Ресейдің «егемен интернеті» Қазақстанға қауіп төндіре ме?

2019 жылы Ресейде жергілікті интернетті «сыртқы қауіптен қорғауға» бағытталған «Байланыс туралы» және «Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы» федералды заңдарға біршама өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер халықаралық қоғамдастық назарын аударды және «Ресейдің егемен интернеті туралы заң» деп аталып кетті.

Неміс сыртқы саясаты қауымдастығының сарапшылары түзетулер мемлекеттік органдарға интернетті басқарудың орталықтандырылған жүйелерін құруға құқықтық база беретінін және теориялық тұрғыда жаһандық интернеттің ресейлік желісін оқшаулайтынын айтады. Бұл интернетті фрагменттеуге алып келуі мүмкні.

Интернетті фрагменттеу — әртүрлі мемлекет пен аймақта контент пен интернетке өзіндік ережелер мен шектеулер енгізу арқылы интернетті бақылау тенденциясы.

Сарапшыларды алаңдататын ережелер мыналар:

  • «Қауіпке қарсы тұру» үшін міндетті түрде техникалық құралдар орнату. Мысалы, түзетулер барлық байланыс операторларына Роскомнадзор ұсынған арнайы құрылғыны орнатуды қарастырады. Ал ол құрылғы Ресейде тыйым салынған интернет-ресурстарды шектеуге және фильтрлеуге мүмкіндік береді.
  • «Қауіп» кезінде телекоммуникация желілерін орталықтан бақылау және Ресей шекарасынан өтетін байланыс сызықтарын бақылау.
  • Ресей домен атауларының ұлттық жүйесін енгізі (DNS).

Фрагменттеу цифрлық және географиялық шекаралар арқылы өтетін ақпараттың еркін ағымына да қауіп төндіреді, себебі интернеттің басты идеясы, барлығына ашықтық пен қолжетімділікті, сондай-ақ әр тұтынушы өзі қол жеткізе алатын тәуелсіз жүйелер мен әртүрлі желілердің міндетті өзара байланысын бұзады.

Бұл материалда Factcheck.kz редакциясы Қазақстанда Ресей аналогиясымен «егемен интернет» құру тенденциясының бар-жоғын талдап, «Интернетті фрагменттеуді күтуіміз керек пе?» деген сұраққа жауап береді.

Қазақстанның интернетті бақылауы

Қазақстан билігі интернетті, оның ішінде әлеуметтік желілер мен платформаны бақылауды кеңейтуге бұрыннан тырысып келеді. Бұл  2009 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев заң бойынша интернет-сайттардың барлығын бұқаралық ақпарат құралына теңейтін өзгерістер енгізуге қол қойды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар «Кибербақылау» жүйесі арқылы Қазнетке мониториң жасайды. Тыйым салынған контентті шектеу құзыретті орган мен сот органдарының шешімімен жүзеге асырылады.

Ресейдің «егемен интернеті» Қазақстанға қауіп төндіре ме?
Иллюстрация: Айнұр Мубарова

Қауіпсіздік сертификаты

2015 жылғы қарашада «Байланыс туралы» Заңға түзетулер енгізіліп, тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу үшін тұтынушылардың құрылғыларындағы контентті фильтрден өткізетін қауіпсіздік сертификатын енгізу және қолдануға құқықтық негіз пайда болды.

«Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуын өткізу кезінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға «белгілі бір интернет-ресурстарға қол жеткізумен проблемалар туындамауы үшін» қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынды.  

Бұл жерде мемлекеттің MITM (man-in-the-middle немесе ортадағы адам) технологиясын қолдануы қауіп төндірді, себебі оның көмегімен үшінші тарап, бұл жағдайда мемлекеттік органдар қауіпсіздік сертификатын орнатқан тұтынушылар мен сайт арасындағы трафикке кіреді де, сертификат арқылы тыйым салынған контентке тыйым салу мақсатында деректер ағымы деректерін алады.

Мұндай жағдайда алынатын және берілетін трафикте құпия деректер, мысалы, банк аккаунттарының деректері, құпиясөздер, фото мен видеоконтент және т.б. болуы мүмкні.

Жалпы, мемлекет қауіпсіздік сертификатын халық арасына кең тарату үшін екі амал қолданды. Алайда бұл әрекетті Қазақстандағы интернет-трафикті бақылаудың тікелей амалы екенін айтқан азаматтық қоғамның қарсылығына тап болды.

«Кибербақылау» жүйесі

2017 жылы «Кибербақылау» жүйесін енгізу бастамасы көтерілді. Оны Kazdream Technologies жеке IT-компания жасаған.

«Кибербақылау» — Қазақстан Республикасы заңдарының интернетте орындалуын бақылау үшін қолданылатын ақпараттық жүйе. Бұл жүйенің көмегімен 20-дан астам мемлекеттік орган жұмысы заңсыз контентті анықтау және шектеу мақсатында өзара үйлестірілген.

Ұлттық домен атауларын реттеу

Қазнеттегі домен атауларын тіркеу, қолдану және тарату ережелері бойынша «.kz» және «.қаз» сияқты ұлттық домендерді қолданудың негізгі шарты сервердің Қазақстан жерінде болуы. Бұл қазақстандық домен атауларын шетелдік серверлерде сақтау мүмкіндігін шектейді және жеке деректерді Қазақстан жеріндегі серверлерде сақтауды міндеттейді. Интернеттің қазақстандық сегментінде домен атауларын қолдану интернет-ресурстар елден тыс жердегі серверлерге көшірілгенде тоқтатылады.

«Байланыс туралы» Заңда байланыс операторларының мемлекеттік техникалық қызмет арқылы өтетін трафик алмасу нүктесінің болуы туралы талап бар. Бұл практика Ресейдегі контентті шектейтін және бақылайтын Роскомнадзор жұмысын еске түсіреді.

Интернет шатдаундары

Қазақстанда интернетті өшіруді заңдастыратын заңдар бар. Олардың қатарына «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы» «Төтенше жағдай туралы» заңдары кіреді. Халықаралық зерттеулер интернетті өшірудің зорлық-зомбылықтың артуына әкеліп, адам құқықтарының сөз бостандығы, ақпаратқа қол жеткізу және бейбіт жиналыс өткізу секілді негізгі құқықтарын бұзатынын көрсетеді.

Qazaqstan Shutdown 2022 арнайы баяндамасында «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы 3-тармағы бойынша байланыс операторлары, онлайн-платформалардың меншік иелері және мемлекеттік техникалық қызмет мемлекеттік органнан (Ұлттық қауіпсізідк комитеті, БАҚ саласындағы уәкілетті орган Мәдениет және ақпарат комитеті) келген ақпаратқа қол жеткізуді уақытша тоқтату туралы шешімін екі сағат ішінде орындауға міндетті екені айтылады.

«Төтенше жағдайлар туралы» Заңға сәйкес, мемлекет төтенше жағдай кезінде шектеудің негізгі шаралары ретінде еркін жүріп-тұруды, бейбіт жиын өткізуді шектеп, жеке және заңды тұлғалар үшін интернет пен байланысқа қол жеткізуді тоқтата алады (Заңның 14-1-бабы, 10-тармағы, 15-бабы 1-тармағы ).

Қазақстандағы интернетті толықтай сөндірудің алғашқы тәжірибесі 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде болды. Ресми дерек бойынша, ол кезде 238 адам қаза тапты. Басқа себептермен бірге, адамдардың болып жатқан оқиғалар туралы жылдам және шынайы ақпарат алу мүмкіндігі болмаған соң да қаза тапқанын айтуға болады. Халыққа оқиғаларды нақты бағалауға мүмкіндік бермейтін өсек-аяң мен басқа да нақты емес деректерді тұтынуға, сәйкесінше өмір мен денсаулыққа қауіп төндіруге тура келді.  

Мемлекет белгілеген ресми ақпарат көздерінде жаңалықтар бейтарап таратылмады немесе нақты деректі қамтымады. Мемлекеттің болып жатқан оқиғалар туралы ресми ақпаратын тарататын ең үлкен құрал ретінде телеарна таңдалды. Алайда билік халықтың көп бөлігі ТВ көрмейтінін және теледидары жоқ екенін, ақпарат алудың басқа көздерін, оның ішінде әлеуметтік желі мен мессенджерлер қолданатынын ескерген жоқ.

Интернетті бұғаттаудың мұндай тәжірибелері авторитар елдерде, оның ішінде Ресейде де бірнеше рет қолданылды.

Танымал онлайн сервистер мен платформаларды реттеу

2023 жылғы 10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама» туралы заңға қол қойды. Ол онлайн-платформа иелері мен заңды өкілдерін шындыққа жанаспайтын ақпаратты мәдениет және ақпарат министрлігінің нұсқауымен 24 сағат ішінде алып тастауды міндеттейді.

Бұдан бөлек заңда онлайн-платформаларды мемлекет алдында бірнеше талапты міндеттейтін пункттер де бар. Мысалы, министрлікке қолданушылары туралы ақпарат беріп отыру. Құқық қорғаушылардың сөзінше, бұл лайк, репост, пікір мен IP-мекенжай, құрылғы туралы дерек, геолокация мен жеке хат алмасуға дейінгі кез келген ақпарат болуы мүмкін.

Бұл норма ішінара «Ярова пакетін» еске түсіреді және ресейлік интернет-платформалар биліктің талабымен қолданушылар туралы ақпаратты беруге міндеттейтін тәжірибеге сай келеді.

Интернет-платформаларды «жерсіндіру» амалы

2021 жылғы қыркүйекте парламент мәжілісінің депутаттары балалар құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізуді ұсынды. Басында онда интернет-платформалардан (әлеуметтік желілер мен мессенджерлер) Қазақстан жерінде өкілдігін ашу, ақпарат министрлігі кибербуллиң деп тапқан контентті 24 сағат ішінде өшіру талаптары болды. «Құқыққа қайшы» контентті өшіру туралы талап орындалмаса, интернет-платформаның Қазақстандағы жұмысын шектеу, яғни, бұғаттау жоспарланды.

Парламент өкілдері бұл қадам балаларды интернеттегі буллиңнен қорғауға бағытталғанын айтты, бірақ азаматтық қоғам бұл да Қазақстан жеріндегі интернет-платформалар мен олардың контентін бақылаудың тағы бір амалы деп санады.

Нәтижесінде, интернет-платформаны «жерсіндіру» нормалары алынып тасталды және контенттің құқыққа қайшы екенін анықтау үшін арнайы тәуелсіз комиссия құру туралы шешім қабылданды. Алайда құқыққа қайшы контентті бір тәулік ішінде өшіру туралы пункт қалды.

Бұл өзгерістер IT-гиганттарды «жерсіндіретін» ресейлік заңның баламасы екенін де айта кеткен жөн.

Қорытынды

Интернетті реттеуге келгенде, Қазақстан көбіне репрессиялы шараларды қабылдап, Ресейдің ізімен келе жатыр. Елде онлайн-кеңістікті шектейтін, ресейлік заңдарды еске түсіретін заңнамалардың артып жатқаны байқалады. Ресейдің «егемен интернетін» Қазақстан көшіретін болса, бұл қазақстандықтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына үлкен қауіп төндіреді.

Қазақстандағы интернеттің қазіргі жағдайын Ресейдің «егемен интернетімен» салыстырсақ, әзірге Қазақстан орталықтандырылған DPI (Deep Packet Inspection) бұғатын қолданбайды, алайда Қаңтар оқиғасы кезінде оны қолдану амалдары болды. Бұдан бөлек, Қазақстанда шекаралық трафикті бақылай алатын орган мен ұлттық DNS жоқ. Десе де, интернетті бұғаттауды заңдастыратын және мемлекеттің Дүниежүзілік желідегі онлайн-контент пен ұлттық интернетті реттеуде (бақылауда) мемлекеттің рөлі артып жатыр.

Осылайша, Қазақстанның қазіргі заңнамасы қауіпті тенденцияны көрсетеді: қазіргі құзыреттерді кеңейту және жаңа императивті реттеулерді енгізу интернетті франгменттеу қаупін арттырады. Бұл өз кезегінде Қазақстан азаматтарына да, интернет-кеңістікпен тікелей және жанама байланысы бар басқа акторларға (интернет-провайдерлер, бизнес-қауымдастық) да зиян тигізеді.

Factcheck.kz редакциясы материалды әзірлеу кезінде көмек көрсеткені үшін Неміс сыртқы саясаты қауымдастығының зерттеушісі Алёна Епифановаға, “Digital Paradigm” қоғамдық қорының директоры Елжан Қабышевке алғыс білдіреді.

проектный менеджер Международного центра журналистики MediaNet, феллоу Международной правозащитной организации Access Now, автор в Factcheck.kz, исследовательница гендерных вопросов, цифровых прав, медиаграмотности и борьбы с дезинформацией.

Factcheck.kz