Депутат Қырықбаев есірткі жайында қаншалықты рас сөйледі?

11 қыркүйкекте өткен мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев еліміздегі есірткі мен психотроптық заттар туралы мәселе көтеріп, сауал жолдады. Қырықбаевтің айтуынша, кейінгі 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен. Сондай-ақ, әлемде есірткіге тәуелді адамдар саны жыл сайын өсіп келетінін мәлімдеді. Factcheck.kz депутат деректерін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:38:35

Мәлімдеме: 2023 жылы 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған. Сондай-ақ, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу канал жойылыпты.

Темір Қырықбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР ҰҚК дерегінше, 2023 жылы 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасау үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер алынды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 150-ден астам операция жүргізіп, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылды.

Мәлімдеме: Соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен. Яғни, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 килограмм болса, 2023 жылы 1 тоннаға дейін жеткен.

Темір Қырықбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Polisia.kz ақпаратына сай, кейінгі жылдары есірткі тәркілеу көлемі артып келеді. 2019 жылы – 10 келі, 2020 жылы – 50 келі, 2021 жылы – 100 келі, 2022 жылы – 582 келі, 2023 жылы –  1 тонна 40 келі тәркіленген.

Мәлімдеме: Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны өсіп келеді.

Темір Қырықбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының 2024 жылғы есебінде, кейінгі 10 жылда есірткіге тәуелділер 20%-ке өскен. Әлем бойынша 2022 жылы есірткіге тәуелдәлер саны 292 млн-ға жеткен, оның ішінде: каннабис – 228 млн, опиоид – 60 млн, амфетаминдер – 30 млн, кокаин – 23 млн және экстаз – 20 млн.

Мәлімдеме: Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.

Темір Қырықбаев, мәжіліс депутаты

Үкім: Шынлыққа жақын

ДДСҰ ақпаратына сай, ең кейінгі дерек бойынша әлемде 600 мыңға жуық өлім есірткіге байланысты болған. 80%-ке жуығы опиоид тұтынуға байланысты, ал оның ішінде 25% өлім опиоидты мөлшерінен артық тұтынғаннан болған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz