Қазақстан халқының еңбегі қаншалықты өнімді?

14 маусымда өткен мәжіліс отырысында депутат Олжас Құспеков еліміздегі еңбек өнімділігі жайында бірер сөз қозғап, сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, 2021 жылы еңбек өнімділігі 1 сағатта 29 долларды құрады және бұл ең төменгі елдер қатарында. Тіпті бұл көрсеткіш ешқандай табиғи байлығы жоқ , судың өзін импорттайтын Сингапурдан да төмен-мыс. Осы орайда кетірген деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:52:11

Қазіргі таңда, еліміздегі еңбек өнімділік көрсеткіші ең төменгі елдер қатарында. 2021 жылғы мәліметіне сәйкес, еңбек өнімділігі 1 сағатта 29 долларды құрады.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Манипуляция

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, 2021 жылы (ең кейінгі дерек) еңбек өнімділігі 1 сағатта 29,08 АҚШ долларын құрады. Алайда бұл көрсеткіш 189 мемлекеттің ішінде 63-орынға ие, яғни депутат келтіргендей “ең төменгі елдер” қатарында емес.

Салыстырмалы түрде Ресейде 30,36 доллар, Украинада 14,52 доллар, Өзбекстанда 10,26 доллар, Қырғызстанда 7,81 доллар.

Еңбек өнімділігі дегеніміз – ел экономикасының сағаттық өнімін өлшейтін ұғым. Нақтырақ айтсақ, ЖІӨ-ні елдегі жұмыс күшінің жалпы сағатына бөлу арқылы есептеледі. Еңбек өнімділігінің өсуі үш негізгі факторға байланысты: жаңа технологияны, физикалық және адами капиталды инвестициялау.

Салыстыратын болсақ, көш бастап тұрған Люксембургтың өнімділік көрсеткіші 1 сағатта 136 долларды құраса, ал ешқандай табиғи байлығы жоқ, судың өзін импорттайтын Сингапурдағы көрсеткіш 1 сағатта 74 долларды құрап отыр. [2021 жылғы дерек – ред.]

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сай, Люксембург 136,45 доллармен көш бастап тұр, одан кейін Ирландия 121,95 доллар, АҚШ Вирджин аралдары 81,96 доллар және Сингапур 74,15 долларды құрады.

Алайда, отандық сарапшылар шынайы көрсеткіш әлдеқайда төмен – 11 доллар шамасында деп дабыл қағуда. Бұл көрсеткіш Мавритания, Марокко, Судан және басқа да африка елдері деңгейінде.

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Ұлттық статистика бюросында еңбең өнімділі жайында есеп 2012 жылдан бері жүргізілмейді. Дегенмен, еңбең өнімділігінің бір жұмыскерге шаққандағы саны бар. Яғни жылдық ЖІӨ-ді жұмыскер санына бөлу арқылы есептейді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 9,9 млн теңгені құраған.

Сарапшылардың нақты пікірлерін ашық дереккөзден таппаған соң экономист Меруерт Махмұдованың пікірін сұрадық. Ол кісі былай дейді:

Біріншіден, біздің статистика сағат сайын еңбек өнімділігін санамайды. Екіншіден, бізде еңбек нарығындағы статистика мүлдем шындыққа жанаспайды. Мысалы жұмыссыздық мәселесін қарасақ болады. Сондықтан еңбек өнімділігін де анық бағалау әрі санау мүмкін емес.

Меруерт Махмұдова, экономист

Ал еліміздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімі көрсеткіші – сағатына 2,5 доллар болып отыр (5 000 доллар жылына).

Олжас Құспеков, мәжіліс депутаты

Үкім: Техникалық қате

Жоғарыда жазғанымыздай бізде еңбек өнімділігінің бір сағатқа шаққандағы статистикасы жүргізілмейді. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші бір жұмыскерге шаққандағы дерегінде жылына 3 350 700 теңге көрсетілген. Оны 12 айға бөлгенде 279 225 теңге болды. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында бір адам айына 128 сағат жұмыс істесе, 1 сағатта шамамен 2181 теңге немесе 2021 жылдағы доллар курсына шаққанда 5 долларға жеткен. Депутаттың “2,5 доллар болды” деген деректі қайдан алғаны белгісіз.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің “2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарын іске асыру туралы есебіне” сай жоспар бойынша 2021 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбең өнімділігін 23,9%-ке көбейту керек болған. Алайда жалпы өнімнің өсу қарқыны төмен болғандықтан тек 3,3%-ке өскен.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz