Астана әкімдігі журналистер құқығын шектейтін заңға қарсы митиңге рұқсат бермеді

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы қоғамда қызу талқыланып және сарапшылар мен журналистер сынына ұшырап жатқан “Масс-медиа туралы” заң жобасына қарсы митиң өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Factcheck.kz сайты хабарлады.

Митиңді 19 ақпанда өткізу туралы өтінішті Құқықтық медиа орталығының заңгері Гүлмира Біржанова берген. Алайда Астана қаласының ішкі саясат басқармасы Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңға сүйеніп, митиңге рұқсат бермеді.

Бұл заңға сәйкес, жергілікті атқарушы орган митиң өтетін орында ресми, мәдени, спорттық құрылыс-монтаждау жұмысы және өзге де іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса митиң өткізуге рұқсат бермейді. Бірақ Ішкі саясат басқармасы ресми жауабында нақты не өтетінін ескертпеді.

Бұған дейін Астана мен Алматыда өткен баспасөз жиынында Гүлмира Біржанова ведомство медиа қызметкерлерінің «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты жолдаған ұсыныстың бірде-бірі ескерілмегенін айтқан.

Контекст

  • Құқық қорғаушылар мен журналистер «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасын сынап келеді. Олар жобаның мәтіні журналистер құқығын қорғамайтынын, керісінше халықаралық стандарттарға қайшы екенін мәлімдеді.
  • Қазіргі уақытта заң жобасының қабылдануына қарсы петицияға қол жиналып жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz