Газдалған тәтті сусындар қатерлі ісікті тудыра ма?

Халық арасында газдалған тәтті сусындар зиян екені жөнінде жиі айтылады. Уақыт-уақытымен тарайтын әңгіменің расы қайсы, жалғаны қайсы екенін анықтау қиын. Дегенмен кейінгі аптада “газдалған тәтті сусындардың қатерлі ісікке әкелетіні ресми дәлелденді” деген ақпарат бірінен соң бірі жариялана бастады (1,2,3,4) және (1,2,3,4). Ақпаратқа сенсек, зерттеу 30 жыл бойы жүргізілген және зерттеуге 160 мыңнан астам адам қатысыпты. Бұл қандай зерттеу, расымен ресми мойындалды ма? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Газдалған тәтті сусындардың қатерлі ісікке әкеле

Үкім: Манипуляция

Америка медицина қауымдастығына тиесілі JAMA журналы “қант қосылған сусынның ауыз қуысы қатерлі ісігіне әкелу қаупі қандай?” деген сұраққа жауап іздеп, зерттеу жариялағаны рас. Алайда бұл зерттеу толыққанда дәлел бола алмайды. Себебі, біріншіден, бұл зерттеуде тек газдалған сусындар ғана емес, сондай-ақ газы жоқ қант қосылған сусындарды да қарастырады. Екіншіден, зерттеуге тек әйел адамдар қатысқан. Үшіншіден, зерттеудің өзінде қант қосылған сусындардың ауыз қуысы қатерлі ісігіне байланысы бар екенін дәлелдейтін жаңалықтың жоқ екенін алға тартады. Сондай-ақ нәтижелердің әсерін растау үшін зерттеуді әлі жалғастыру керектігін және ерлерге әсерін де қосу керектігін жазады.

Зерттеуде тағы не дейді?

Зерттеу негізінен “әйелдер арасында темекі шегу мен қант қосылған сусындарды тұтыну – ауыз қуысының қатерлі ісігіне әкеле ме?” деген сұраққа жауап іздеу мақсатында жасалған. Талдау анализі 2023-2024 жылдары жасалғанымен, бақылаулар 1986-2017 жылдар аралығындағы әйелдерге жүргізілген. Зерттеуге жалпы саны 162 602 әйел қатысқан, орташа жас – 43. 30 жылдық бақылауда тек 124 адамнан ауыз қуысының қатерлі ісігі анықталған. Нәтижеге сай, күніне кем дегенде бір бөтелке (банка) қант қосылған сусынды тұтынатын адам, айына бір не бірнеше рет тұтынатын адамға қарағанда ауыз қуысының қатерлі ісігін жұқтыру ықтималдығы жоғары. Дегенмен толыққанды шешім шығару үшін фокус топты көбейтіп, ерлерді де қосу керектігін жазады.

ДДСҰ не дейді?

ДДСҰ қант қосылған және газдалған сусындарды үнемі тұтыну – кариес, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары және қатерлі ісік сияқты әртүрлі аурулардың даму қаупінің жоғарылауымен байланысты дейді. Осыған орай ДДСҰ алғаш рет қант қосылған сусындарға жаһандық салық нұсқаулығын әзірледі, яғни осы сусындарға қосымша салық салуға шақырды. Қазіргі уақытта 85 ел осы салық жүйесін қолданады. ДДСҰ денсаулық нығайту жөніндегі директоры Рюдигер Кречтің айтуынша, бұндай салық түрі денсаулықты нығайтудың құралы әрі осылай көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады дейді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz