Фактчек | Жыл сайын 13 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеледі

4 қазанда өткен Үкіметтің кезекті отырысында ІІМ Марат Ахметжанов жол көлік оқиғалары туралы сөз қозғады. Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын 13 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Осы орайда Factcheck.kz сайты министрдің мәлімдемелерін тексеруді жөн көрді.

Жыл сайын 13 мың жол-көлік оқиғасы орын алуда. 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алады.

Марат Ахметжанов, ІІМ

Үкім: Шындық

ҚР Бас Прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2021 жылы жалпы саны 13 940 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 18 096 адам жарақат алса, 2270 адам қайтыс болған. Яғни министр дәл осы статистиканы меңзесе керек. Ал одан бұрынырақ жылдардың статистикасы сәл төменірек.

Жалпы соңғы 4 жылда, әсіресе пандемия кезінде жол апаты динамикасы төмендеді. Бірақ шектеулер мен блокпосттар алынғаннан кейін бұл көрсеткіштер өсіп жатыр.

Марат Ахметжанов, ІІМ

Үкім: Шындыққа жақын

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, кейінгі 4 жылда расымен де жол апатының динамикасы төмендеген, ал пандемия кезінде ең аз көрсеткішке жеткен. Дегенмен пандемиядан кейін сәл өсу байқалады. Толығырақ төмендегі графикадан көре аласыздар.

Мысалы, биыл жол көлік оқиғасы 14%-ға, қаза тапқандар 18%-ға, жарақат алғандар 13%-ға өсті.

Марат Ахметжанов, ІІМ

Үкім: Дәлелденбеген

Министр биылғы жылды нақты қай жылмен салыстырғаны белгісіз, дегенмен біз “пандемиядан кейінгі” деген тіркесті контекске ала отырып 2021 жылдың 9 айымен салыстырып көрдік. Qamqor.gov.kz сайтының мәліметінше, расымен де өсім бар, жол-көлік оқиға саны 8,8%-ке, жарақат алғандар 7,6%-ке және өлгендер саны 21%-ке өскен.

Әсіресе, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол апаты деңгейі жоғары. Қазақстан бойынша барлық көлік оқиғасының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы дәл осы өңірлерде орын алған.

Марат Ахметжанов, ІІМ

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz дерегінше, 2022 жылдың 9 айында жалпы саны 10 258 жол-көлік оқиғасының 5778-і немесе 56,3%-і, жарақат алғандардың 56,2%-і және қайтыс болғандардың 44,7%-і Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысына тиесілі.

Контекст

  • Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 1,3 миллионға жуық адам қаза табады;
  • Жол-көлік апаты 5-29 жас аралығындағы балалар мен жастар арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі;
  • Жол-көлік оқиғалары салдарынан болған өлімнің жартысынан көбі — жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және мотоциклшілер;
  • Жол-көлік оқиғалары салдарынан болған шығын көптеген елдерде ЖІӨ 3%-не жетеді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz