Фактчек | Еспаева 67 млн доллар қарыз туралы

9 қыркүйекте ҚР Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева басқа депутаттар тәрізді қашықтан оқыту мәселесін көтерді. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар тап болған қиындықтарды тізбектей келе 2017 жылы ҚР БҒМ бастамасымен орта білімді модернизациялау жобасына Дүниежүзілік банктен 67 млн доллар сомасында қарыз алынғанын еске салды. Жоба аясында басқамен қатар, ауыл мектептерін компьютер және кеңсе техникасымен жабдықтау, сондай-ақ мектептерді сымсыз интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.

Депутат шұғыл қажет болғанына қарамастан, жобаның жоғарыда айтылған бағыттары бойынша неге әлі күнге дейін конкурс жарияланбағанын, ал ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз етіп, компьютер сатып алуға техникалық тапсырма жасалмағанын сұрады. Оған қоса, Еспаеваның айтуынша, мемлекет үшінші жыл қатарынан қарызды резервте ұстап отырғаны үшін шамамен 160 мың доллар көлемінде комиссия төлеп отыр.

Төменде – Factcheck.kz депутат келтірген сандарды тексерді.

Үкім: Шындық

Шынында Қазақстан 2017 жылдың тамыз айында Халықаралық қайта құру және даму банкімен 67 млн АҚШ долларына тең қарыз алу туралы келісімге келді. Келісімшартқа сәйкес, резервте ұстау комиссиясы қарыз сомасының 0,25% құрайды. Яғни, комиссия 167,5 мың долларға тең. Келісім 2018 жылғы 13 маусымдағы заңмен ратификацияланды.

67 млн доллар қаншалықты тиімді пайдаланылып жатыр және жалпы пайдаланылып жатыр ма деген сұрақ ақпарат алаңында талқыланып жүр. Өйткені бұл сұрақты «Ақ жол» партиясының өкілдері Дания Еспаева Мәжілісте айтқанға дейін де көтеріп жүрген. Шілденің соңында фракция білім министріне сауал жолдап, жауап ала алмады.

Тамыздың басында Азат Перуашев «Караван» медиапорталына берген сұхбатында 67 млн доллар туралы айтып өтті. Бір айдан кейін мәжілісмен Atameken Business телеарнасының тілшісімен әңгімелесу кезінде тағы да осы сұрақты көтерді. Партия қарыз алуға бастамашы болған және мектептерді модернизациялау жобасының орындалмауына жауапты адамдарды табу керек деп есептейді.

Еспаеваның депутаттық сауалынан кейін 9 қыркүйекте Білім және ғылым министрлігі Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, вице-министр Шолпан Каринова қарыздың жайын айтып берді.

Жобада бірнеше іс-шараның жоспары бар. Алғашқы жылы бір іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Биыл екі компонент жүзеге асырылып жатыр, үшеуіне қол қою ғана қалды. 2021 жылға да жоспарланған іс-шаралар бар.

Шолпан Каринова

Вице-министр компьютерлерді сатып алу 2021 жылға жоспарланғанын атап өтті. Бірақ пандемия іс-шаралар жоспарына өзгеріс енгізді. Дегенмен, Каринованың айтуынша, қаржыны 2021-ден 2020-ға ауыстыру үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша шығын кетеді және бюджет заңнамасы бойынша қосымша жұмыс істеу керек. Бұл уақытты алады. Осыған байланысты мекеме компьютер сатып алу мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға арналған Дүниежүзілік банк қаржысынан бас тартуды шешіп, оның орнына мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалануды жөн көрген. Ол үшін 70 млрд теңге шамасында қаржы бөлінді. Каринова басқа бағыттар бойынша жоба жүзеге асып жатыр деп сендірді.

ҚР БҒМ Білім беруді цифрлы трансформациялау департаментінің директоры Қанат Кеңбай бас тарту туралы сұраныс Қаржы министрлігінің кеңсесіне жіберілді деп толықтырды. Дегенмен Қазақстандағы Дүниежүзілік банк өкілі Жан Франсуа Марто Atameken Business арнасына берген сұхбатында халықаралық қаржы институты үкімет тарапынан әзірге бас тарту туралы ресми сұраныс алмағынан мәлімдеді.

Контекст

  • 2,6 млн-ға жуық оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқу форматында бастады. Бірінші күннен ата-аналар оқу процесін ұйымдастырудың әлсіз екендігіне шағымданды. Қолайсыз жағдайлар да болды. Астанадағы бесінші сынып оқушылары Zoom платформасында сабақ өтіп жатқанда белгісіз біреулер порнографияны қосып жіберген. Сондай-ақ қашықтан оқуға арналған жергілікті платформаларға үнемі хакерлер шабуыл жасап отырады.
  • Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Жәмила Нұрманбетова да қашықтан оқу тақырыбын сөз қылып, Қазақстанда 835 ауылда әлі күнге дейін интернет, ал 1 млн оқушының жеке компьютері жоқ екенін мәлім етті. Біз бұл мәлімдемелерді тексердік те үкімсіз қалдырдық. Себебі жауапты мекемелер басқа сандарды көрсетеді, біз оларға сенуге бола ма, жоқ па – білмейміз. Ол туралы толығырақ мына жерден оқыңыз.
Factcheck.kz