Риддердегі ЖЭС-те болған апат

ШҚО әкімдігінің ең қызық тендерлерінің бірі Риддердегі апат туралы имидж фильмдермен байланысты болған. 2022 жылғы қарашаның басында жергілікті жылу электр орталығы істен шыққан соң жергілікті масштабтағы төтенше жағдай жарияланды. Нәтижесінде 22 мың отбасы жылусыз қалды. Апаттан соң Қаржы мониториңі агенттігі «Риддер ЖЭС» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайыржан Мимикенов пен кәсіпорынның экс-президенті Олеся Имашеваны 2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алды.

Биыл ақпанда ШҚО қоғамдық даму басқарпмасы «Далгер» ЖШС-мен «АВРАЛЬДІ РЕЖИМ. Риддерді суықтан қалай құтқарды?» деп аталатын фильм түсіріліміне 5 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Бұл тендер туралы ақпарат аз. Оны 20 ақпанға қарай аяқтауы керек болған. Сонымен қатар роликті тарату үшін 10 дискке жазуға тиіс екені айтылған.

Маусымда ШҚО әкімдігі «Риддер ЖЭС: Төтенше жағдайдан HAPPY END-ке дейін» деп аталатын жаңа фильм түсіріліміне 14,8 млн теңгеге жаңа келісімшарт жасаған. Бұл жолы тапсырыс алушы «Алюстрой» ЖШС болды. 14 минуттық ролик осы тендерді алған компанияның иелігіндегі SOZmedia.kz интернет-сайтына салынған. «Азаттық радиосының» сауалына өңір билігі видеоның «тұрғындарды биліктің халықтың мүддесін қорғауға және қиын жағдайда оларды жылумен қамту бағытталған шешімдері туралы ақпараттандыру» үшін түсірілгенін хабарлады.

Қазір биліктің Риддер ЖЭС апатты тоқтатқаны туралы видео не өшірілген, не қолжетімді емес. Алайда SOZ media Youtube-арнасында «Риддер ЖЭО екінші тынысы» деп аталатын төрт минуттық видеоролик бар. Ол 31 мамырда жарияланып, 500-ге жуық рет қаралған. Роликте электр станциясын жөндеу үшін қабылданған шаралар туралы айтқан ШҚО бұрынғы әкімі Даниал Ахметовке көп уақыт бөлінген.

Медицина, білім беру және туризм (және жол жөндеу)

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан билігі өңірдегі басқа салалардың дамуы туралы видеоларға да тапсырыс беріп отырады. Мысалы, 2023 жылғы наурызда Қоғамдық даму басқармасы 5,2 млн теңгеге Шығыс Қазақстан облысы дәрігерлерінің жұмысы туралы «Өмір құтқарушылар» деп аталатын видео өндірісіне 5,2 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Техникалық сипаттамаға сәйкес, өндіріс екі видеоролик, бір радио немесе видеобағдарлама, әлеуметтік желідегі репортаж, 20 фото мен екі мақаланы қамтиды. Дайын материалды облыстық және республикалық баспасөз құралдарында жариялану жоспарланған.

30 мамырда «Өмір құтқарушы» деп аталатын «видеофильм» бізге таныс SOZmedia.kz порталында жарияланған. Төрт минуттық роликті сайтта 3,6 мың қаралым, YouTube-арнада 28 қаралым жинаған. Видео ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы Гүлмира Сағидоллинамен сұхбатты қамтиды. 20 маусымда екінші видеоролик шықты. Ұзақтығы богйынша ол бір минуттан ғана тұрады және музыкамен дәрігерлер жұмысының үзінділерін көрсетіп отырады. Видеода кадр сыртындағы мәтін немесе сипаттама да жоқ. SOZmedia.kz сайтында 3,8 мың қаралым, YouTube-те 37 қаралым жинаған.

Екі айдан кейін ШҚО әкімдігі «ШҚО МЕДИЦИНАСЫ: көмек, диагностика, құтқару» деп аталатын видео өндірісіне 22,3 млн теңге жұмсаған. Тендерді тағы да «Алюстрой» ЖШС ұтып алған. Тендер сипаттамасында ролик SOZmedia.kz сайтында жариялануы керек екені айтылған, бірақ оны әлі жарияламаған.

Медицинадан бөлек, өңір билігі білім беру саласы туралы да имидждік видеолар түсіреді. Сәуірде Қоғамдық даму басқармасы «БІЛІМ қазіргі қоғам құндылығы» деген ролик түсіріліміне 5,2 млн теңге жұмсаған. Оны бұған дейін «Өмір құтқарушылар» фильмінің өндірісі тендерін жеңіп алған «Арт медиа групп» ЖШС алған. Ролик хронометражы 10 минут және толықтай дерлік ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышовамен сұхбаттан тұрады. Мұнда қаралым саны бойынша да айырмашылық байқалады: сайтта — 3,8 мың, YouTube-арнада — небәрі жеті қаралым. Сондай-ақ YouTubе-тегі видеоны тек сілтеме арқылы көруге болады, каналға өту арқылы видеоны табу мүмкін емес.

ШҚО әкімдігі туризм саласын да имидждік роликтер арқылы дамытуға тырысыпе жатыр. Маусымда «Q-экспедиция: Шығыс Қазақстан. Зайсан» деп аталатын роликті дайындауға 5 млн теңге жұмсаған. Бір ай бойы «Press Tour» ЖШС тревел-журналистика жанрында Зайсан қаласы тұрғындарының өмірі туралы айтатын жарты сағаттық бағдарлама шығаруы керек болған. Жүргізушілер тұрғындар мен көріністер арқылы қаланың дамуы мен жетістіктері туралы айтып беруі керек. Видеоны толығымен қазақ тілінде шығарып, миллион жазылушысы бар YouTube-арнаға салу жоспарланған. 13 маусымда ролик Astana TV телеарнасының сайтында жарияланды. Сайттың өзінде материал 12 мыңнан астам қаралым жинаған, ал YouTube-арнада — мыңға жуық.

Шығыс Қазақстан облысы билігі өңірдегі жолдар туралы видеолар арқасында да имидж жасағысы келеді. Сәуірде әкімдік «Жол – қажет маңызды іс» деген аудиовизуалд өніміне 5 млн теңге жұмсаған. Оны істеуге Риддер туралы фильмдердің бірін жасаған «Далгер» фирмасы таңдалған. Тендер туралы ақпарат аз. Роликті 30 сәуірге дейін орыс және қазақ тілдерінде түсірілуі, тарату үшін 10 дискке жазылуы керек болған. Өнімнің өзін табу мүмкін болмады, бірақ журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында ШҚО экс-әкімі Даниал Ахөметов өңірдегі жолдар әлі жөнделмегенін растады. Атап айтқанда, Ахметов әкім болған тоғыз жылда өңірде Семей мен Өскемен арасындағы негізгі жол әлі жөнделмеген.

Әкімдіктен әкімдікке

Жоғарыда сипатталған имидждік материалдардың әртүрлілігіне қарамастан, өңірдің өмірі туралы ең үлкен тендерлерді мемлекетке тиесілі «Шығыс ақпарат» ЖШС алып отырған. Ratel.kz басылымының дерегінше, компания мердігері Шығыс Қазақстан облысы қаржы басқармасы болған, ал есеп беру әкімшісі – Өңірдің қоғамдық даму басқармасы. Кейінгі бірнеше жылда ұйым тендер есебінен мемлекеттен екі миллиард теңдеген астам қаржы алған. Келісімшарттардың бәрі конкурссыз жасалған.

Биыл ШҚО қоғамдық даму басқармасы «Шығыс ақпаратпен» төрт келісімшарт жасаған. Мысалы, билік компанияға 75,8 млн теңгені «Шығыс Қазақстан бет-әлпеті» видеороликтер циклі өндірісіне бөлген. Бағдарламалар циклі аймақ экономикасының дамуына ықпал еткен, бизнес, мәдениет, ғылым мен спорт дамуына әсер еткен Шығыс Қазақстан тұрғындарының өмірі туралы айтады. Жоба мақсаты – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ұғым қалыптастыру. Қазіргі таңда жалпы соманың 23 млн теңгесі төленген. Жыл аяғына дейін кәсіпорын қызметкерлері жалпы ұзақтығы 160 минут болатын 16 серия түсіруі керек. Барлық видео 4К форматында түсірілуі тиіс.

Сондай-ақ әкімдік компанияға Altay travel журналын шығаруға  53,5 млн теңге бөлген. Құжаттарда барлығы әрқайсысы 104 беттен тұратын екі мың дана журнал шығуы керек екені айтылған. Журнал қазақ және орыс тілдерінде шығады. Өнім 30 шілдеге дейін дайын болуы керек екені нақтыланған, осы уақытта компания журналды елдің басқа өңірлері мен шетелдіктерді тарту үшін Шығыс Қазақстан облысының туристік потенциалын жеткізетін материалдарға толтыруы керек. Мәтін мен фотосуреттерді кәсіби журналистер мен саяхатшылар дайындайды.

«Шығыс ақпаратқа» тағы 35,7 млн теңге “Тәңіртау” деп аталатын басқа журналды шығаруға бөлінген. Материалдарда өңірдің мәдени мұрасы мен жергілікті тұрғындар үшін маңызды тарихи сәттері баяндалады. Тапсырыс орындаушылар басылымға өлең, проза, сонымен қатар жергілікті авторлардың тарихи мақалаларын, олардың өмірбаянын енгізуі керек. Жалпы 1800 дана шығару жоспарланған. Оның әрқайсысы 140 беттен тұрады. Қазіргі таңда тапсырыс орындаушыға 11,9 млн теңге төленген.

Біз тапқан тендерлердің бірі жоғарыдағылар сияқты ірі болмаса да, назар аударуға тұрарлық. Наурызда қоғамдық даму басқармасы «Шығыс ақпарат» компаниясымен аймақтағы мемлекеттік ақпараттық саясатты алға жылжыту үшін 10,7 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Қазір тапсырыс орындаушыға жалпы соманың 2,3 млн теңгесін төлеген.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл ақшаға компания билік жетістіктерінің пропагандасымен және баспасөз қызметінің міндеттерін атқарумен айналысады. Тіркелген құжаттарда тапсырыс орындаушы баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттары туралы ақпараттық материал жариялап, брифинг пен баспасөз конференцияларын өткізетіні, сонымен қатар журналистердің сұрағына жылдам жауап беруі тиіс екені айтылған. Осы жұмыстың бәрін жыл аяғына дейін атқару керек. Тапсырыс орындаушы ай сайын атқарылған жұмыс туралы есеп беріп отыруы тиіс.

Бұл Шығыс Қазақстан облысының өз мекемелерінен қызмет алып отырған алғашқы жағдай емес. Екі жыл бұрын біз әкім аппараты қызметкерлерінің Даниал Ахметов үшін жүздеген миллион теңгеге тікұшақ жалға алғаны туралы айтқан едік. Ең қызығы, ақша әкімдікке қарайтын облыстың авиациялық бөліміне бөлінген.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz