Фейк жаңалықтар және басқа да жыл сөздері

Коллинз ағылшын сөздігі бойынша «Фейк жаңалықтар» жыл сөзі болған. Мұндай сөздерді кім таңдайтынын және олардың қоғамның жағдайынан нендей хабар беретінін біздің шолудан оқи аласыздар.

Лингвистика саласында өткен жылға қорытынды жасау дәстүрі 1971 жылы Германияда  неміс тілі қауымдастығының (нем. – Gesellschaft für deutsche Sprache) бастамасымен пайда болған. Сол жылы Aufmüpfig (қаз. – бағынбайтын, бүлікші) сөзі жыл сөзі боп танылып, 60-жылдардың қайшылықты мәдениетін меңзегендей еді. Дәлірек айтқанда, ГФР үкіметіне қарсы шыққан студенттік қозғалысының бейнесі болатын.

Мұндай бастама АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Норвегия, Ресей, Украина сынды мемлекеттерде де пайда болды. Негізінен оларға лингвистикалық ұйымдар мен  бірлестіктер және ірі сөздік баспалары жетекшілік етеді. Ағылшын тілінде жыл сөзі көп болуы мүмкін, себебі тізімді бір мезетте бірнеше ұйым жасайды.  Олардың ішіндегі ең танымалдары – Америкалық диалектілер қоғамы (American Dialect Society), Солтүстік Америкада ағылшын тілінің қалыптасуын зерттейтін Мерриам-Вебстер (шығарушы АҚШ-та орналасқан) сөздіктері, Коллинз (шығарушысы Ұлыбританияда) және Оксфорд ағылшын сөздіктері. Соңғысы кейде америкалық және британдық ағылшын тілі үшін жеке-жеке жыл сөздерін таңдап отырады.

Орыс тілі үшін мұндай байқау лингвист  Михаил Эпштейннің жеке бастамасымен өткізіліп отырады.

Әдетте жыл cөзі ретінде ойын-сауық, бұқаралық мәдениет, экология, саясат, қоғам және экономика салаларындағы аса танымал терминдер мен трендтер танылады.  Мәселен, 2008 жылы «дағдарыс», «credit crunch» (қаржылық дағдарыс) және «bailout» (қаржылай құлдыраудан құтқарылу) сөздері жыл сөзі болып, сол уақыттың шынайы бейнесін берген еді. 2013 жылы поп-мәдениет жылы болып, танымал сөздер ретінде «селфи» және «гики» танылды. Ал 2016 жылы жиі айтылған сөздер пост-шындық пен Брекзит болды. Бір жыл бұрын Оксфорд cөздігі бойынша алғаш рет сөз емес, эмодзи, яғни күлкі қысқаннан жылап тұрған бейне танылды. Коллинз сөздігі де айрықша үкім шығарып, «-изм» жұрнағын жыл сөзі деп атады.

Macquarie Dictionary австралиялық ағылшын сөздігі өткен жылдың басты сөзі «фейк жаңалықтар» деп тапқан. Дегенмен, бұл жаңа емес, Google Books-қа сенсек, ХІХ ғасырда қолданыста болған.

Google Trends бойынша, бұл сөздің әйгілі бола түскені 2016 жылдың қазанынан бастау алады.

2017 жыл қорытындысын тек Коллинз сөздігі ғана жасап үлгерген, сол себептен бұл жылдың сөздері әлі де өзгеруі мүмкін. Алайда, Мерриам-Вебстер сөздігі үшін  «фейк жаңалықтар» төңірегіндегі пікірталас әзірге жабық. Басылым блогының мәлімдеуінше, жуық арада бұл сөз тіркесі сөздікке кіргізілмейді. Оның себебі, ол құрмалас зат есім емес, оның әр бөлігі өз бетінше танымал сөз.

Бұл тіркестің жыл сөзі болу мүмкіндігі жоғарылау үшін «фейк жаңалықтар» деген «фейк» пен «жаңалықтар» сөздерінен бөлек ұғым алынуы керек. Сөздік мысалға «dirtbag» (ағылшыннан сөзбе-сөз аударсақ, «лас сөмке») сөзін келтіреді, бастапқыда оның құрмалас ұғымдарын «dirt» (ағыл. – «лас») және «bag» (ағыл. – «сөмке») білдірген, сондықтан да сөздікке енгізілмеген. Ол сөздікке «dirtbag» деген сөзді лас, кір-қожалақ адамға қолдана бастаған кезде ғана кірген болатын. Болашақта «фейк  жаңалықтардың» қандай мағына беретіні әзірше жұмбақ күйінде қалмақ.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz