8 наурызда көпбалалы аналарға біржолғы төлем беріле ме?

Қаңтардың соңында “8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай “батыр ана”, 1,2, дәрежелі Ана даңқы”, “Алтын алқа”, “Күміс алқа”, 18 жасқа толмаған және көпбалалы аналарға біржолғы көмек ақша беріледі…” [Хабарлама стилі сақталған – ред.] деген рас-өтірігі белгісіз ақпарат тарап жүр. Ақпаратқа сай, 5 ақпанға дейін құжат өткізу керек. Factcheck.kz сайты “хабарландыруды” тексеріп көрді.

8 наурызда көпбалалы аналарға біржолғы төлем беріле ме?

Үкім: Фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан ақпарат таппаған соң ресми өкіліне хабарластық. Бұл ақпаратты бірден жоққа шығарып, министрліктің 8 наурызға орай біржолғы төлемнің қарастырылмағанын жеткізді.

Алайда, әрбір жергілікті атқарушы орган (ЖАО) бюджеттік мүмкіндіктеріне қарай бұндай төлемдерді төлеуі мүмкін, бірақ бұл нақты емес. Мысалы былтырғы жылы әр өңір бойынша қанша ақша төленетіні туралы бірнеше медиа жазған болатын.

Сонымен қатар, ақпаратты сыни ойлаудың елегенінен өткізіп көрсек. Біріншіден, ақпарат қашан әрі қай жерде шыққаны/жарияланғаны белгісіз. Екіншіден, құжаттарды “поштадан жібер” дейді, алайда, қайда жіберетіні, электронды пошта не жеткізу қызметін көрсететін пошта екені жазылмаған. Үшіншіден, құжаттардың ішінде “паспорт көшірмесі” бар, бірақ бізде жиі сұрайтын және көптеген қызмет үшін айналымдағы құжат – жеке куәліктің тізімде болмауы күмән тудырады. Төртіншіден, астыңғы жағына “Әкімшілік” деп жазылған, алайда, қай мекеменің әкімшілігі, не қай өңірдің әкімдігі екенін белгісіз. Тіпті, бұл сурет бұған дейінгі 8 наурызда таралған әлдебір хабарламаның “желіде қайта тірілген түрі” де болуы ықтимал.

Контекст

ҚР “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” 2005 жылғы 28 маусымдағы N 63 Заңына сәйкес, 2022 жылы “Алтын алқа”, “Күміс алқамен” марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері – 6,4 АЕК (2022 жылы 1 АЕК – 3063 теңге) немесе 19 603 тг. Ал, 4 және одан көп баласы бар (23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар) ата-аналарға төленетін жәрдемақы сомасы төмендегідей:

  • 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 49 100 теңге; 
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 85 948 теңге;
  • 8 және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК сома төленеді.

Кез келген құжатты онлайн түрде Egov арқылы тапсырсаңыздар болады. Барлық мәліметті мына жерден оқи аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz