Қайырымдылықты шамадан тыс бақылау: заңнамадағы түзетулерден кейін не өзгереді

2024 жылғы мамырда Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қайырымдылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау үшін жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобының мүшесі, «Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» ҚҚ басшысы Светлана Ушакованың айтуынша, өзгеріс енгізудің негізгі себептері – ФАТФ-тың сегізінші ұсынысын орындау және қайырымдылық қызметін бақылауды қамтамасыз ету.

ФАТФ (Financial Task Force) – бұл ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйым. Сегізінші ұсыныс 2001 жылы АҚШ-тағы 11 қыркүйек терактісінен кейін енгізілген. Оның мақсаты – коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) заңсыз мақсатта, мысалы, террористік топтар тарапынан пайдаланылуына жол бермеу. Дегенмен, 2023 жылы ФАТФ бұл ұсынысты үшінші рет қайта қарап, заңды қайырымдылық және гуманитарлық қызметтің шамадан тыс реттеуден және КЕҰ-ға негізсіз шектеулерден қорғалуы үшін түзету енгізді.

Өзгерістер енгізудің тағы бір ықтимал себебі – Қаржылық мониториң агенттігінің мәліметінше, су тасқыны кезінде жиналған 6 миллиард теңгенің 1,5 миллиард теңгесінің ұрлануы.

Ендеше, заңнамаға ұсынылып отырған түзетулер қандай және олар не әкелуі мүмкін?

Бақылау, жауапкершілік және аккредитация

1. Қайырымдылық саласында жауапкершілікті енгізу (бұған дейін мұндай талап болмаған)

Жауапкершілік тек қайырымдылықпен айналысатындарға ғана емес, көмек алушыларға да қатысты болады.

Жеке тұлғалар қайырымдылық қаражатты басқа адамдар үшін жеке шоттарына жинай алмайды (жануарлар мен өсімдіктерге көмек көрсету жағдайын қоспағанда) – жинаған жағдайда 80 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады (2024 жылы бұл шамамен 295 мың теңге). Қаражат жинау тек көмек алушылардың жеке шоттарына және тек тиісті хабарлама арқылы жасалуы мүмкін.

Қаражат жинау басталғаны мен аяқталғаны туралы уәкілетті мемлекеттік органды (УО) хабардар ету талабы енгізіледі. Жеке тұлғалар қаражат жинау басталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде УО-ға қаражат жинау мақсатын, сомасын, мерзімін, үш айдан аспауы керек, сондай-ақ қаражат жіберілетін шотты көрсету арқылы хабарлауы тиіс. Ақша жинау аяқталғаннан кейін үш күн ішінде мекемеге арнайы барып хабардар ету қажет. Бұл ақпарат бірыңғай интернет-платформада жарияланады.

Осы талапты сақтамағаны үшін 10 АЕК (шамамен 37 мың теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл сомасы екі есе артады.

Егер жиналатын қаражаттың белгіленген сомасынан асып кетсе, жеке тұлға бір күн ішінде қаражат жинауды тоқтатып, бұқаралық ақпарат құралдарында және/немесе өзінің интернет-ресурсында бұл туралы хабарлауы керек.

Қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін жеке тұлғалар мен қайырымдылық ұйымдарына 200 АЕК (738 400 теңге) айыппұл қарастырылған. Қызығы, көмекті алушыға да қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізілмек. Бірақ бұл әрекетті кім және қалай тексеретіні туралы нақты ережелер әлі жоқ.

Қайырымдылық туралы заңның орындалуын бақылауды әкімдіктер жүзеге асырады.

2. Төтенше жағдай кезіндегі қайырымдылыққа күшейтілген бақылау

ТЖ кезінде қайырымдылық ұйымдары өз бетінше қаражат жинай алмайды. Азаматтық қорғау саласындағы жергілікті билік органдары қаражат жинау үшін арнайы ұйымдарды тағайындайды. Яғни, мемлекет ТЖ кезінде қайырымдылық қаражат жинауды жүзеге асыратын бірыңғай операторды анықтайды.

Дүниежүзілік табиғатты қорғау қорының (WWF) мәліметі бойынша, климаттың өзгеруі жағдайында ТЖ қаупі артып келеді. Биылғы көктемде болған су тасқыны кезінде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар зардап шеккендерге көмек көрсетуге және салдарын жоюға көп ақша бөлген.

Мемлекет осындай үлкен қаржы ағынын бақылауға мүдделі екені түсінікті. Алайда бірыңғай операторды белгілеу қайырымдылықты шектеп, жемқорлық тәуекелдерін арттыруы мүмкін.

3. Қайырымдылық ұйымдарын міндетті түрде аккредитациялау

Қайырымдылық қызметін жасау үшін ұйым аккредитациядан өтіп, куәлік алып, бірыңғай цифрлық платформадағы тізілімге жазылуға тиіс.

Барлық аккредиттелген қайырымдылық ұйымдары өз қызметі туралы барлық ақпаратты осы платформада жариялауы керек (қайырымдылық бағдарламалары, қаражат жинау туралы ақпарат, есеп, еріктілермен/қолдау алушылармен келісімшарт және т.б.).

Заң жобасының негіздемесінде бұл шара Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының қызметін ашық және айқын етуге, оларға деген сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылған. Заң жобасын жасаушылар Ұлыбританияның Charity Commission тәжірибесіне сүйенгендерін атап өтті.

Алайда Ұлыбританияның қайырымдылық жөніндегі Комиссиясы министрліктерге бағынбайтын, парламентке және қоғамға есеп беретін мекеме. Ол қайырымдылық ұйымдарын тіркеумен айналысады, бірақ аккредитация жүргізбейді. Тіркеу жылдық табысы 5 мың фунттан (шамамен 3,12 миллион теңге) асатын ұйымдарға ғана қажет. Тіркеудің артықшылықтары: салық жеңілдігін алу құқығы, бизнестің төмендетілген салық мөлшерлемелері, қайырымдылыққа берілген қаражаттан салықты қайтару мүмкіндігі. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге сәйкес, қайырымдылық ұйымдарын аккредитациялау ерікті болуы және рұқсат беру емес, хабарлама беру сипатына ие болуы тиіс.

Қазақстанда барлық қайырымдылық ұйымына табыс көлеміне қарамастан міндетті аккредитация енгізу ұсынылуда. Алайда, заң жобасында аккредитацияланған қайырымдылық ұйымдарына басқа коммерциялық емес ұйымдармен салыстырғанда салық жеңілдіктерін немесе басқа да артықшылықтар қарастырылмаған.

4. Ерікті қайырымдылық жәшіктері тек аккредитацияланған ұйымдарға рұқсат етіледі. Жәшіктің нақты орнын, пайдалану мерзімін және жинау сомасын белгілеу талап етіледі.

Стационарлық жәшіктер ғимарат иесі мен қайырымдылық ұйымы арасындағы келісім негізінде орнатылады. Жылжымалы жәшіктер тек қайырымдылық ұйымы ұйымдастырған қоғамдық немесе басқа іс-шаралар кезінде қойылуы мүмкін.

Бұл шектеу жәшіктерді пайдалану мүмкіндігін айтарлықтай тарылтады. Оның үстіне, барлық жәшік ақша жинауға арналмаған: кейбіреулері киім, жануарларға арналған жем я болмаса азық-түлік жинау үшін пайдаланылады. Мұндай жағдайда не істеу керек деген сұрақтар жауапсыз қалады.

5. Қайырымдылық ұйымдары еріктілердің тізілімін жүргізіп, әрбір еріктімен келісімшарт жасауға міндетті.

Еріктілер туралы ақпарат бірыңғай цифрлық платформада жарияланады. Бұл жерде еріктілердің жеке деректерін қорғау сияқты құқықтық және этикалық аспектілер ескерілуі керек.

Қайырымдылықты шамадан тыс реттеудің қаупі

Қараша айында Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы қайырымдылыққа қатысты оң халықаралық тәжірибелер мен ұсыныстарға шолу дайындады. Бұл құжатта қайырымдылық ұйымдарына өзін-өзі реттеу қағидатын енгізу ұсынылады. Олар: қаражат жинау тәртібін, қоғамның қызметі туралы ақпараттың ашықтығын, этикалық ережелерді өздері әзірлей алады.

Шамадан тыс реттеу: әкімшілік аппаратқа жүктемені көбейтеді, жемқорлықтың болуын арттырады, қазақстандықтардың өздігінен ұйымдасып, көмек көрсету мүмкіндігін шектейді. Бұдан бөлек, бұл өзгерістердің краудфандиңге қалай әсер ететіні түсініксіз. Себебі, Қазақстанда бұл мәселе әлі де заңмен реттелмеген.

2024 жылы Қайырымдылық жөніндегі ғаламдық қор (CAF) «Әлемдегі жомарттық индексі» есебін жариялады. Ол 142 елді қамтиды және қайырымдылық үрдістерін, соның ішінде ақшалай қайырымдылықтарды, еріктілік пен бейтаныс адамдарға көмек көрсетуді бағалайды. Қазақстан 142 елдің ішінде 113-орынға тұрақтады (2023 жылмен салыстырғанда 6 сатыға төмен). Қазақстанның жалпы балы – 33 ұпай (ең жоғарғы балл 100). Бұл ТМД елдерімен салыстырғанда едәуір төмен: Украина – үздік ондықта (57 ұпай); Ресей – 45 ұпай; Өзбекстан – 44 ұпай; Қырғызстан – 42 ұпай.

Есепте үкіметтерге мынадай ұсыныстар берілген:

  • азаматтық қоғам ұйымдарын әділ, бірізді және ашық түрде реттеуді қамтамасыз ету;
  • қайырымдылық жасау, оның ішінде трансшекаралық қайырымдылықты жеңілдету және мүмкін болған жағдайда ынталандыру тетіктерін ұсыну;
  • азаматтық қоғамды қоғамдық өмірдегі тәуелсіз дауыс ретінде ілгерілету және коммерциялық емес ұйымдардың маңызды мәселелер бойынша пікір білдіру құқығын құрметтеу.

MNU доценті және экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі Нығметжан Әбілханұлының пікірінше, мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайларда көмек көрсету және басқа да қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету. Алайда, қайырымдылық ұйымдары мен коммерциялық емес бірлестіктер бұл салада мемлекеттік күш-жігерді жиі толықтырады.

ҮЕҰ әртүрлі және инновациялық қызметтерді ұсыну арқылы мемлекеттік құрылымдармен салыстырғанда икемдірек жұмыс істей алады. Олар түрлі топтарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін эксперимент алаңын құрады. Кейбір жағдайларда ҮЕҰ бюрократияның болмауы себепті мемлекеттік органдарға қарағанда жылдам әрі тиімді жұмыс істей алады.

Сыбайлас жемқорлық жоғары елдерде қайырымдылық ұйымдары мемлекеттің дұрыс қамтамасыз ете алмайтын қоғамдық игіліктерді ұсынуда өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа бейім үкімет білім беру саласына көп қаражат бөлуі мүмкін, бірақ бұл әрдайым оның сапасын арттырмайды. Осындай жағдайда азаматтар құрған ҮЕҰ-дар мәселені шешуде жиі тиімдірек болады.

Адамдар табиғатынан альтруист және жанашыр болғандықтан, қиындыққа тап болғандарға көмектесуге бейім. Бірақ сыбайлас жемқорлық жайлаған билік жағдайында азаматтар мемлекеттік қайырымдылық қорларына сенімін жоғалтады, өйткені олардың ақшасы мұқтаждарға жетпей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Осы себепті тәуелсіз қайырымдылық ұйымдарының болуы айрықша маңызды.

Қазақстан билігінің қайырымдылық саласындағы реттеуді қатаңдату әрекеттері, қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуына қатысты даулар аясында, нарықты адал емес ұйымдардан тазартуға бағытталған болуы мүмкін. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, бұл мәселені шешудің тиімді жолы – тәуелсіз БАҚ-ты дамыту.

Ең әуелі тәуелсіз баспасөз «нашар» қайырымдылық ұйымдарын анықтап, әшкерелеу арқылы оларды нарықтан шығаруға көмектеседі, екіншіден ниеті жаман ұйымдарға нарыққа кіруіне тосқауыл болады. Тәуелсіз ақпарат құралдары қоғамның қайырымдылық қорларға деген сенімін нығайтады, қайырымдылық көлемінің артуына ықпал етеді, көбірек қоғамдық игіліктердің ұсынылуына жағдай жасайды.

Қайырымдылық секторын шамадан тыс реттеудің орнына, бұл оның дамуын тежеуі мүмкін, мемлекет тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға назар аударуы қажет. Бұл қайырымдылық ұйымдарының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың қоғамдағы маңызды рөлін сақтауға мүмкіндік береді.

Экспертка в области прав человека

Factcheck.kz