1994 жылы Руандада жүз күнге жетер-жетпес уақыт ішінде жарты миллионнан екі миллионға дейін тутси халқының өкілі қырғынға ұшырады деген мәлімет бар.
Азаматтарды жаппай өлтіруге үгіттегендердің қатарында үкіметтік БАҚ-тың, әсіресе «Мың төбенің еркін радиосы мен телевидениесі» (RTLM) атауымен танымал радиостанцияның рөлі орасан зор болды. Бұл арнада заманауи музыка қойылып, жүргізушілер жастар тілімен еркін сөйлесетін. Сол себепті радио жастар арасында аса танымал еді. Бірақ танымал әндердің арасында ашық түрде эфирде тутсилерді қырып-жоюға шақыратын бағдарламалар жүретін. Жүргізушілер оларды «тарақан», «жат» немесе «зиянкес» деп атап, «жер бетінен жою керек» деген сөздерді ашық айтатын.
Бұл пропаганданың қаншалықты жойқын бола алатынын көрсеткенімен, адамзат тарихындағы жалғыз оқиға емес.
Factcheck.kz бұл мақаласында пропаганданың қалай жұмыс істейтінін, оның ғасырлар бойы қандай жолдан өткенін, цифрлы дәуірге қалай бейімделгенін және оның өмірімізге қалай әсер ететінін талдап шықты.
Ежелден бар
Пропаганда ұғымы қолданысқа енбей тұрып-ақ, билік өкілдері көпшіліктің көзқарасын өзгерту жолдарын іздеген. Кейде бұл ықпалдың мақсаты адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгерту, оларға пайдалы нәрсе үйрету не зиянды әдеттен арылту болған. Мұндай жағдайларда ағарту ісі немесе салауатты өмір салты насихатталғанын көреміз. Қазіргі таңда мұндай пропаганда формасын «әлеуметтік жарнама» деп атаймыз.


Уақыт өте келе пропаганда қоғам өмірінің барлық саласына еніп, оның мақсаттары гуманистік идеялармен немесе азаматтардың мүддесімен сәйкес келмейтін деңгейге жетті. Осылайша, бұл ұғым бірте-бірте теріс мағынаға ие бола бастады.

«Пропаганда» сөзі латын тіліндегі propagare – «тарату», «көбейту» деген етістіктен шыққан. XVII ғасырда, Жаңа дүниенің ашылуымен бірге, католик шіркеуі жаңа отарланған халықты христиан дініне кіргізуді мақсат етті. Осы мақсатта de propaganda fide – «дінді тарату» конгрегациясы құрылды.
Кейіннен propaganda сөзі миссионерлік жұмыстан тыс қолданыла бастады да, дербес термин ретінде қалыптасты.
1780 жылдардың өзінде француз революционерлерін «жаңа жасанды бетперде киген адамдар… пропагандаға мойынсұнғандар» деп сипаттағанын байқауға болады. Ал XIX ғасырдың ортасына қарай бұл ұғым шіркеу аясынан толықтай шығып, саяси термин ретінде қалыптасып, ағылшын тілінде жағымсыз реңк ала бастады. Уақыт өте саяси күштер халықты жұмылдыру үшін пропагандаға жиі жүгініп, Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында бұл сөз «манипуляция» мен «жалған» деген ұғымдарға бір табан жақындай түсті.
Бүгінде пропаганда деп аудиторияда белгілі бір көзқарас, құндылықтар мен мінез-құлық қалыптастыру мақсатында қоғам пікіріне жүйелі түрде ықпал ету әрекетін айтады. Пропаганданың басты ерекшелігі – бір топтың бейнесін жақсарту үшін екінші топты қаралау.
Цезарьдан бастап қазіргі корпорацияларға дейін
Уильям Шекспир, Шыңғыс хан мен Геббельсті не байланыстырады? Олардың бәрі пропагандамен айналысқан.
Ежелгі дәуірлерде де саясаткерлер өз билігін нығайту үшін пропаганданы пайдаланғанын білеміз. Мәселен, Гай Юлий Цезарь «Галлия соғысы туралы жазбаларында» өзін Римді «қанқұйлы жабайылардан» қорғаушы ретінде суреттеп, басқыншылық жорықтарын әділетті және қорғаныс сипатында болғанын көрсеткен.
Кей зерттеулерге (1, 2) сүйенсек, Шыңғыс хан да пропаганданы шебер қолданған. Ол жау арасында өзінің әскері өте көп деген қауесет таратып, қарсыластарын қорқыту арқылы ұрыссыз берілуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ моңғол қолбасшылары жау жақтың ішіндегі езілген, наразылық білдірген топтарды қолдап, бүлік немесе іріткі салу арқылы қарсыласын іштен әлсіретуге тырысқан.
Британдық Тюдорлар әулетінің өкілдері билікке Азаматтық соғыс арқылы келгендерін ақтау үшін пропаганданы пайдаланған. Мысалы, корольдің тапсырысы бойынша Уильям Шекспир өзінің тарихи пьесаларында Ланкастерлер әулетін және Тюдорлар әулетінің негізін қалаған VII Генрихті тәртіп пен құдайдың таңдауы ретінде бейнелеген. Ал олардың қарсыластары – Йорктер әулеті – хаос пен моральдық құлдыраудың көзі ретінде сипатталған. Мұның ең айқын мысалы – III Ричард бейнесі: ол пьесада физикалық әрі моральдық тұрғыдан сұрықсыз, таққа заңсыз отырған тиран ретінде көрсетіледі. Ал оның өлімі – Тюдорлар билігінің қол астында әділдіктің қайта орнағанын білдіреді.
Дегенмен, тарихы көне дәуірлерге тамыр тартқанымен, пропаганда тек XX ғасырда ғана шынайы ауқымды әрі барынша пәрменді құралға айналды. Бұған бұқаралық коммуникация құралдарының дамуы ықпал етті. Сол кезден бастап пропаганда саяси, әскери және идеологиялық қақтығыстарда кеңінен қолданыла бастады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарының өзінде-ақ соғысушы елдердің үкіметтері халықты жұмылдыру, жаудың бейнесін жасау және басқа пікірлерді басу мақсатында плакаттар мен баспасөзді белсенді пайдалана бастады. Мысалы, Ұлыбританияда Германияның үгіт-насихатына қарсы әрекет ету үшін Ақпарат министрлігі құрылса, АҚШ-та халықты соғысқа жұмылдыру мақсатында Қоғамдық ақпарат комитеті жұмыс істеді.
Екі дүниежүзілік соғыс арасындағы кезеңде пропаганда тоталитарлық режимдердің басты құралына айналды. Кеңес билігі кинематографты, радионы және газеттерді мызғымас әрі әділетті мемлекет бейнесін қалыптастыру және көсемнің тұлғасын культке айналдыру үшін пайдаланды (1, 2, 3). Ал нацистік Германияда пропаганда мемлекеттік институт деңгейіне жетті: халық ағарту және пропаганда министрі Йозеф Геббельс ақпарат құралдары мен киноөндірісті қоғамдық пікірді басқарудың қуатты тетігіне айналдырды.
Нацистік пропаганданың ең маңызды өнімдерінің бірі Лени Рифенштальдің 1935 жылы түсірілген «Ерік салтанаты» («Triumph des Willens») фильмі болды. Бұл туынды Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін Германияның билікке қайта келуіне және нацистік партияны мадақтауға арналған. Фильм ұзақ кадрлар, салтанатты музыка мен шебер монтаж қолдана отырып 1934 жылы Нюрнбергте өткен нацистік партияның съезін көрсетеді. Ол кезде нацистер Германиядағы барлық БАҚ-ты толық бақылауда ұстағандықтан, бұл фильм халық арасында партия туралы біржақты, қуатты бейне қалыптастырды. Осылайша, «Ерік салтанаты» Гитлердің Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында билікті шоғырландыруына елеулі үлес қосты.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пропаганда жаһандық құбылысқа айналды (1, 2, 3, 4). АҚШ, КСРО, Ұлыбритания мен Германия үгіт-насихатты тек өз ішіндегі моральды сақтап қалу үшін ғана емес, басып алынған аумақтардағы халыққа және қарсылас әскерлерге ықпал ету үшін де қолданды. Радиохабарлар, парақшалар, фильмдер (1, 2, 3), тіпті мультфильмдер де психологиялық соғыстың қаруына айналды.
Соғыстан кейінгі кезеңде пропаганда «жұмсақ күш» формасына ие бола бастады. Қырғи-қабақ соғыс жылдары екі ірі держава – КСРО мен АҚШ – халықаралық телерадио хабар тарату, одақтастарды қолдау және мәдени ықпал ету арқылы идеологиялық бәсекелестікті жалғастырды. Пропаганда күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды: мектеп оқулықтарынан бастап жарнама мен бұқаралық мәдениетке дейін белгілі бір идеология жалғыз әрі дұрыс жол ретінде ұсынылды.
Бүгінде пропаганданы саяси партиялар, діни ұйымдар мен ірі корпорациялар кеңінен қолданады. Яғни, ықпал, ресурс және аудитория назары үшін күрес жүріп жатқан кез келген салада үгіт-насихаттың өз орны бар.
Пропаганда қалай жұмыс істейді
«Кез келген пропаганда – жалған. Тіпті шындықты айтқанда да», – деп жазған Джордж Оруэлл. Шынында да, пропаганда міндетті түрде өтірікке негізделмейді. Бірақ ол әрдайым белгілі бір ақпаратты таңдап ұсынудан тұрады: қажетті фактілерге басымдық беріліп, қажетсіздері елеусіз қалады немесе мүлде айтылмайды.
Мұның жарқын мысалы – Ресейдегі жұмыссыздық деңгейінің азайғаны туралы мәлімдемелер. Бұл ақпаратты билікке жақын БАҚ жиі жазып, ел президенті Владимир Путин де айтқан. Кейінгі бірнеше жылда елдегі жұмыссыздық деңгейі расымен азайған. Бір қарағанда бұл үкіметтің жетістігі сияқты көрінеді. Алайда кей сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткішке Ресейдің Украинаға қарсы соғысының жанама әсері бар (1, 2). Еңбекке қабілетті азаматтардың едәуір бөлігі елден кетіп қалған немесе соғысқа жіберілген. Сонымен қатар мигранттарға қарсы бағытталған түрлі заңдар да жұмыс күшінің азаюына әсер еткен.
Пропаганданың тағы бір маңызды әдісі – адам санасына емес, сезіміне әсер ету. Адамдар шындықты көбіне эмоция, ішкі сенім және бейсаналық ассоциациялар арқылы қабылдайды.
Мәселен, жаудың бейнесі адам бойына үрей мен жиіркеніш ұялататындай не керісінше – мүсәпір, кекесін тудыратындай болуы керек. Қай әсер басым болатыны – насихат жүргізушінің көздеген мақсатына байланысты.
Шамасы, қателесіп Геббельске телінетін «Жүз рет қайталанған өтірік шындыққа айналады» деген тіркес пропаганданың тағы бір тиімді әдісін дөп сипаттайды. Бір нәрсені қайта-қайта есту адам миына оны шындық ретінде бекітіп тастайды: ол пікір емес, факт сияқты қабылданады.
Психологияда бұл құбылыс «шындық иллюзиясы әсері» деп аталады. Себебі миымыз бұрыннан таныс ақпаратты жылдам әрі оңай қабылдайды.
Ежелгі Рим саясаткері Үлкен Марк Порций Катон дәл осы тәсілді пайдаланып, Карфагенге деген өшпенділікті күшейтті және сенатты соғыс ашуға итермеледі. Ол әр сөзін «Карфаген жойылуға тиіс» деген тіркеспен аяқтап отырған. Оның бұл риторикасы Карфагенді Римге төнген қауіп ретінде көрсетуге бағытталды және көпшіліктің Үшінші Пуни соғысын қолдауына септігін тигізді.
Бүгінде осыған ұқсас тәсілмен «АҚШ-тың посткеңестік елдердегі биозертханалары» немесе «шіріп бара жатқан Батыс» секілді нарративтер үнемі қайталанып келеді.
Пропаганда көбіне әлемді ақ пен қараға бөліп көрсетеді – бұл «өзіміз» бен «өзге» ұғымдарын қарама-қайшы қою арқылы іске асады: «біз – жақсымыз, олар – жаман», «біз ережеге сай әрекет етеміз, олар тәртіп бұзады», «бізде тұрақтылық бар, оларда –дағдарыс», «бізбен емес пе — демек, бізге қарсы». Мұндай тәсіл нюанстарға жол бермейді, ал бұл қабылдауды басқаруды жеңілдетеді: өз тобыңа жанашырлық пен бірлік тудырып, өзгеге деген өшпенділікті күшейтеді. Сонымен қатар бұл әдіс кез келген пікірталасты жояды: қарсы көзқарас білдірушімен ымыраласу мүмкін болмай қалады.
Бұл пропагандалық тәсілдің қызықты мысалына Қытайда жыл сайын таңдалатын «жыл сөзі» номинациялары жатады. Мұнда екі түрлі сөздер жиынтығы жарияланады: бірі – ел ішіндегі оқиғаларға арналған, екіншісі – шетелдегі жағдайларды сипаттайды. Мысал ретінде келесі сөздерді атауға болады (сол жақта – ҚХР-ға қатысты, оң жақта – басқа елдерге байланысты сөздер):
- 2019: «Тұрақтылық» және «Мен және менің Отаным» – «Қиындықтар» және «Сауда проблемалары».
- 2020: «Халық» және «Кедейлікпен күрес» – «Пандемия» және «COVID».
- 2021: «Тәртіп» және «Қытай Компартиясының 100 жылдығы» – «Пандемия» және «Метағалам».
- 2022: «Тұрақтылық» және «Қытай Коммунистік партиясының ХХ съезі» – «Ресей-Украина қақтығысы».
Осылайша ресми риторика ел ішіндегі жетістіктер мен бақылауды алға тартады, ал сыртқы әлем тұрақсыздық пен дағдарысқа толы деп сипатталады.
Пропаганданың тағы бір маңызды белгісі – оның жасырын түрде жүргізілуі.
Бұл мақсатта пропагандистер кез келген құралды пайдаланады және қажетті нарративтерді күнделікті өмір мен қалыпты коммуникация арналарына «енгізіп» жібереді. Мұндай идеяларды көбіне ықпалды адамдар немесе «қарапайым азаматтардың» атынан сөйлеген тұлғалар таратады.
Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Уолт Дисней студиясы мемлекеттік тапсырыспен түрлі пропагандалық фильмдер, соның ішінде анимациялық роликтер шығарды.



Қазіргі пропаганда ақпараттық шу жасау арқылы да жұмыс істейді (1, 2, 3). Жаңалықтар, қарама-қайшы пікірлер мен жалған ақпарат тасқынының ішінде маңызды мен маңызды еместің арасын ажырату барған сайын қиындап барады. Соның салдарынан сапалы әрі нақты журналистика да көпшілік үшін жай ғана көп көзқарастың бірі болып көрінеді. Интернеттегі боттар мен тролльдер аудиторияға әсер ету және тәуелсіз медианы беделін түсіру үшін осы тәсілді жиі қолданады. Бұған қоса, эмоциялық тұрғыда шаршаған немесе көп ақпарат легінен шаршаған адамдар дайын пікірді қабылдауға бейім болады немесе «бәрі екіұшты», «шындықты ешқашан білмейміз», «ешкімге сенуге болмайды» деген тұжырымға келеді.
Бүгінгі пропаганда
Қазіргі замандағы пропаганда мемлекеттік арнадан сөйлеп тұрған ашулы диктордың бейнесі немесе айқайлап тұрған ұран болмауы мүмкін. Көп жағдайда ол «бұл онсыз да түсінікті» дегендей қарапайым пікірдің, мемнің, қалжыңның немесе әлеуметтік желідегі сарапшы пікірінің кейпіне еніп кетеді.
Пропаганда – қазіргі авторитар режимдердің ойлап тапқаны да, өткеннің көнерген құралы да емес. Бұл – уақыт пен технологияға икемделе алатын, қоғаммен бірге өзгеретін икемді әрі бейімделгіш механизм. XXI ғасырда ол күрделеніп, кейде көзге көрінбей жүргізілуі мүмкін. Бірақ оның басты мақсаты адамдардың шынайылықты қабылдауына әсер ету, эмоцияны бағыттау және мінез-құлықты басқару болып қала береді.
Пропаганда әдістерін түсіну – жай ғана медиасауат мәселесі емес. Бұл – біз үшін шындықты кім және қалай анықтап береді дегенді өз қолымызға алудың маңызды қадамы.
Бұл материал Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Әмбебап фактчекиң: Қазақстандағы адам құқықтары туралы қитұрқы нарративтерге қарсы іс-қимыл» жобасы аясында жарияланды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.