28.01 | Аустралияның Google’ға шектеуі, туиттердің фейкпен күресі, Қазақстан жемқорлық индексінде нешінші орында?

Twitter фейкпен күресу үшін Birdwatch функциясын іске қосты

Twitter Birdwatch деп аталатын жаңа функциясын іске қосты. Мұның көмегімен желі қолданушылары жалған ақпаратпен күресуге көмектесе алады. Бұл туралы компанияға сілтеме жасап, 3Dnews хабарлады.

Birdwatch бағдарламасының іске қосылғанын желі қолдау қызметінің аккаунтында жарияланды.

Біз бүгін жалған ақпаратпен күресу үшін Birdwatch — қоғамға бағытталған тәсілді ұсынамыз. Бізге сіздің көмегіңіз керек. Біз АҚШ-та сынақтан өткізетін адамдарды іздейміз. Сіздер күмәнді ақпарат кезіктірсеңіздер постқа контекст жазып кетуіңізге болады.

Туиттер хабарламасынан

Қазір шектеулі АҚШ қолданушылары ғана функцияны қолдана алады. Олар жарияланған хабарламаның шынайылығы жайлы пікір білдіре алады.

Аустралия Google’дің жарнама нарығындағы үстемдігін шектеуі мүмкін

Аустралияның Бәсекелестік және тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы (ACCC) Google корпорациясының ұлттық цифрлық жарнама нарығындағы үстемдігінен туындаған мәселелерді шешу үшін ел билігін шаралар қабылдауға шақырды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Бейсенбіде жарияланған комиссия есебінде, Google өзіне тиесілі ресурстарда жарнама сату кезінде өз мүмкіндігін асыра пайдаланатыны жазылған.

“Google қазіргі уақытта жарнама қызметінің, жарнама технологияларының барлығын ең ірі және жалғыз жеткізушісі. ACCC бағалауынша, Google компаниясының [сандық жарнама нарығындағы] Аустралиядағы үлесі қызмет түріне байланысты 50%-дан 100%-ға дейін. Сандық жарнама нарығында бәсекелес болмау мәселесі шешілу қажет”.

Мемлекеттік комиссия есебінен

Комиссия қазірдің өзінде Google монополист секілді әрекет ететінін атап өтті.

TI: Коронавирус індеті Орталық Азияда жемқорлық ауқымын айқындай түсті

2020 жылы коронавирус індеті Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда жемқорлық ауқымын айқындай түсті, жемқор, авторитар басшылар бюджет ашықтығын азайтып, азаматтық бостандықты шектеді. 28 қаңтарда жыл сайынғы жемқорлық рейтингісінде халықаралық Transparency International (TI) ұйымы осылай деп жазғанын Азаттық радиосы хабарлады.

28 қаңтарда жарияланған зерттеуде ұйым жылдағыдай әлем елдерінің мемлекеттік органдарындағы жемқорлық деңгейіне баға беріп, рейтингіге орналастырған. Рейтинг неғұрлым жоғары болған сайын жемқорлық деңгейі де жоғары. Зерттеу 13 сарапшы мен компания басшыларының сауалнамасы қорытындысына негізделіп жасалған.

Сарапшылар есепте аймақтағы кейбір саяси басшылар “билігін күшейту үшін дағдарысты пайдаланды” деп жазған. Онсыз да шектеулі ақпаратқа қол жеткізу құқығының аясын тарылтып, мемлекеттік сатып алуда ашықтықты жою үшін және қоғам алдында есеп беру механизмінен бас тарту үшін пандемияны пайдаланды деп жазды штаб-пәтері Берлинде шоғырланған халықаралық ұйым.

Есеп авторларының айтуынша, соның салдарынан халықаралық көмек ашық үлестірілмей, қаражатты мақсатына сай жұмсауды қадағалау қиындай түскен.

“Covid бұл денсаулық және экономика саласының дағдарысы ғана емес. Бұл жемқорлық дағдарысы. Біз оны қазір ауыздықтай алмадық” деді TI төрайымы Делиа Феррейра Рубио.

Ұйымның жемқорлық рейтингісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орында тұр. 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2020 жылы 19 сатыға жоғарылаған. Елдің 5 сала бойынша көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда өзгермей, 4 сала бойынша көрсеткіші жоғарылаған.

Орталық Азияда Қырғызстан 31 балмен 124-орында тұр. Ол 2012 жылдан бері 7 орынға ілгерілеген. Биылғы есепте Өзбекстан да 26 бал алып, 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткішін сәл жақсартқан. Ал Тәжікстанның (25 бал) рейтингіде позициясы өзгермеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz