Алматы әкімдігі әйелдер маршын өткізуге неліктен рұқсат бермей келеді?

Ақпанның басында Алматы әкімдігі фембелсенділерге 8 наурызда әйелдер маршын өткізуге тағы да рұқсат бермегені белгілі болды. 1 ақпанда баспасөз конференциясында ұйымдастырушылар осымен қала билігінен үшінші рет қолдау таппағанын жеткізді.

Митиң өткізу ескертуін және 2024 жылы марш өткізу туралы бірінші өтінішті белсенділер 2023 жылы көктемде жіберген. Әкімдік «бұл тақырыпқа бейбіт жиын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төнуі мүмкін» екенін айтқан. 2023 жылдың аяғында екінші өтініш те осындай нәтижемен аяқталды. Үшінші ретте де билік қоғамдық тәртіпке алаңдаушылық білдірген. Фембелсенділер «Қазақстан әйелдерінің құқығы» және «қазақстандық әйелдердің бостандығы мен қауіпсіздігі» деген тақырыпты таңдаған. Фембелсенділер бұл шешімге шағым білдіргенімен, сот әкімдіктің шешімін қолдаған.

Енді ұйымдастырушылар марш өткізу құқығы үшін митиң өткізбекші, ал қозғалысты жақтаушылар бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жатыр.

Factcheck.kz редакциясы Алматыдағы әйелдер маршының 2017 жылдан бергі тарихына шолу жасап, ұйымдастырушылардың қандай қиындықтарға тап болғанын қарастырып шықты.

2017 жыл

Алматыда алғашқы әйелдер маршын өткізу идеясы 2017 жылы жүзеге асырылған. Ол кезде марш қала билігінің алдын ала рұқсатынсыз өткізілген. Masa.Media дерегінше, оған 30-ға жуық әйел қатысқан.

Алматы әкімдігі әйелдер маршын өткізуге неліктен рұқсат бермей келеді?
Фото: KazFem

Екі күннен соң белсенділерді әкімдікке шақыртқан. Маршты ұйымдастырушылардың бірі, KazFem қозғалысының мүшесі Вероника Фонова кейін ішкі саясат басқармасының басшысы «идеялар ойға қонымды, бірақ әйелдің негізгі мамандығы — ана болу» деп айтқанын жазды.

2018 жыл

2018 жылғы 8 наурызда Вероника Фонова Facebook-тегі парақшасында құқық қорғау органдары әйелдер маршын ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілер арқылы жазысқан хаттарын аңдып, оны полицияға әңгімелесу үшін алып кеткенін хабарлады. Оған марш өтсе, қатысушыларды «ОМОН-ның 15 адамы бар автобус» күтіп алатынын, себебі олардың қызметі «мемлекеттегі бейбітшілікке нұқсан келтіретінін» жеткізген.

Нәтижесінде фембелсенділер құттықтау видеосымен шектелген, әрі оны түсіру кезінде оларға екі ер адам келіп, қыздардың не істеп жатқанын аңду ниетін, олардың қайда екенін геолокация арқылы анықтағанын ашық айтқан. «Жалпы, жақсы түсіріп шықтық. Әйелдер үйде отыруы керек, әйелдердің бәрі бақытты және қайықты шайқалтудың қажеті жоқ деген әңгіме тыңдап шықтық» деп жазды Фонова бұл оқиға туралы.

2019 жыл

2019 жылғы ақпанда фембелсенділер 8 наурызда бейбіт шеру өткізу үшін әкімдікке алдын ала өтініш беруді шешкен. Әрі бірден бірнеше өтініш жіберілген (1, 2). Алайда қала билігі рұқсат бермей, марш өткізу орны ретінде таңдалған «Астана алаңының» мұндай шараларға жарамсыз екенін айтқан. Халықаралық әйелдер күні шеру өткен жоқ.

Бірнеше ай өткен соң, қыркүйекте әкімдік әйелдер құқығына арналған митиңді «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаңда өткізуге рұқсат берген. Әрі бұл KazFem жыл соңына дейін әр демалыс күнінде бейбіт жиын өткізу туралы 36 өтініш берген соң болды.

2020 жыл

2020 жыл 8 наурызда Алматының орталық көшелерінде әйелдер маршын өткізу туралы өтінішті бірнеше феминистік қозғалыс әкімдікке 2019 жылғы желтоқсанда жіберген. Қаңтардың басында билік өтінішті «кемшіліктердің орнын толтыру» үшін қайтарып жіберген және митиң өткізу жүйесі заң бойынша бекітілмегенін, қоғамдық-саяси сипаттағы іс-шаралардың бәрін «Сарыарқа» кинотеатрының артында өткізуге болатынын айтқан.

Әкімдіктен рұқсат ала алмаған фембелсенділер 6 наурызда әлеуметтік желілерде марштың бәрібір болатынын айтып, Алматы мемлекеттік қызметтеріне мұны ескерту деп қабылдауға шақырған. Әртүрлі дерек бойынша, бейбіт шеруге 150-200 адам қатысқан.

Алматы әкімдігі әйелдер маршын өткізуге неліктен рұқсат бермей келеді?
Фото: Tengrinews

Үш күн өткен соң демонстрацияға қатысқан Арина Осиноваға санкциясыз митиңге қатысқаны үшін «ұсақ бұзақылық» бабымен марш кезінде гүлдесте өртегені үшін және тұратын жеріне тіркелмегені үшін айыппұл салған. Тағы бір қатысушы Фариза Оспанға да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл салған.

2021 жыл

2021 жылы Алматы әкімдігі алғаш рет 8 наурызда әйелдер маршын өткізуді ресми түрде бекітті. Сол кезде бейбіт жиын өткізу туралы ескерту сипаты заңдастырылған. Бұл Қазақстандағы әйелдер маршының бес жылдық тарихындағы ең көп адам қатысқан жиын болды. Әртүрлі дерек бойынша, оған 500-700 адам қатысқан (кейбір деректер оған мыңға жуық адам қатысты дейді).

Іс-шарадан соң фембелсенділер келісу процессі айтарлықтай жақсы өтпегенін хабарлады. Билік мұның шеру емес, митиң болғанын айтып, ұйымдастырушылар Жәмилә Қасымхан мен Эйри Асиеваға «маршқа ДВК жақтастары (ҚР экстремистік деп танылған Қазақстан демократиялық таңдауы ұйымы) келіп, шара мәнін “бұрмаласа“», қылмыстық қудалауға ұшырайтынын айтып сес көрсеткен. Рұқсат берілген соң Асиеваның анасына полиция келіп, жеке деректерді тексеруге рұқсат алған.  

Маршқа дейін де, кейін де басқа ұйымдастырушылар да, қатысушылар да азаматтар тарапынан ғана емес, сонымен қатар студенттерге қоқан-лоқы көрсеткен жоғары оқу орны әкімшілігі де болған. Ал депутат Бекболат Тілеухан митиңнің заңнама талаптарына сай-сай емес екенін тексеруді сұраған.

2022 жыл

2022 жылғы маршқа фембелсенділер дәстүр бойынша 2021 жылдың аяғында кірісіп, Алматы әкімдігіне қарашада митиң өткізуге өтініш пен шеру өткізу туралы ескерту жіберген. Қала әкімшілігі рұқсат бермей, Уалиханов пен Шевченко көшелерінің (шеру мен демонстрациялар өткізуге бөлінген аймақ) бойынша «бұқаралық мәдени және ойын-сауықтық» шаралар болатынын айтқан.

2022 жылы 7 ақпанда өтініш қайта жіберілді. Сол уақытта ауысқан басшылық митиң өткізуді қолдады, алайда шеру өткізуден бас тартып, Шевченко көшесінің бойынша таңғы 9 бен кешкі 8 арасында жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан.

Митиң Уәлиханов атындағы саябақта өткен. Онда әртүрлі дерек бойынша шамамен 500-1000 адам қатысқан. Бұл жолы демонстрацияда ақпан айында Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты соғысқа қарсылық та алғаш рет айтылған. Қатысушылар митиңді «әйелдер бейбітшілік үшін» деген флешмобпен аяқтаған.

Кейінірек ұйымдастырушылар Шевченко бойында ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмегенін хабарлаған.

2023 жыл

2022 жылы желтоқсанда фембелсенділер 8 наурызда марш пен митиң өткізу туралы өтініш беріп, рұқсат ала алмады. Қоғамды дамыту басқармасы демонстрацияларға бөлінген барлық төрт локацияда іс-шаралар белгіленіп қойғанын айтты. Әкімдіктің сөзінше, бәрін Волонтерлар лигасы ұйымдастырған.

Әкімдік пен ұйымдардың веб-ресурстарында белсенділер 8 наурызға қатысты ешқандай шара туралы ақпарат таппаған. Vlast.kz интернет-басылымы Волонтерлар лигасына хабарласып, олардан ешқандай іс-шара ұйымдастырмайтынын және 8 наурызда волонтерлықпен айналысуды жоспарлап жатқанын айтқан.

Қаңтардың ортасында ұйымдастырушылар қыстың аяғына дейінгі демалыстардың бәріне «Митиң үшін» митиң өткізу туралы ескерту жіберетінін хабарлады. Қаңтардың аяғында әкімдік  5 ақпанда Махатма Ганди атындағы саябақта митиі өткізу құқығын берді. Ақпанның аяғында тағы бір өтініш легінен соң қала әкімшілігі 8 наурызда митиң өткізуге рұқсат берді. Әйелдер маршына келісім алу мүмкін болмады.

Митиң Ганди атындағы саябақта өтті. Журналистердің сөзінше, оған 500-700 адам қатысқан. Алдыңғы жылдардағыдай, митиң қатысушылары митиң кезінде де, одан соң да қоқан-лоқы мен провокацияға ұшыраған. Ұйымдастырушылар көмек көрсету үшін болған оқиғалар туралы анонимді түрде хабарлауды сұраған.

Алматы әкімдігі әйелдер маршын өткізуге неліктен рұқсат бермей келеді?
Фото: Chillyxvids

Сол күнге қарай Волонтерлер лигасы Қазақстан ата-аналар қауымдастығы, Ұлтжанды ұлдар мекені, «Қазақ Аналары — Дәстүрге Жол» және «Қазақ Билер Алқасы» қозғалыстары, Бағила Балтабаевамен бірге Уалиханов ескерткішінің жанында бір іс-шара ұйымдастыруға қатысқаны белгілі болды.

Қорытынды

2017-2023 жылдар аралығындағы жеті жылда Алматы әкімдігі бір рет қана 8 наурыздың құрметіне әйелдер маршын өткізуге санкция берген. Бұл 2021 жылы болды. Екі рет, 2017-2020 жылдары фембелсенділер митиң өткізуге келісе алды. Ал 2018-2019 жылдары Халықаралық әйелдер күнінде іс-шара ұйымдастыру мүлдем мүмкін болмады. Бас тартудың ең жиі айтылған себебі басқа бұқаралық мәдени шаралардың ұйымдастырылуы немесе жөндеу жұмыстары және «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіру» болды.

Ақпарат Канаданың жергілікті бастамалар қорының (CFLI) қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыратын «Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығы туралы қазақстандық аудиторияның хабардарлығын арттыру» жобасы аясында дайындалды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz