Жол апатының 73%-і оңтүстік өңірлерге тиесілі ме?

3 қазанда өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев елдегі жол-көлік оқиғалары жайында баяндама оқып, бірқатар мәселені қозғады. Қожаевтің айтуынша, жол апаты және зардап шеккендердің саны төмендеген. Дегенмен оңтүстік өңірлерде апат деңгейі әлі де жоғары, статистика бойынша жол апатының 73%-і осы өңірлерге тиесілі. Factcheck.kz аталған деректерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 29:56

Мәлімдеме: Ағымдағы жылы апаттылық көрсеткіші төмендеді, жол-көлік оқиғалары – 13%-ға, жарақат алғандар – 16%-ға және қаза тапқандар саны да төмендеді.

Марат Қожаев, ҚР ІІМ бірінші орынбасары

Үкім: Шындық

ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айында 8253 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 448 адам жарақат алған және 1468 адам қайтыс болды. 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда жол апаты 12,4%-ке, жарақат алғандар 15,7%-ке және қаза болғандар 0,68%-ке төмендеген.

Мәлімдеме: Дегенмен, жалпы оң динамикаға қарамастан Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында апаттар деңгейі әлі де жоғары.

Марат Қожаев, ҚР ІІМ бірінші орынбасары

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz дерегінше, 2022 жылдың 8 айында ең көп 1956 апат Алматы қаласында тіркелген. Алматы облысында 826, Жамбыл облысында 614, Түркістанда 486 және Жетісу өлкесінде 314 апат тіркелген. Толығырақ төменнен көре аласыздар.

Мәлімдеме: Статистика бойынша осы елді мекендерге жол апатының 73%-ы келеді.

Марат Қожаев, ҚР ІІМ бірінші орынбасары

Үкім: Манипуляция

Qamqor.gov.kz мәліметінше, депутат сөз еткен Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстары мен Алматы қаласында барлығы 4196 жол апаты тіркелген. Бұл жалпы санның 50,8%-ін құрайды. Депутат 73% деп тым асыра сілтеп жібергенге ұқсайды, дегенмен оңтүстік өңірлерде жол апаты жоғары екенін жоққа шығара алмаймыз.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz