Үйінді астында 3 ай жатқан адам тірі табылды ма?

Кейінгі бірнеше күнде түрлі сайт пен әлеуметтік желілерде Түркия мен Сириядағы зілзаладан 3 айдан астам уақыт өткен соң, үйінді астынан тірі адамның табылғаны жайлы ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6). Материалдарға сай, қираған ғимараттардың астынан қатты зардап шеккен, үрейленген тірі адамды тапқан, алайда оның қалай аман қалғаны белгісіз. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Медиада тараған ақпараттың бірі
Үкім: Фейк

Желідегі адамның суреті Түркия мен Сириядағы жер сілкінісіне ешқандай қатысы жоқ. Google мен Yandex-тің кері іздеу жүйесінде суреттің бұрынырақта тарағанын, ондағы жігіттің есімі Ахмед Әл-Суси екенін анықтадық. Ол Сирияның Хан-Шейхун қаласының тумасы, қазір Идлиб қаласындағы Ватан лагерінде тұрады. Ахмед Әл-Суси тері псариазымен ауырады. Немере ағасының айтуынша, оның бірнеше жыл бұрын түсірілген суреті интернет кеңістікте “зілзаладан аман қалған” адам ретінде тарап кеткен.

Толығырақ…

Көптеген сайт Akhbar.fouri инстаграм парақшасындағы ақпаратқа сілтеген. Парақшаны талдау арқылы оны журналист жүргізетінін әрі Иран мен әлем жаңалықтары туралы ақпарат салып отыратынын байқаймыз. Ал ол жерде жоғарыдағы Ахмед Әл-Сусидің суреті мен бір ғана сөйлем жазылған, ешқандай да дереккөз көрсетілмеген. Логикаға салсақ, адамның осынша уақыт бойы қалай тамақ пен сусыз 3 ай бойы өмір сүргені күмән тудырмай ма?

Үйінді астында 3 ай жатқан адам тірі табылды ма?

Ал алғашқы дереккөз ретінде 7 мамырдағы Facebook-та жарияланған постты таптық. Ол жерде Сирияның Антохия қаласында сириялық жас жігіттің зілзаладан кейін 3 ай өтсе де үйіндінің астынан табылғаны жазылған. Осыдан кейін жалған ақпарат тараса керек.

Бұл ақпарат туралы ливандық An Nahar басылымы толығырақ жазып, Ахмед Әл-Сусидың немере ағасымен сөйлескен. Немере ағасы Ибн әл-Халдың айтуынша, Әл-Суси 1984 жылы дүниеге келген, псариазбен ауырғанына 10 жылдай уақыт болған және әлеуметтік желілердегі суретті 7 жыл бұрын өзі түсірген. Қазір ол кісінің жағдайы тұрақты, әрбір 45 күн сайын ем-домын алып тұрады. Төмендегі суретті арнайы An Nahar басылымы үшін түсіріп жіберген.

Үйінді астында 3 ай жатқан адам тірі табылды ма?

Өкінішке қарай, An Nahar басылымы Әл-Суси мен оның немере ағасының әлеуметтік желілердегі парақшаларына сілтеме жасамаған, сондықтан да біз олардың жеке басын растай алмаймыз. Бұл адамдар желіде белсенді емес не суреттерді жарияламауы әбден мүмкін. Біз ливандық басылымға арнайы хат жолдадық, жауап келіп жатса материалды толықтырамыз.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz