Антикор ақшаны қайда жұмсап жатыр?

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық қауіпсіздік қызметімен бір деңгейде мемлекеттегі ең ықпалды күштік құрылымдардың бірі саналады. Кейінгі уақытта арнайы қызмет мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен жақындарына қатысты істерімен көзге түсті.

Мемлекет жыл сайын ведомствоға біршама қаржы жұмсайды. Осыған орай Factcheck.kz редакциясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің салық төлеушілердің ақшасын қайда жұмсап жатқанын анықтап көрді.

Құрылым және қаржыландыру

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет — мемлекеттік қызмет және экономикалық сектордағы салалардың бәріндегі сыбайлас жемқорлықпен күресумен айналысатын мемлекеттік орган. Ашылғалы ведомствоны бірнеше рет қайта ұйымдастырған. Бұрындары ол қазір жұмысын тоқтатқан Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрамына, кейінірек Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қараған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлек ведомство ретінде 2019 жылы жұмыс істей бастады. Сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы шыққан еді. Содан бері ведомство мемлекет басшысына тікелей бағынады.

Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылымына 20 аймақтық департамент қарайды: Қазақстанның әр облысында біреуден, сонымен қатар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ведомство бөлімшесі бар. Сондай-ақ арнайы қызметтің құрылымдық бөлімдері де бар. Мысалы: превенция қызметі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі, өздік қауіпсіздік департаменті және т.б.

Мемлекет арнайы қызметті қаржыландыруға көп ақша бөледі. Мысалы, мемлекеттік бюджет туралы заңға сәйкес, 2023 жылы қызметке 34 млрд теңге бөлінген. Салыстырып шықсақ, биыл Экология министрлігіне 16,9 млрд теңге, Ақпарат министрлігіне — 13 млрд, Цифрлық даму министрлігіне — 23,5 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар кейінгі бір жылда Антикор бюджеті 10 млрд теңгеге өскен. 2022 жылы ведомствоға 23,9 млрд теңге, 2021 жылы24,1 млрд теңге, 2020 жылы22,8 млрд теңге бөлінген.

Антикор 2023 жылы ақшаны қайда жұмсады?

Жақсы қаржыландырылатынына қарамастан, басқа мемлекеттік құрылымдарға қарағанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тендерге көп шашыла бермейді. Мемлекеттік сатып алулар сайты дерегінше, 2023 жылы ведомство мемлекеттік келісімшарттарды жасауға 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсамақ. Ұйым құрылымына 20 бөлімше қарайтынын, қаржының көбі мемлекеттік құрылым жұмысына қажет қызметтерге жұмсалатынын да ескеру керек.

Алайда, бұл тізімде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ішкі құрылымын көрсететін қызық тендерлер де бар. Мысалы, ақпанда ведомство автокөліктер жөндеу үшін 14,3 млн теңгеге тендер жариялаған. Техникалық сипаттамаға сәйкес, Антикорда Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry 70, Toyota Camry 55, KIA Quoris не KIA Optima секілді көліктер бар. Ведомство бұдан да ірі көліктерге иелік етеді. Мысалы, Hyundai Counti автобусы, Газ 3302 не Камаз. Ведомство бұл лот бойынша 9,3 млн теңгеге келісімшарт жасаған.

Сәуірде ведомство автокөлік жөндеу үшін 2,8 млн теңгеге тағы бір келісімшарт жасаған. Осы жолы қызмет көрсету 2022 жылы шыққан Kia K5, Kia Sportage және Chevrolet Cobalt көліктеріне қажет болған. Сол айдың аяғында машиналарға техникалық қызмет көрсету үшін 1,6 млн теңгеге тағы бір тендер жарияланған. Осы жолы 2022 жылғы Hyundai Sonata, 2022 жылғы Hyundai Tucson және 2022 жылғы Hyundai Elantra көліктерін жөндеу керек болған. Осы айтылған жөндеу жұмыстарының бәрін 2023 жылдың аяғына дейін істеу керек екені көрсетілген.

Әрине, Антикор бұдан басқа да көліктерге иелік етеді. Шын мәнінде әлдеқайда көп, бірақ нақты саны мен модельдерін білу мүмкін болмады. Сәуірде көлік жуу үшін жасалған келісімшарттан қандай да бір ақпарат табуға болады. Онда автокөліктердің нақты саны айтылмаса да, техникалық сипаттамада қандай көліктерді және неше рет жуу керек екені көрсетілген. Ведомствоның седандарын 1 000 рет, кроссоверлерін —156 рет, микроавтобустарын — 48 рет, жол талғамайтын көліктерін — 36 рет, Камаз бен Газельдерін 12 рет жуу керек.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу сайтынан сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінген адамдарды аңду қанша тұратынын да білуге болады. 2023 жылдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгендерді электронды білезіктер арқылы аңду үшін 7,2 млн теңге жұмсамақшы. Техникалық сипаттамаларға сәйкес, барлығы 13 жинақ тартылған, ал мониторингті күдіктілер тұратын жерде де, одан тыс та жүргізуі керек. Осыған ұқсас тағы бір келісімшарт сәуірде 4,2 млн теңгеге жасалған. Бұл жолы 61 электронды аңду құрылғысының жинағы туралы айтылған.

Электронды білезіктерді арнайы қызмет екі рет сатып алмақ болған: қаңтарда және наурызда, бірақ екі тендер де іске аспаған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, екі ретте де Антикор қызметкерлері 6,9 млн теңгеге электронды аңду құрылғыларының 8 жинағын алмақ болған. Бір жинақта қозғалысты аңдитын радиоэлектронды білезік, мобильді бақылау құрылғысы, «Маяк» (RF Сенсор) және Антикор қызметкерлерінің жұмысы үшін мониторинг орталығы қамтылған.

Сонымен қатар биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысшыларының формасына арналған үш мың эмблеманы жасауға 9,1 млн теңге жұмсаған. Белгі алтын түстес алюминийден жасалған. Онда бүркіт, лента мен «А» әрпі салынған. Биіктігі 25 мм, ұзындығы 20 мм.

Антикор ақшаны қайда жұмсап жатыр?
Дереккөз: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің эмблема жасау жұмыстары бойынша техникалық сипаттамасы

Бұған қоса Антикор қызметкерлеріне костюм, фуражка, футболка, шапка мен пальто сатып алуға 5,1 млн жұмсалған. Ең қымбатқа шыққаны жоғары басшылыққа арналған жинақ болған — 541 200 және 688 800 теңгеге пальто.

Құпия мемлекеттік сатып алулар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік келісімшарттарында тағы бір қызық тенденция бар — бұл ерекше тәртіппен мемлекеттік сатып алу. Бұл жаңа әдісті Қаржы министрлігі 2015 жылы енгізген. Заңға сәйкес, ол құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет тауарлар не қызметтерді жүзеге асыру үшін, сонымен қатар тендер туралы қызметтік ақпарат я мемлекеттік құпияларды қамтыған жағдайда іске асырылады.

Оның ерекшілігі – тендер сипаттамасында сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің саны, жұмсалатын қаржы жазылмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаңтарда осындай алты хабарлама жариялаған. Ведомство қызметкерлеріне пистолеттер, оның оқтарын, бронды кеудешелер, қорғаныс шлемін, бейнебақылау жүйелерін және NTSC стандартты телевизиялық камералар сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл мемлекеттік сатып алулардың бәрін 2023 жылғы ақпан мен сәуір аралығында өткізу жоспарланған, мерзімі — келісім жасалған сәттен бастап 180 күн. Сонымен қатар тендерде сатып алу әдісі мен таңдалған мердігерлер туралы да ақпарат жоқ. 

Қымбат авто, тапсырыспен киім алу және фитнес-клубтар

Кейінгі кездері Антикор қызметкерлері екі ұшты мемлекеттік сатып алуларға көп ақша жұмсамайды. Бұл мемлекет пен қоғамның әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін күш құрылымдарына ерекше назар аударуынан болуы мүмкін. Бірақ бірнеше жыл бұрын жағдай басқа болған.

Мысалы, 2021 жылы Антикор бір жылға автокөлікті жүргізушісімен бірге 7 млн теңгеге жалға ала алатын еді. Жүргізуші үнемі іскери стильдегі киімде болып, жұмыс кезінде естіген қызметтік ақпаратты таратпау туралы құжатқа қол қоятын. Оның алдыңғы жылы да осыған ұқсас тендер өткізілген, бірақ үш автокөлікті жалға алуға 24 млн теңге көрсетілген. Машиналардың бәрі кемінде 2010 жылы шыққан болуы керек еді. Автокөліктерге қатысты ең қызық тендерлердің бірі 2018 жылы өткен. Ол кезде арнайы қызмет 20 көлік алып, оған 122 млн теңге жұмсаған. Ол кезде он автокөлікті 56,9 млн теңгеге, қалған онын 65,1 млн теңгеге алу жоспарлаған.

Сол жылы жоғары басшылық өзіне формалық киім-кешектің бір жинағын 1,4 млн теңгеге алған. Арнайы тігілген жинаққа: мундир, лампасты шалбар, жеңі ұзын көйлек, жеңі қысқа көйлек пен галстук кірген. Техникалық талаптар бойынша костюмде алтын түстес түйме, алтын түстес елтаңба болуы керек еді. Бұдан бөлек «жетекші кабинеті» деген атаумен 1,1 млн теңгеге төрт жиһаз жинағын алған.

Сонымен қатар Антикор қызметкерлері физикалық формасына алаңдаса керек — олар 50-метрлік бассейнді 3,5 млн теңгеге жалға алған. Жалпы бір сағаттан 3 900 рет бару жоспарланған. Жаттығу залдарының қызметтері де белсенді қолданылған. Антикор департаменттерінің көбінде бұл демалыс түрі ерекше танымал еді. Мысалы, Астанада 4,6 млн теңгеге, Түркістан облысында 2,8 млн теңгеге, Алматы облысында1,07 млн теңгеге жаттығу залын жалға алған. Мұнда қарапайым жаттығу залы емес, футбол алаңы, волейбол алаңы, бассейні мен т.б. бар спорт кешені туралы айтылған.

Factcheck.kz