1991-2023 жылдар аралығында жол апатынан қанша адам қаза тапты?

8 қарашада өткен мәжіліс отырысында депутат Наурыз Сайлаубай жол-көлік оқиғасына және себептеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, жол апаты елдегі ең назар аударарлық проблема, соңғы 30 жылда жол апатынан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан. Тіпті соңғы 3 жылда жол-көлік оқиғалары жыл сайын 6 пайызға өсіп отырған. Депутаттың келтірген деректерін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:12:58

Мәлімдеме: Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 30 жыл ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан.

Наурыз Сайлаубай, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

Ашық дереккөздерінен кейінгі 30 жылдағы ақпаратты таппаған соң ресми органдарға сауал жолдадық. ҚР ІІМ ақпаратына сай, кейінгі 30 жылда (1992-2022) 86 509 адам жол апатынан қаза тапқан. 1991 жылы 4342 адам, 2023 жылдың қаңтар-қазан айында 1942 адам қайтыс болған.

Мәлімдеме: Соңғы үш жылда Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының жыл сайын 6 пайызға өсіп отырғанына көз жеткіздік.

Наурыз Сайлаубай, мәжіліс депутаты

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, ҚР ІІМ дерегіне сай, 2020 жылы – 13 515, 2021 жылы – 13 940 және 2022 жылы – 14 834 жол апаты тіркелген. Әр жылдағы өсімді қарасақ, 2021-де 3,1%-ке, 2022 жылы 6,4%-ке өскен. Яғни депутат келтіргендей жыл сайын 6%-ке өспеген.

Екіншіден, Депутат неге дәл кейінгі 3 жылдың дерегін алғаны белгісіз, себебі 2013 жылдан бергі статистикада керісінше, әжептәуір азайғанын байқаймыз. Яғни кейінгі 3 жылды қоспағанда жалпы жол апаты азайып келеді.

Мәлімдеме: Ал мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады.

Наурыз Сайлаубай, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, депутат айтқан кейінгі 3 жылды қарастырсақ: 2020 жылы жол апатының 96,3%-і, 2021 жылы – 93,7% және 2022 жылы – 86,8%-і жүргізушінің кінәсінен болған. Депутат “87 пайызға жуығы” деп 2022 жылдың дерегін алса керек, себебі дәл сәйкес келіп тұр.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz