АПВ вакцинасы туралы мифтер

2024 жылы күзде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 11 жастағы жасөспірім қыздарға қайтадан адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салуды жоспарлап отыр. Бұл шара үкіметтің 2023-2025 жылдарда онкологиялық аурулармен күресу жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырылған.

Адам папилломасы вирусы (АПВ) – жыныстық жолмен берілетін ең көп тараған инфекциялардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, АПВ-ның 200-ге жуық типі белгілі. Олардың көбі зиян келтірмей, өздігімен жазылып кетеді. Дегенмен кейбіреуі ағзада ұзақ уақытқа қалып, жатыр мойны обырының (ЖМО) және өзге де онкологиялық аурулардың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Бұлардың ішіндегі кең тараған «аса қауіпті» 16 және 18 генотипі ЖМО-ға шалдыққандардың 70%-де обыр тудырушы ретінде анықталған.

АПВ-дан екпе алу – бүгінде ЖМО және өзге де обыр ауырына әкеп соғатын вирустың қауіпті типтеріне қарсы ең оңтайлы тәсіл болып отыр.

Қазақстанда бұған дейін де АПВ-ға қарсы екпені еңгізуге тырысқаны белгілі, сол үшін де қоғамда бұған қатысты дақпырт әңгіме көп. Оның біразын біз 2020 жылы талдап жаздық. Жаңа материалда Factcheck.kz АПВ-екпесі саласындағы зерттеуші, акушер-гинеколог Фатима Қасымбековамен бірге бұл мәселе төңірегінде көп тараған алып-қашпа әңгімелерге қайта айналып келіп, жаңа деректер арқылы талдап көрмек.

№1 миф: АПВ-ға қарсы вакцина бедеулікке әкеп соғады.

Үкім: Жалған

Вакцинаның бала көтеруге деген кері әсері көптеген ғылыми зерттеулер арқылы теріске шықты. АПВ-вакцинасы мен бедеуліктің немесе болашақ ұрпаққа кесірі арасында байланыс мүлде жоқ.

«АҚШ-та өткен зерттеу кезінде 3 483 әйел мен олардың серігін бақылауға алған. Бұлардың 34%-ті АПВ-ға қарсы екпе алған. Анализдер нәтижесінде 18 жасқа дейінгі қыз балалардың бала көтеру қабілетіне вакцинаның әсері байқалмаған, тіпті еркектердің ұрық сапасы сәл артқаны да тіркелген. Сондай-ақ бұл зерттеу кезінде бұрындары жыныстық инфекцияларға шалдыққан әйелдерге АПВ-вакцинасы жүкті болуына оң әсер еткені де белгілі болған», – дейді Фатима Қасымбекова.

Тағы бір мысал: Кокрейн кітапханасындағы ең үлкен жүйелі шолулардың бірінде АПВ-ға қарсы вакцина алған әйелдердің жүктілік нәтижелері мұқият зерттелген. Әлемнің түкпір-түкпірінен кездейсоқ таңдалған, 76 мыңнан астам адам қатысқан 26 клиникалық зерттеудің деректерін біріктірген есепте АПВ-ға қарсы вакцинаның жүктілікке қауіпсіз екені статистикалық түрде дәлелденген.

№2 миф: АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырына әкеп соғады.

Үкім: Жалған

АПВ-ға қарсы вакцина обыр тудырмайды – керісінше, бұл екпе, АПВ-ның жоғарғыонкогендік типтеріне қарсы жасалған және жатыр мойны обырының пайда болуы қауіпін азайтады.

«Жатыр мойны обырының 70%-ті АПВ-ның 16- және 18-типтерінің ағзағада ұзақ жүруіне байланысты пайда болғаны белгілі, ал обырдың басқа түрлері АПВ-ның өзге 12 типіне қатысты пайда болған: 31, 33, 35, 39, 45, 51, 52, 56, 58, 59, 68 және 73», – дейді Фатима Қасымбекова.

Ағзада вирустың ұзақ жүруі – иммунитеттің вирусты жеңе алмауы. «Вирустың ағзада ұзақ жүруі адамға өте қауіпті. Ұлттық обыр институты журналының зерттеу деректеріне сүйенсек, АПВ-ның 16 типінің тұрақты түрде ағзада қалған кезде жатыр мойны обырының пайда болуы 10 жыл ішінде 18%-ке жетіп отыр», – деп айтып өтті Қасымбекова.

Вакцинация кезінде адамның иммундық жүйесі вакцина ақуызын бөтен деп қабылдайды да оған қарсы адам папилломасы вирусына арнайы антидене жасап шығарады. Адам ағзасына вирус түскенде бұл антиденелер вирустың көзін жояды. Яғни ауру жұқтырғанға дейін вакцина енгізгенде адам азғасына түскен вирусқа төтеп бере алады.

Жоғарыда айтып өткен кокрейндік жүйелік шолуда вакцина 15-26 жас аралығында екпе алған қыздарда бірнеше жыл бұрын жатыр мойнының обыр алдындағы ауруынан сақтайды деген пікір білдірген.

«Швецияда 1,5 миллон вакцина алған және алмаған 31 жасқа дейінгі әйелдерде жатыр мойны обырының пайда болуын зерттеген. Бұл зерттеуде вакцина алған әйелдерде жатыр мойны обырының пайда болу қауіпі 88%-ке төмендеген», – дейді дәрігер.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдердің онкопотология құрылымында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын Қазақстанда 1800-ге жуық жатыр мойны обыры тіркеледі және 600-ге жуық адам осы аурудан қайтыс болады.

№3 миф: Ағзасында АПВ бар адамға вакцина көмектеспейді.

Үкім: Жалған

АПВ-ға қарсы вакцинация адам папилломасы вирусының алдын алу үшін жасалған, дегенмен АПВ-вакцинасы бұрын жұқтырған адамдарға да пайдалы боулы мүмкін.

Вирусты жұқтыру қауіпі адамның жыныстық жетілген кезінде артатынын ескерсек, вакцина алуға 9-15 жас аралығы оңтайлы деуге болады.

Оған қоса АПВ-нің бір типін жұқтырған адам вакцина алса, екпе өзге типтеріне қарсы да төтеп беруге мүмкіндік береді, қайта жұқтыру және тарауын тоқтата алады.

№4 миф: АПВ-ға қарсы вакцинаны тек қыздарға салу керек.

Үкім: Жалған

АПВ-ға қарсы вакцина қыздарға ғана емес, ұлдарға да ұсынылады. Көптеген елде (Аустралия, Франция, Германия, АҚШ, Канада, Норвегия және басқалары) жасөспірім және жас қыздар мен ұлдарға жынысына қарамай вакцина салады.

«АПВ адамның барлық онкоауруларының 5% тудырады, олардың ішінде 80%-ті жатыр мойны обырына тиесілі. АПВ кесірінен пайда болатын басқа да обыр түрлері ерлер мен әйелдерде бар ауру, олар: өңеш обыры, тамақ обыры (бас және мойын обыры тобы), тоқ ішек обыры (аналды каналдың бөлігі). Ерлерде бұл вирус жыныс мүшесі обырына, ал әйелдерде сарпай және қынап обырының пайда болуына әсер етеді», – дейді Фатима Қасымбекова.

Жасөспірім ұлдарға вакцина салу олардың жоғарыда тізіп өткен обыр түрлеріне шалдықпауына септігін тигізеді және оларды жыныс мүшесіне сүйел мен кондилома шығуынан сақтайды. Одан бөлек жасөспірімдерді вакцина салу арқылы АПВ тарауын төмендетіп, ұжымдық иммунитеттің пайда болуына қол жеткізуге болады. Бұл өз кезегінде иммунитеті әлсіз адамдарды қорғауға көмектеседі.

Маңызды толықтыру

Вакцина салдырдым деп гинекологқа тұрақты қаралмай, скриниң тексеруден өтпей қоюға болмайды. Аса қауіпті ауруларды уақытылы байқап немесе оларды болдырмау үшін тұрақты мекенжай бойынша клиникадан уақытылы тексерістен өткен абзал.

Контекст

Естеріңізге сала кетейін, Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцина алғаш рет 2013 жылы енгізілген еді. Бұл пилоттық жоба ретінде төрт аймақта өтіп, көптеген адамның бас тартуына және бірнеше оқушы қыздың талып қалуына байланысты 2015 жылы тоқтатылған. Кейіннен мамандар оқушылардың талып қалуына вакцина емес, жеке жағдайғаларға байланысты болғаны және кейіннен оның денсаулығына ешқандай кері әсер етпегенін анықтаған.

Материалды Әмина Ахметова дайындады

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz