Пропаганда & COVID-19: АҚШ, Қытай һәм Ресей

Коронавирусқа қатысты инфодемия (ақпараттық пандемия) күн сайын өршіп барады. Медиакеңістікті көптеген фейк пен әртүрлі қастандық теориялары жаулап алғандай. Ал пропаганда болса адамдар үрейінен пайда тауып қалуға тырысуда. Бүгін біз ақпараттық «ауруға», оның белгілеріне және болып жатқан түрлі адам сенгісіз мәлімдемелерге шолу жасаймыз.

Вирустың шығу тегіне байланысты манипуляциялар

COVID-19 вирусының шығу тегіне байланысты ақпарат өте көп және бұл заңдылық. Мысалы, «Известия» газетінің жариялаған материал үлкен резонанс тудырды. Өйткені мақалада 2014-2015 жылы Оңтүстік-Шығыс Азияда MERS және SARS ошақтары пайда болғаннан кейін АҚШ және Қытай ғалымдары (патогендікті зерттеу мақсатында) «қорқынышты вирус» жасағаны туралы айтылады. Материалда Ухань вирусология институтының зертханасы сөз болады, себебі «Известияның» болжамы бойынша бұл вирус сол жерде пайда болған-мыс.

Газеттегі материалға «Nature medicine» журналында жарияланған «Жарқанатта болатын SARS-қа ұқсас коронавирустың айналмалы тобы адамда да пайда болуы мүмкін» деген ғылыми мақаласы негіз болған. Алайда бұл дәл сол коронавирус па әлде басқа екенін «Известия» айтпайды, себебі бұл туралы «Nature medicine» журналында да жазылмаған. Қайткен күнде де, дәл осы мақала ақпараттық манипуляцияның құралына айналып шыға келді.

Осы орайда көптеген беделді вирусологтар COVID-19 қолдан жасалды дегенді жоққа шығаруда. Бұл туралы ДДСҰ-да нақты ештеңе айтпай отыр. Ғалымдар өз ісімен айналасып жатқан кезде, саясаткерлер мен БАҚ өкілдері, әрине, үнсіз қала алмайды. Қазір олар салмақты әрі дәлелді ақпараттан қаншалықты алыс екендігін көрсетіп жатыр.

Біз бұл материалда бірдеңені дәлелдеп не растауға тырыспаймыз. Себебі мұнда тек түрлі ақпараттық шабуылдардың үлгілерін жинауға тырыстық және олардың көбінің сипаты да ұқсас. Өкінішке қарай, бұл жағдай «сыртқы жау» қағидасын пайдалануға үйренген үлкен ойыншыларға өте ыңғайлы болып тұр. Өйткені біреуге ағылшын, тағы біреуіне АҚШ, басқасына Қытай жаман.

Қытай: АҚШ бәрін түсіндіруі керек!

Бірінші болып ҚХР СІМ ресми өкілі бастады. Чжао Лицзянь болып жатқан жағдайға байланысты Туиттерде өз «нұсқасын» жазды. Оның пікірінше, жаңа үлгідегі коронавирус Қытайдың Ухань қаласына АҚШ әскерінің кінәсінан келді (өткен жылдың қазан айында Уханьда Дүниежүзілік әскери ойындар өтіп, оған АҚШ-тың әскери қызметшілері де қатысты. Кейбір БАҚ өкілдерінің айтуынша, дипломат ауру Қытайға осылайша келді деп айтқысы келген – авт.):

АҚШ-та «нөлінші» науқас қашан пайда болды? Қанша адам жұқтырды? Ауруханаларды атаңыз! Індетті Уханьға АҚШ әскерилері әкелуі мүмкін. Осыны ашық айтыңыз! Барлық мәліметті жариялаңыз! АҚШ бізге бәрін түсіндіруі қажет!

Қытайдың БАҚ өкілдері өз азаматтары үшін қандай ақпарат таратып жатқанын болжаудың өзі қиын.

Трамп: Бұл Қытай вирусы!

Ресми Вашингтон көп күттірмеді. Трамп COVID-19 туралы айта отырып, оны «Қытай вирусы» деді және расизмге қатысты айыптауларды жоққа шығарды. «Сіз неге вирусты әркез қытайлық деп атайсыз, бұл деген расизм ғой…” деген сұраққа Трамп «Өйткені ол Қытайдан келді» деп қысқа қайырды.

Бір қызығы, АҚШ билігімен болып жатқан «айтысқа» кейде ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі де қосылып кетеді. Алайда ол Facebook-ке және орыс тілінде жазады.

Осы орайда “Азаттық” сайтында жарық көрген мына материалды оқуға кеңес беремізү

Ары қарай тіпті қызық: Барлығы Симпсондардың сценарийі бойынша болып жатыр

Насихатпен айналысатын Ресейдің ТВ-центр телеарнасында «В центре событий с Анной Прохоровой» деген бағдарлама бар. Ол өзінің бір сюжетінде адам сенгісіз фактілерді бір сюжетке біріктіріп, халық назарына ұсынған. Ол сюжетте өткен жылдың қыркүйегінде АҚШ-та вейпинг салдарынан болған өкпе жүйесінің аурулары да, қастандық теориясы да (бұл «алтын миллиард» өкілдері әзірлеген сценарий бойынша өрбіп жатқан пандемия және оған қатысты қоғамның реакциясы көптеген блокбастерлерде және тіпті Симпсондарда (!!) көргеніне «интуитивті түрде негізделген»), вирустың жасанды пайда болуы да, түрлі штаммдарды Қытай, Италия және Иранға тасымалданғаны да, сондай-ақ АҚШ вирусқа қарсы алдын ала вакцина әзірлеп қойғаны да бар.

Төменде жүргізушінің бағдарлама басында сөйлеген сөзі:

Әлемде вакцина сынақтары туралы 66 компания хабарлады. Сынақтардың көбі сәуір айына белгіленген (бұл жерде әңгіме жануарларға арналған тестке қатысты болып отыр, мұны автор бұған дейін айтты –  ескерту. авт), алайда бұл вакцина жақын арада пайда болады дегенді білдірмейді. Мамандардың айтуынша, нақты нәтижелер жарты жылдан кейін ғана пайда болуы мүмкін және еріктілер қатысатын сынақтар да сол кезде болады. Осы орайда Сиэтл қаласындағы Аллергия және жұқпалы аурулар ұлттық институтының осы аптада адамдарға клиникалық сынақтар өткізгені түсініксіз болып тұр. Дәл осы вирусологтардың айтуынша, ол үшін алдын ала сынақтар барлық кезеңдерден, оның ішінде жануарларға сыналып өткеннен кейін ғана мүмкін. Демек, вакцина бойынша жұмыстар Сиэтлде кем дегенде жарты жыл бұрын басталып кеткен, себебі ауру алғаш рет Қытайда өткен жылдың қараша айында тіркелген болатын. Бұл вирус ресми пайда болған кезге қарағанда бұрынырақ. Міне, дәл осы ретте «COVID-19 вирусы жасанды түрде пайда болды» деген Пекиннің Вашингтонға қарата айтқан мәлімдемелері басқаша көріне бастайды. Сонымен вирус өзі пайда болды ма әлде басқа жерден әкелінді ме?..

Айта кетейік, Қытай да 18 бен 60 жас аралығындағы еріктілер арасында вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуді басталды. Бұл туралы 23 наурызда өзінің Facebook парақшасында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мәлім етті. Сиэтлде, расымен, қытайлық әріптестерін бірнеше күнге басып озып, еріктілер арасында сынақ өткізу жұмыстарының бірінші кезеңі басталып кеткен. ДДСҰ-ның ақпараты бойынша, қазір әлемде вакцинаның 44 нұсқасы әзірленіп жатыр. Құжатта осы вакциналарға және зерттеу кезеңдеріне қатысты ақпаратпен танысуға болады. Бұл бағытта Қазақстан да жұмыс істейтіні хабарланған.

Ақылға сыймайтын пікірлер

Бұл аталымда коронавирустың вакцинасына қатысты мына мәлімдемеге ешкім тең келмей тұр: «Вирус жер жаһандағы «артық» 7 миллиард адамды құртады, содан кейін Рим клубының даналары есептеп қойған «ең жақсы миллиард» қана қалады». Мәлімдеме авторы – профессор, э.ғ.д., белгілі сарапшы және Youtube жұлдызы Валентин Катасонов. Мұны жазушы Александр Прохановтың «Завтра» (саяси көзқарасы түсініксіз, сталинизмнің бір түрін насихаттайтын) ресурсы жариялаған. Осыған қоса ол «Стратегиялық мәдениет қорының» сайтындағы «Әлем тарихының соңғы актісінің бірі немесе коронавирусқа қарсы күрес туы астында. Антиутопия рухындағы эссе» материалында жарық көрген.

Стратегиялық мәдениет қоры өзін халықаралық қатынастар, әлемдік экономика, жаһандық қауіпсіздік, тарих, мәдениет, елтану мәселелері сияқты кең ауқымы зерттеулерге арналған бірегей интернет-алаң ретінде көрсетеді. Осыған ұқсас ресурстардың қатарына Pravda.ru сайтында жатқызуға болады. Мысалы онда «Билл Гейтс әлемде жаңа пандемияның пайда болуын қаржыландырып жатыр» (шын мәнінде ол коронавирусқа қарсы вакцина жасау үшін ақша бөлуде, біз бұл туралы да жазған едік) деген мақала табуға болады.

COVID-19 вирусына қарсы вакцина әзірлеу және оны сынақтан өткізуге қатысты түрлі контекстті қозғайтын салмақты материалды Unian агенттігінің сайтынан оқуға болады (бұл Politico сайтына шыққан мақаланың қайта басылып шыққан нұсқасы). Әрине бұл жағдай тұрақтанбайынша дүние жүзіндегі барлық адам ғалымдар зерттеу жұмыстарын тездетсе деген үмітте, алайда вакцина жасау ісінде асығуға болмайтыны анық.

Бұған қоса, The Bell Еуропа Одағының 16 наурызда жасаған ішкі есебінің кейбір тұстарын жарялады. Онда Ресей насихаты коронавирус туралы жалған ақпарат таратып жатқаны және мұндай әрекет «дәрігерге деген сенімді азайтатыны және ауруға қарсы күреске кедергі келтіретіні» айтылған. Содай-ақ келесідей деректер келтіреді: RT Spanish қаңтар айынан бастап тек испан тілінде коронавирус туралы 6,8 млн репост жасаған. Ресей, әрине, Еуропаның инфокеңістігіне араласқанын жоққа шығаруда. Бұл жағдайда бірдеңені дәлелдеудің өзі қиын, себебі ірі БАҚ өкілдері трафик үшін жоғарыдан нұсқау күтпестен кез келген тексерілмеген ақпаратты бере салуға дайын. Бұл, әрине, оларды жауапкершіліктен босатпайды, ал инфодемияға қосқан үлесі қоғам үшін тіпті зиян.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz