Апталық шолу: Интернетсіз оқушылар, 67 млн доллар және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz тілшілері әдеттегідей депутаттар мәлімдемелері мен қазақстандық медиада айтылған ақпаратты тексерді. Оқырмандарға осы аптада жарияланған материалдарға шолуды ұсынамыз.

Депутат Қоңыров қателесті ме?

Аптаның алғашқы күні жарияланған материалы — депутат Айқын Қоңыровтың тамыздағы жәрдемақы мен жұмыспен қамтылғандар туралы айтылған мәлімдемесі. Депутаттың айтуынша, тамыздың соңында табысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақыға 2,6 миллион қазақстандық өтініш тапсырған. Бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 30 %-і.

Депутат 42500 теңге жәрдемақы алу үшін өтініш бергендер санынан жаңылмады. 1 қыркүйектегі дерек бойынша, азаматтардан 2 млн 607 мың өтініш қабылданды.

Статистика комитетінің деректері бойынша, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 8,8 адам жұмыспен қамтылған. Демек, депутат есептеуде шатаспады. 2 млн 607 мың адам жұмыспен қамтылғандардың 29,63 %-і.

Қылмыстың 12%-і әйелдерге тиесілі ме?

5 қыркүйекте Stan.kz сайты Астана телеарнасына сілтеме жасай отырып, әйелдер жасаған қылмысты тізбектей келе, жалпы қылмыстық статистикада 12%-і әйелдерге тиесілі екенін жазды.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚР БП ҚСАЕАЖК) дерегіне сенсек, бұл рас ақпарат. 2019, 2018, 2017 жылдардың әрбірінде тіркелген қылмыстың 12%-і әйелдерге тиесілі. 2016 жылы бұл көрсеткіш 13% болған.

Stan.kz порталында пандемияның әсерінен соңғы кезде әйелдер арасындағы қылмыс артқаны туралы жазылған. Редакция бұл деректің манипуляция екенін анықтады.

Дүниежүлік банктен қарызға алынған 67 млн доллар

9 қыркүйекте ҚР Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева басқа депутаттар тәрізді қашықтан оқыту мәселесін көтерді. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар тап болған қиындықтарды тізбектей келе 2017 жылы ҚР БҒМ бастамасымен орта білімді модернизациялау жобасына Дүниежүзілік банктен 67 млн доллар сомасында қарыз алынғанын еске салды.

Шынында Қазақстан 2017 жылдың тамыз айында Халықаралық қайта құру және даму банкімен 67 млн АҚШ долларына тең қарыз алу туралы келісімге келді. Келісімшартқа сәйкес, резервте ұстау комиссиясы қарыз сомасының 0,25% құрайды. Яғни, комиссия 167,5 мың долларға тең. Келісім 2018 жылғы 13 маусымдағы заңмен ратификацияланды. Толықтай бұл жайлы мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Интернетсіз оқушылар

9 қыркүйекте Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, жауапты министрліктердің қашықтан оқытуға қазақстандық 7 интернет-платформаның толық дайын екенін растағанына қарамастан пандемия кезеңінде оқушылардың қашықтан оқуы үзіліп қалды. Атап айтқанда, депутат бүгінгі таңда 835 ауылды аймақта 55 мың оқушы интернетке қосыла алмай отырғанын және 1 миллионнан астам оқушының (30%) компьютері жоқ екенін мәлімдеді.

Өкінішке қарай, ашық ақпарат көздерінде қанша ауылдың, тіпті, ондағы қанша оқушының интернетке қосыла алмайтындығы туралы статистика жоқ. Бұл жағдайда тек жауапты ведомство өкілдерінің ресми мәлімдемелеріне сүйене аламыз. Бұл қанша оқушының жеке компьютері жоқ екені туралы сұраққа да қатысты. Дегенмен біз жағдайды жалпылай қарастыра аламыз.

Мысалы, 26 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКК) өткен онлайн баспасөз конференциясында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко интернетке кең жолақты қолжетімдікті қамтамасыз ететін желілер қазірдің өзінде 4646 елдімекенде салынғанын айтты. Сонымен бірге, оның айтуынша, 883 елдімекен интернетке қосылмаған. Бұл туралы толығырақ мына сілтеме арқылы оқысаңыз болады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz