Көзқарас | Франсис Фукуяма Украинадағы соғыстың Қазақстан және Орталық Азияға ықпалы туралы

Белгілі саясаттанушы, Стэнфорд университетінің профессоры Франсис Фукуяма Алматыға келді. Мұнда ол Leadership Academy for Development бағдарламасына тәлімгер ретінде қатысады. Оған қоса өзінің “Либерализм және оған айтылған сын” деген жаңа кітабының қазақша және орысша нұсқасын таныстырды. Ал 22 тамызда қазақстандық журналистермен кездескенде ол Ресей мен Украина арасындағы соғысқа, Қазақстан мен оған көршілес елдердің болашағына қатысты пікірін білдірді.

Әлем саясатындағы сыни қасиет

Бүгінде Орталық Азияның геосаяси рөлі маңызды және бұл аймақ соғыс жағдайында жаңа күйзелісті ерекше бастан кешіріп жатыр. Мұнда алғаш рет келіп отырмын, мен және басқа бақылаушылар үшін осы аймақтағы саяси жағдаймен танысу өте маңызды деп ойлаймын. Тұтастай алғанда, біз әлемдік саясатта қиын кезеңдеміз. Өйткені күш тепе-теңдігі өзгерді. Бізде Ресей мен Қытай сияқты мықты әрі өзіне сенімді елдер бар. Бізде өзінің ішкі мәселесін шешуге тырысатын АҚШ пен Еуропа сияқты ескі демократиялы елдер бар. Дәл осы сәтте әлемдік саясаттағы жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Ал бұл аймақ – өзгерістер болуы мүмкін жердің бірі.

Франсис Фукуяма

Ресейдің болашағы туралы

Ресей Украинаға толық басып кіремін деп әлсіреді. Путиннің негізгі мақсатына жете алмағынана күмәнім жоқ. Меніңше, Ресей әлсіреген сайын, оның маңындағы барлық ел шешім қабылдау және тағы басқа мәселеде көбірек еркін бола бастады.

Меніңше, саясатқа шолу жасайтындардың ешбірі Ресейдің болашағына қатысты нақты болжам айтатындай ақымақ емес. Айтарым – өзін күшті етіп көрсететін мемлекеттің көбі шын мәнінде әлсіз. Мәселен, Ресей – солардың бірі. Алдағы жағдайдың қандай болатынын екі жылдан соң ғана көреміз. Ал әзірге спекуляция жасаған қауіпті.

Франсис Фукуяма

Қытайдың болашағы туралы

Қытайда көп өзгеріс болып жатыр. Қытайдың экономикасы ондаған жыл бойы қарқынды өсіп келді. Кейінгі онжылдықта бұл көрсеткіш 6-8%-ке дейін төмендеді, ал коронавирусқа қатысты пандемиядан соң бұл көрсеткіш 2%-ке дейін төмендеді. Бірқатар экономист Қытай экономикасының түбінде күрделі мәселе бар деп болжам жасайды. Мұның өзі адамдардың қай экономика жүйесінің жақсы істеп-істемейтіні жөніндегі түсінігі өзгергеннін көрсетеді.

Франсис Фукуяма

Редакциядан: Дүниежүзілік банктың дерегінше, Қытай Халық республикасының 2020 жылғы ЖІӨ өсімі – 2,2%. Бұл көрсеткіш 2021 жылы 8,4%-ке жетті, ал 2022 жылы қайтадан 3%-ке дейін төмендеді.

Қазақстан сыртқы саясатын қалай жүргізуі керек?

Меніңше, Қазақстан осы уақытқа дейін кез келген державаға қатты тәуелділіктен аулақ бола отырып, іс-қимыл еркіндігін барынша арттыруға тырысты. Мен мұны Қазақстан әрі қарай да ұстануға тиіс дипломатияның түрі деп ойлаймын. Мұнда әңгіме тек Ресей мен Қытай туралы емес. Аймақта басқа ойыншылар да бар. Еуропалық Одақ, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ бар. Қазақстанның сыртқы саясатына жауапты адам болсам, осы ойыншының барлығымен қарым-қатынасты дамытуға тырысар едім. Себебі елдің географиялық орналасуы Еуразия орталығында екенін ескерсек, бұл – іс-қимыл еркіндігін кеңейтетін нәрсе.

Франсис Фукуяма

Ресейдің тәуелдігі туралы

Орталық Азия елдерінің Ресейден қалай алыстап бара жатқанын қызыға бақылып жүрмін. Украинадағы соғыс басталғалы бері ресейшіл позицияны байқамадым. Бірақ Қазақстанның географиялық орналасуын ескерсек, толық тәуелсіз болуы мүмкін емес екенін бәрі түсінеді. Меніңше, кез келген тәжірибелі бақылаушы Қазақстанның өз дербестігін көрсетудегі шектеулерін түсінеді. Сондықтан біз мұны аймақтағы елдерге әрекет етуде еркіндік беретін геосаяси жағдай деп үміттенеміз.

Франсис Фукуяма

Кремль пропаганданың қандай құралдарын пайдаланып жүр?

Меніңше, пропаганда құралдарының бірі – өз институттарына деген сенімді жою, “барлығы сырт көзге көрінгендей емес, барлық жерде манипуляция” деген идеяны тарату. Ресей мен қазір тұрып жатқан АҚШ-та осы әдісті сәтті жүргізді. Қазір Қытай да осы жолмен келе жатыр.

Франсис Фукуяма

Басқа да болуы мүмкін әскери қақтығыстар туралы

Ресейдің Украинаға басып кіруін екі ел арасындағы ғана қақтығыс деп ойламаймын. Себебі Путин мырза КСРО-ның ыдырағанына, Шығыс Еуропадағы көп елде және Украина, Грузия сияқты КСРО құрамында болған мемлекеттерде демократия орнатқан 1991 жылдан кейінгі әлемдік тәртіпке көңілі толмайтынын ашық жеткізді. Меніңше, ол уақытты кері айналдырғысы келеді.

Меніңше, Ресейдің Украинаға басып кіруі Қытай Тайваньға басып кіруі мүмкін деп ойлайтындарға дабыл болған сияқты. Украинадағы соғысқа дейін көбі оған аса мән бермеді. Оның болып-болмайтыны белгісіз. Бірақ бұл нәрсені ойлау керек және оған дайын болу керек. Әйтпесе, Шығыс Азиядағы соғыс дүниежүзіне үлкен апат болады.

Франсис Фукуяма

Орталық Азияның мемлекеттік басқаруындағы КСРО мұрасы

Әрбір елде даму үшін жауапты, адамдарға қажет қызметтерді ұсына алатын қабілетті мемлекет, үкімет болуы керек. Бірақ әлемнің бұл бөлігінде Кеңес Одағының мұрасы қалып қойған – әлі күнге дейін орталықтандыру бар. Барлығы мемлекеттен шығуға тиіс және мемлекет басқаруы керек деген ой қалыптасқан. Меніңше, қазіргі әлемнің табысты қоғамы мемлекетке тәуелсіз әрекет ете алатын және азаматтар үшін байлық пен жағдай жасай алатын бүкіл қоғамның энергиясы мен бастамасының арқасында алға жылжуы керек. Мен бұл болашақта көргім келетін саяси жүйе деп айтар едім.

Франсис Фукуяма

Моңғолия – демократияның мысалы

Мен көп уақыт өткізген және Орталық Азияға жақын орналасқан елдің бірі – Моңғолия. Мен бұл талқы үшін қызық тақырып деп есептеймін: Неге Моңғолия Кеңес Одағы ыдырай бастағаннан бастап әлі күнге дейін демократия институтын нықтап ұстап келеді? Олар да (Моңғолия – ред) сіздер сияқты (Орталық Азия – ред) Қытай мен Ресейдің арасында қалып қалған. Соған қарамастан олар сыртқы саясатында және ішкі институтын қалыптастыруда еркіндігін сақтап қалған. Бұл – таңғажайып нәрсе. Меніңше, Моңғолия зерттеуге қызық үлгі бола алады.

Франсис Фукуяма

Орталық Азияның көрінбейтін қоршаулары

Алматыда мені таңғалдырған нәрсенің бірі – бұл аймақта адамдардың қарым-қатынас орнатуына және бірін-бірі түсінуіне кедергі келтіретін жасанды, көзге көрінбейтін психикалық қоршаулар бар. Меніңше, бұл бағдарламаның мақсаттарының бірі (Leadership Academy for Development — ред) — осы қоршаудың кейбірін бұзу және Орталық Азияның әртүрлі елінде тұратын пікірлестер арасында байланыс орнату.

Франсис Фукуяма
Factcheck.kz