Мәжіліс Ресей шекарасын қорғауға Қазақстан әскерін жіберуге келісті ме?

31 мамырда болған мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар ҰҚШҰ-ға мүше елдермен серіктестікке қатысты үш келісімді қабылдады. Содан кейін әлеуметтік желілерде, соның ішінде TikTok-та ҰҚШҰ аясында Украинамен әскери жанжалда Ресей шекарасын қорғауға қазақстандық бітімгершілік күштері жіберілетіні туралы ақпарат тарай бастады (12345). Мұндай қауесеттің тарауына Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың екіұшты жауабы да әсер еткен тәрізді. Ол мәжіліс кулуарында «егер парламент әскер жіберу туралы шешім қабылдаса – солай болады» деген.

ҚР Қорғаныс орынбасары ҰҚШҰ мүшесі ретінде Қазақстаннан Ресейді қорғау үшін бітімгершілік контингентін жіберу үшін бұған дейін Минскіде қабылданған шешімді бекітуге депутаттарды көндіруге келді.

TikTok пайдаланушысы

Бір аптадан кейін 7 маусымда қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан әскері ҰҚШҰ құрамында Воронеж бен Белгород облыстарының шекарасын күзетуге жіберілгені туралы ақпаратты фейк деп атап, ҚР Қарулы күштері Қазақстан аумағында екенін айтты.

Factcheck.kz редакциясы мәжіліс мақұлдаған құжаттарды талдап, әңгіме шынында Ресей шекарасын қорғайтын бітімгершілік күштері туралы болып отыр ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Жалған

Парламенттің төменгі палатасы 31 мамырда ратификациялап, ҰҚШҰ-ға мүше елдер 2021 жылдың 16 қыркүйегінде Душанбеде қол қойған келісім Ресейге Украинамен соғысуға көмектесу үшін бітімгершілік контингентін жіберуге арналмаған. Тек бір келісімшарт қана ҰҚШҰ бітімгершілік қызметіне арналған, бірақ онда БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операцияларына қатысу туралы айтылған.

Келісімді мәжілістен кейін сенат мақұлдап, одан кейін президент қол қоюы керек.

Мұнда ҰҚШҰ-ның ережесі бар екенін еске сала кету керек. Ереже бойынша шабуыл жасалған ел өтініш білдірсе, мүше елдер тез арада қажет көмекті ұсынады, оның ішінде әскери көмек те бар. Яғни, техникалық тұрғыда, Қазақстан әскерін Ресейге жіберу үшін ҰҚШҰ-ға қосымша келісім қажет емес. ҰҚШҰ құрылған кездегі мақсаты бойынша жұмыс істей ме, істемей ме – даулы мәселе. Соған қарамастан, келісім бұрыннан бар. 

Толығырақ

Мәжіліс депутаттары қабылдаған құжаттар қатарында мыналар бар:

  1.  «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісім»;
  2. «Құрылымдық күш пен ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құралдарының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше-мемлекеттер аумағында уақытша болуына қатысты істерде заңнама және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша келісім»;
  3. «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама»

Бітімгершілік контингент – үшінші тараптың араласуымен мемлекеттер арасындағы не мемлекет шегіндегі қарулы қақтығыстардың алдын алуға, оларды тежеуге және тоқтатуға бағытталған, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, гуманитарлық көмек көрсетуге ықпал ететін әскери және (немесе) азаматтық персонал.

«ҰҚШҰ бітімгершілік қызметі туралы келісімнің» жаңартылған 8-бабына сәйкес, бейбітшілікті сақтауға қатысты БҰҰ операциясына қатысу үшін бітімгершілік күштері үйлестіруші мемлекеттің қолдауымен құрылады. Ал үйлестіруші мемлекет одан бұрын операцияны орындау үшін БҰҰ-ның өкілетті бөлімшесімен келісім орнатады.

Үйлестіруші мемлекет – ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі бекітетін мүше мемлекеттердің бірі. Ол ұйымдастыру мәселелері мен БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операциясына бітімгершілік күштерін пайдаланып, жан-жақты қамтамасыз ету мәселелерін шешеді.

Сондай-ақ құжатта ҰҚШҰ-ға мүше әр ел БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындығын қамтамасыз ету жүйесінде тіркелген болса бітімгершілік күшін жіберуге құқылы екені айтылған. Тіркеуден өткеннен кейін өкілетті бөлімше операцияға қатысу үшін белгілі бір бітімгершілік күш санына мандат береді. Қорғаныс министрі орынбасарының сөзінше, даулы мәселелер туындап, азаматтарға қауіп төнетін болса Қазақстан мұндай операцияға қатыспайды. Қарулы күштерді пайдалану туралы қорытынды шешімді ҚР Парламенті қабылдайды.

Өзгерістер қабылданғанға дейін «ҰҚШҰ бітімгершілік қызметі туралы келісімінің» 8-бабында былай көрсетілген еді: «ҰҚШҰ БҰҰ-мен ұжымдық ерекше (резервті) келісім жасай алады. Және БҰҰ-мен ерекше (резервті) келісімі бар әр мүше мемлекет БҰҰ мандаты бойынша немесе өңірлік ұйымдар аясында өзінің қатысатыны туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне ескерте отырып, бітімгершілік операцияларына қатысуға құқылы».

Мәжіліс мақұлдаған басқа келісімдерге келсек, олар көбіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет аумағына бітімгершілік әскерін жіберген ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге заң аспектілерін және ұжымдық қауіпсіздікті бірлесіп қамтамасыз ету кезінде әскери топтарды әскери-техникалық және медициналық ұйымдастыру кезіндегі өзара қарым-қатынасын реттейді. Енді бұл келісімді сенат қарауы керек.

Қазақстан қандай жағдайда өзінің бітімгерлерін жібере алады?

«Бітімгершілік қызметі туралы» Заңның 11-бабына сәйкес, «ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы туралы мәселені қарау үшін халықаралық ұйымның шешімі және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негіз болады».

Бейбітшілікті сақтау бойынша БҰҰ операциясын қаржыландыру – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық жауапкершілігі екенін айта кетейік. БҰҰ Жарлығының 17-бабына сәйкес, әр мүше мемлекет бітімгершілік қызмет үшін өзіне тиесілі шығын үлесін өтеуі керек. 2020-2021 жылдары БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау операциясына бекітілген бюджет 6,52 млрд доллар болды. Оның ішінде ең үлкен шығынды АҚШ (1,8 млрд АҚШ доллары немесе 27,89%), Қытай (992,6 АҚШ доллары немесе 15,21%), Жапония (558,5 млн АҚШ доллары немесе 8,56%), Германия (397 млн АҚШ доллары немесе 6,09%) және Біріккен Корольдік (377,5 млн АҚШ доллары немесе 5,79%) жапты.

Ресей Федерациясы шығын үлесі бойынша сегізінші орында тұр – 198,2 млн АҚШ доллары не 3,04%. Қазақстанға келсек, республиканың бітімгершілік операциялар бюджетіне енгізген соммасы 2,3 млн АҚШ доллары я 0,0356%.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерде қандай қауіп түрі бар?

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік стратегиясына сәйкес, ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігінің сын-қатері мен қаупіне әлемдегі бірқатар әскери-саяси жағдайлар кіреді, мысалы:

  • халықаралық және мемлекетішілік қақтығыстардың қазіргі ошақтарының өршуі және жаңа ошақтарының пайда болуы;
  • мемлекеттердің ішкі істеріне араласу тәжірибесі;
  • «түрлі-түсті революция» мен «гибридті соғысты» дамыту;
  • жекелеген мемлекеттердің халықаралық уағдаластықты бұзуы, сондай-ақ қару-жараққа тыйым салу, шектеу және қысқарту саласында бұрын жасалған шарттарды сақтамауы;
  • халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын ерікті түрде түсіндіруге ұмтылу, қосарланған стандарттар саясатын жүргізу, күш қолдану немесе халықаралық қатынастарда күш қолдану қаупі;
  • мемлекеттер мен одақтарды халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормалары мен қағидаттарына қайшы келетін және халықаралық қоғамдастықпен келісілген реттеу форматының шеңберінен тыс қақтығыстарды шешуге тарту;
  • ҰҚШҰ жауапкершілігіне кіретін аймаққа іргелес жерлердегі әскери топтарды ұлғайту, жаңа әскери топтарды күшейту және әскери инфрақұрылым құру; әскери күш қолдану арқылы мемлекетаралық мәселелерді шешу туралы өтініштер;
  • ұлтаралық және конфессияаралық төзімсіздіктің, ксенофобияның күшеюі;
  • халықаралық терроризм мен экстремизм қаупінің артуы;
  • есірткі заттары мен психотропты заттардың заңсыз айналымы.

ҰҚШҰ сыртқы және ішкі қауіптерінің қатарында мыналар бар: ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің шекарасына жақын орналасқан мемлекеттердің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздығы, әскери ядролық әлеуеті бар мемлекет санының артуы, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағына қаруланған заңсыз құрылым немесе халықаралық террорлық және экстремистік ұйым сарбаздарының кіруі немесе басып кіруі. Сонымен қатар егер ҰҚШҰ-ға мүше елде заңсыз миграция ағыны артса террорлық белсенділік пен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай саны да артады.

Контекст

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 2007 жылдан бері 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Непал, Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар мен Ливандағы БҰҰ миссияларына қатысты. Сонымен қатар 1992 жылдан 2001 жылға дейін 9 000-нан астам қарулы күш, басқа әскер мен әскери құрылымның әскери қызметкері тәжік-ауған шекарасында ТМД шекарасын іштен күзетуді күшейту тапсырмасын орындады. 2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанына дейін қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік жасағының 300-ден астам әскери қызметшісі Ирактағы миссияны орындады.

Жалпы 2014 жылдан бастап қазақстандық 45 офицер Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар мен Ливандағы БҰҰ миссияларына әскери бақылаушылар мен штабтағы офицерлер ретінде қатысты. 2018 жылдан қазақстандық 520 әскери қызметші БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік бөлімше құрамында уақытша күштер миссиясында жүр. 2022 жылдың маусымындағы жағдай бойынша, Батыс Сахарадағы БҰҰ миссияларында және Ливандағы уақытша күштерінде 6 және 9 қазақстандық әскери қызметші қызмет етіп жүр. Қазіргі уақытта 250 әскери қызметші Африкадағы бітімгершілік миссияға дайындалып жатыр.

Қазақстан әскери күші бойынша әлемдік Global Firepower рейтингінде 145 елдің ішінде 63-ші орында тұр. Рейтинг 60 түрлі PowerIndex («PwrIndx») факторы негізінде құрылған. Олардың қатарында әскер мен әскери бөлімше саны, қорғанысқа бөлінетін шығын, әскери арсенал саны мен әскердің соғысқа қабілетіне әсер ететін басқа да аспектілер бар.

Factcheck.kz