Фейк | Украина әскері Буча көшелеріндегі мәйіттерді жинап жатыр

Дисклеймер (18+): материалда кей оқырмандарымызға ауыр тиетін кадрлар бар

9 сәуірде интернетте 13 минуттық ролик тарай бастады. Онда Бучадағы жаппай адам өлімі бейнеленіпті-міс. Мәтін қоса жазылған ролик бірнеше телеграм-арна мен yaplakal ресурсының форумында пайда болды. Роликтің астындағы текст бойынша, мұнда Ресей әскері кеткеннен кейін украин әскері Буча көшелерінен мәйіттерді қалай жинап жатқанын көрсеткен және желіге кездейсоқ түсіп қалған кадрлар бар. Анонимді жалған фактчек арналарының бірінде («Кладбище фейков») ол миллион рет қаралған, біздің мәтін жазылып жатқан сәтте оны 228 арна бөліскен. Сол күні-ақ бұл сюжетті кремльдік БАҚ іліп әкетті.

Оқырманымыз – Әлия Тонкобаева осы роликке назар аударып, оны өз бетінше тексеріпті. Біз оның деректерін растап, сіздермен бөліскенді жөн көрдік.

Фейк | Украина әскері Буча көшелеріндегі мәйіттерді жинап жатыр

Үкім: Фейк

Мұнда дезинформация тарату мақсатында роликке ойдан шығарылған мәтін әдейі қосылған. Шын мәнінде, бұл – 2 сәуір күні Бучадан Ресей әскері кетіп, украиналықтар кіргеннен кейін америкалық Associated Press жаңалықтар агенттігі түсірген деректі түсірілім. Кадрлардың бір бөлігінде қала көшелерінен табылған мәйіттерге мина қойылған-қойылмағанын украина әскерінің арқан арқылы қалай тексеріп жатқаны көрсетілген. АР-ке сілтеме жасалған видео 3 сәуірде украиналық Freedom UA тележобасының сюжетінде пайдаланылды.

AP архив видеосы / 18+
Фейк | Украина әскері Буча көшелеріндегі мәйіттерді жинап жатыр
AP ролигінен алынған кадр

Сюжеттегі тағы бір жалған ақпарат – роликті ВСУ арнайы жасағының ақпарат орталығының әлдебір қызметкерлері түсіргені туралы. Біріншіден, оны растайтын дерек мүлдем жоқ, екіншіден біз оның AP түсірілімі екенін жақсы білеміз. Кадрда сәйкесінше логотип қойылған, оны AP архивінен жоғары сапада жүктеп алуға болады. Бұл – аса бас қатырмай, уақыт жұмсамай жасалған фейк. Ең қызығы, блог пен бөлісулерді айтпағанда оны кем дегенде бір федералды және көптеген өңірлік БАҚ жариялады.  

Оқырмандарымызға осы секілді ақпараттарды тексеру үшін мұқият зер салып қарап, логиканы іске қосуға, сондай-ақ фото мен видео тексеретін құралдарды пайдалануға кеңес береміз. Дегенмен «таңқаларлық жаңалықтың» шын мәнінде еш мағынасыз екенін анықтау үшін гуглдан кілт сөздер мен сурет арқылы іздеу жетіп жатыр.

Еске сала кетейік, фактілерді тексеру кәсіби фактчекерлердің ғана міндеті емес, қазіргі замандағы кез келген адамға қажет маңызды (бастысы – қолжетімді) қабілет. Әлияға және оқырмандарымызға дезинформацияны талдауға үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз.

2022 жылдың 12 сәуірінде жаңартылды: бізбен бірге ресейлік «Проверено» басылымының фактчекерлері тексеріс жүргізді. Олардың материалынан видеоның мұқият талдауын көріп, сапер мен минаны жою маманының пікірін оқи аласыз.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz