Қырғызстанда автокөлік салығы алынды ма?

Қаңтардың басында қазақстандық интернет кеңістікте “Қырғызстанда автокөлік салығы алынып тасталды” деген тақырыпта материалдар жарық көрді (1, 2, 3, 4, 5). Ақпаратқа сай салықтың орнына әр литр жанармай мен дизельдік отыннан бір сом алынады. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz редакциясы аталған деректі тексеріп көрді.

Тараған ақпарат

Үкім: Шындық

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 8 желтоқсанда салыққа қатысты бірнеше жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Олардың арасында автокөлік салығын толығымен алып тастау туралы шешім де бар. Президент бұндай шешімді “Жол қоры туралы” заңға өгеріс енгізілгеннен кейін барып қабылдағанын айтады. Өзгеріс бойынша автокөлікке құйылған бензин мен дизельді отынның әр литрінен бір сом алу көзделген.

Сонымен қатар, Жапаров 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін автокөлік салығын төлемеген азаматтар салықтан босатылатынын мәлімдеді. Автокөлік салықтарынан бөлек заңды және жеке кәсіпкерлердің 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтары кешіріледі.

Қырғызстан билігі қаншалықты ұтылады?

Akchabar.kg-дің ақпаратынша, автокөлікке салынатын салықпен бензин және дизельді отынның әр литрінен жиналатын қаражаттың мөлшері шамамен бірдей. Мысалы қырғызстандық автокөлік иелері күніне шамамен 3 млн 288 мың литр жанармай тұтынады, яғни күніне 3 млн 288 мың сом бюджетке түсіп отырады. Сонда жылына шамамен 1 млрд 183 млн сом ел бюджетіне түседі. Kaktus media-ның жазуынша, 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша автокөлік салығынан ел бюджетіне 1 млрд 198,1 млн сом немесе $13,7 млн доллар түскен. Яғни екеуара сомада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ал Economist.kg-тің жазуынша, автокөлікке салынған салықтар жалпы салықтардың (қаңтар-қазан айы бойынша) 0,4%-ін құраған. Алғашқы орында қосылған құн салығы (НДС), халықаралық сауда және сыртқы операциялар және табыс салығы кіреді.

Ал жалпы Қырғызстанда шетелден әкелген көлікті кедендік рәсімдеу барысында мыналар төленеді:

  • Кедендік баж салығы – көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты (1 куб см-ге 26 сом мен 130 сом арасы);
  • Қосылған құн салығы (НДС) – көліктің жалпы кеден құнының 12%-ін құрайды;
  • Акциз салығы – көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты (жаңа көлікке: 8700 сом мен 43 500 сом, ескі көлікке: 130 мың сомнан жоғары);
  • Кәдеге жарату алымы (Утильсбор) – көлік жылы мен санатына байланысты (10 мың мен 50 мың сом арасы).

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz