Қазақстан паспорты Орталық Азиядағы ең “мықты” паспорт па?

Жақында әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда Орталық Азиядағы “ең мықты” паспорт – Қазақстан паспорты деген мәлімет тарады (1, 2, 3, 4, 5). БАҚ дерегіне сәйкес, әлем елдерінің паспорт индексі рейтиңін “Arton Capital” компаниясы әзірлеген. Қазақстан паспорты Орталық Азия мемлекеттері арасында үздік пе? Factcheck.kz бұл ақпараттың қаншалықты сенімді екенін және мұндай рейтиңдердің қалай есептелетінін тексерді.

Passport Index деректеріне сай, 2023 жылы Қазақстан паспорты 97 позиция ішінде 53-орынға тұрақтады.

Тараған ақпарат

Үкім: Шындық

Шынымен де “Arton Capital” компаниясы паспорт индексі рейтиңін жариялаған. 2023 жылы 11 шілдедегі дерек бойынша, рейтиңдегі орын саны – 96, бірақ мемлекет саны – 199. Себебі, тізім бойынша бір позицияда бірнеше мемлекет орналасқан. Мәселен, Қазақстан 53-орынды Науру мемлекетімен бөліскен. Сондай-ақ, сайттағы ақпарат виза жүйесіне өзгертулер енгізілуіне байланысты күнделікті жаңарып отыратынын ескеру қажет.

Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сай, ҚР азаматтарының паспорт түрі бойынша визалық режимі жайлы ақпаратты келесі инфограмнан көре аласыздар:

БАҚ өкілдері негізінен passportindex.org сайтын дереккөз ретінде көрсетті. Соған байланысты біз бұл рейтиң жайлы, методологиясы мен критерийлеріне тоқталып өттік. Дегенмен, әлем бойынша бірыңғай паспорт индексі рейтиңін құрастыратын арнайы ұйымды таппағанымызды айта кеткен жөн.

Қазақстанның паспорты – Орталық Азия елдері ішіндегі ең мықтысы.

Тараған ақпарат

Үкім: Шындық

“Arton Capital” компаниясының 2023 жылғы 11 шілдедегі Паспорт индексі рейтиңі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Одан кейін Қырғызстан 67-орында, Өзбекстан 71-орында, Тәжікстан – 72 орында, Түркіменстан 79-орында.

Көршілес мемлекеттер ішінде Қытай – 58-орында, ал Ресей соғыс жағдайы мен санкцияларға қарамастан 36-орында. Ал көш басында БАӘ тұрса, ең әлсіз паспорт Ауғанстанға тиесілі. 

“Arton Capital” компаниясы паспорт индексі рейтиңін қалай есептейді?

“Жаһандық паспорт рейтиңі” “Arton Capital” компаниясының бастауымен 2015 жылдан бері жарияланып келеді. Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, деректер әр мемлекеттен тікелей алынып, әрбір паспорттың жеке санатын анықтау үшін үш деңгейлі әдіс қолданады:

  • Жылдамдықты бағалау (MS) – визасыз саяхаттау мүмкіндігі (VF), келген кездегі виза (VOA), электронды рұқсат қағазы (eTA) және 3 күн ішінде берілетін электронды визаны (eVisa) қамтиды.
  • Келген кездегі визаның (VOA) визасыз саяхаттау мүмкіндігіне (VF) шаққандағы ұпай санына негізделеді.
  • БҰҰ Даму бағдарламасының Адам әлеуетін дамыту индексі (қосымша критерий ретінде пайдаланылады).

Дегенмен сайтта көрсетілген “Рейтиң жайлы ақпарат” бөлімінде компания өзін әлемдік паспорт индексін жариялайтын “жалғыз ұйым” ретінде таныстырған. “Arton Capital” компаниясынан басқа да паспорт рейтиңін жариялайтын ұйымдар бар, яғни жалғыз рейтиң деуге келмейді. Соған орай Қазақстан паспортының рейтиңтегі орны да әр жүйе бойынша әртүрлі. Біз соның бірнешеуін қарап көрдік.

Henley & Partners Паспорт индексі рейтиңі

Henley & Partners төлқұжат индексі дүние жүзіндегі 227 ел мен аумақтың визалық ережелерін талдау арқылы рейтиң жасайды. Рейтиң 5 жылдан астам уақыт бойы туризм бойынша әлемдегі ең үлкен дерекқорға ие “Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (ХӘКҚ)” бірлесіп жарияланып келеді. Паспорт индексі тоқсан сайын жаңарып отырады. 2023 жылы 10 қаңтарда жарияланған дерек бойынша, 109 елдің ішінде Қазақстан паспорты 76 ұпаймен 70-орында, ал Орталық Азия елдері бойынша көш бастап тұр. Ал Қырғызстан 81-орын, Тәжікстан 84-орын, Өзбекстан 85-орын, Түркіменстан 90-орында.  Сондай-ақ, Henley & Partners компаниясының паспорт индексі БҰҰ-ның “Халықаралық көші-қон ұйымының” есебінде дереккөз ретінде ұсынылған. Ол туралы толығырақ төменде жаздық.

VisaGuide.World Паспорт индексі рейтиңі

“VisaGuide.World” веб-сайты, 2017 жылы іске қосылған. VisaGuide.World паспорт индексі әлемнің 199 елінің паспорттарына талдау жасап, әрбірін жеке бағалау үшін Destination Significance Score (DSS) факторын пайдаланады. 2023 жылғы дерек бойынша, Қазақстан 199 елдің ішінде 112-орында. Рейтиңте Қырғызстан 129-орынды, Тәжікстан 137-орынды, Өзбекстан 138-орынды, ал Түркіменстан 166-орынға тұрақтаған.

Nomad Паспорт индексі рейтиңі

Nomad паспорт индексі – “Nomad Capitalist” компаниясының сарапшылары құрастырған, әлемнің 199 елінің паспортына талдау жасау арқылы әзірленген индекс жүйесі. Бұл индекстің өзге аталған рейтиңтерден айырмашылығы, мұнда салық комитеттері ұсынған ақпарат, қос азаматтық алу мүмкіндіктері, адамдардың даму және бақыт индексі есепке алынады. Сонымен қатар мемлекеттің рейтиңтегі орнын белгілеуде бостандық деңгейін анықтау үшін міндетті әскери қызмет, мемлекеттік қадағалау, баспасөз бостандығы және басқа да факторлар туралы деректер мен жаңалықтар маңызға ие. 2023 жылғы Nomad Паспорт индексі рейтиңіне сәйкес, 199 елдің ішінде Қазақстан 56,5 баллмен 117-орынға, ал Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға тұрақтаған. Қырғызстан мен Өзбекстан 142-орынды, Тәжікстан 145-орынды, Түркіменстан – 179-орынды иеленген. 

Материалды дайындаған: Шынар Төлеухан

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz