Дезинформациямен байланысы бар онлайн-жарнаманы кім төлейтінін қалай анықтаймыз?

Дезинформациялық контентті жариялайтын веб-сайттар әртүрлі көзден қаржы алады. Журналистер қаржының қайдан келетінін зерттеп, жарнама ұсынатындарды бақылап, жалған ақпаратты интернетте қаржыландыруға жауапты желілерді анықтай алады. Жалған ақпарат таратқандар туралы деректерді табу өтірікті әшкерелеу және шындықты ашу процесінің ажырамас бөлігі.

«Бұрын жалған ақпарат өздігінен пайда болады деп есептейтінбіз, бірақ қазір оны таратушылар мен олардың нақты мақсаттары бар екенін түсінеміз»,-деді Розентал Алвес, Америкадағы Найт атындағы журналистика орталығының директоры және негізін қалаушы. Ол мұны Халықаралық журналистика желісінің «Дезинформацияны қарусыздандыру» деп аталатын жаңа бастамасына арналған алғы сөзінде айтты.

Найт атындағы журналистика орталығымен серіктестікте өткізілген төрт семинардың біріншісінде ProPublica журналисі Крейг Силверман жалған ақпаратпен байланысы бар онлайн жарнамаларды қалай анықтау кереу екенін және бұл қаржыландыру әлемнің қай жағынан келетінін анықтауды көрсетті. Халықаралық журналистика желісінің сайтында жарияланған мәтінді Factcheck.kz ресурсы оқырмандары үшін аударып, қайта жариялап отыр.

Жалған ақпарат таратуды кім қаржыландырып жатқанын анықтау жолы

Дисплей және контентті жарнама — цифрлық жарнаманың ең көп тараған екі түрі. Дисплей жарнамалары веб-сайттың бет жиектеріндегі кескін, ал контентті жарнамалар веб-сайт мазмұнының бір бөлігі сияқты жасалады. Соңғысы көбіне өзінің тақырыбы мен фотосы бар мақалаға ұқсайды.

Жарнаманың екі түрі де алгоритмдік жарнама қызметі деп аталатын автоматтандырылған сатып алу және сату процесінің бөлігі, мұнда пайдаланушыға бағытталған жарнамалар олардың интернеттегі іздеу тарихы негізінде іріктеледі. Нәтижесінде, Сильверман түсіндіргендей, «жарнама берушілер көбінесе жарнамаларының қай жерде пайда болатынын білмейді».

Жарнамалық контенттің дәстүрлі түрі — қаржыландырылған контент. Мұндай контент редакциялық материал ретінде ұсынылады, бірақ қаржыландырушының атымен жарнама ретінде белгіленеді. Серіктестік жарнамадағы сілтемелер бірдеңе сатып алуға болатын веб-сайттарға апарады, бұл қаржыландырылған контентте жиі кездеседі. Жарнаманы жариялаған веб-сайт осы үшін ақы алады. «Қарым-қатынастың бұл түрі жарнаманы алгоритмдік таратудан ерекшеленеді, себебі ол қаржы бөлген контентті жарнамалаушы мен баспагер арасында тікелей байланыс орнатады»,-дейді Сильверман.

Веб-сайттар, соның ішінде жалған ақпарат тарататындар, әдетте басқа көздерден де қаржы алады. Мұндай көздер әртүрлі өнімдерді сататын веб-сайттарды, соның ішінде денсаулыққа арналған өнімдерді сататын электрондық коммерция платформаларды қамтиды; оқырмандардың қайырымдылығы және аудиторияға ақылы түрде эксклюзив контентті сату. Мұндай жабық контентті фактчекерлер тексере алмауы мүмкін, себебі бұл кіріске тікелей байланысты.

Жеке тұлғалар, компаниялар және үкіметтер жарнамалағысы келетін контентті жасырын қаржыландыра алады. Қаржыландырудың бұл түрі зерттеушілер ақшаның көзін анықтау үшін пайдалана алатын ақпараттың ізін қалдырмайды. «Транзакцияның бұл түрін қадағалау қиын, себебі ол жасырын,-дейді Силверман,-өйткені ақша белгісіз көздерден келеді».

Зерттеу жүргізуге арналған кеңестер

Зерттеушілерге Силверман зерттеп жатқан сайттардағы жарнамаларды іздеуден және сол жарнамаларды кім қаржыландыратынын білуге ​​тырысудан бастауға кеңес береді.

Дисплей жарнамалары үшін Силверман келесіні айтады: “Баннердің жоғарғы оң жақ бұрышындағы кішкентай үшбұрышты тауып, оны қай жарнамалық желі орналастырғанын көру үшін басыңыз. Бұл — сайттың ақша табатын серіктестік желілері“.

Қайырымдылық қаржылары туралы ақпаратты олардың қай онлайн төлем жүйесі (мысалы, PayPal) арқылы аударылғанын білу арқылы анықтауға ​​болады. Қайырымдылық сілтемесін басу арқылы сіз ақша аударған адамның немесе компанияның аты-жөні туралы ақпаратты таба аласыз, сондай-ақ зерттеу желісіне кіре алатын контактілерді табасыз»,-деп жалғастырды Сильверман. “Қарап жатқан сайтпен байланысты онлайн сатушылар туралы ақпаратты табу үшін сайттағы өнім сипаттамаларынан сілтемелерді іздеңіз. Ал оны тапқан кезде “оларға онлайн-сату қызметтерін кім жеткізеді және қандай өнімдер сатылып жатқанын” білуге ​​тырысыңыз»,-дейді ол.

Сильверман анонимді демеушілерді анықтау қиын екенін ескертеді, бірақ жасырын қаржыландыруды ашудың жолдары жоқ емес. Табыс көздерін ашпайтын сайттарда өнімді шығару, қызметкерлерге жалақы төлеу және операцияларды жүргізу үшін қажет монетизация жүйесі не жеткілікті қаржылық қолдау болмауы мүмкін. Сильверман сөзінше, «ресурстардағы мұндай айырмашылық қаржыландырудың күмәнді көздерден келетінін көрсетеді».

Ұйымның қаржыландыруы туралы қосымша ақпарат алу үшін Силверман зерттеушілерге құнды ақпараты бар адамдармен сөйлесуге кеңес береді: олар бұрынғы қызметкерлер, мердігерлер не материалы сайтта жарияланған авторлар. Корпоративтік есептер сияқты құжаттарды іздеу журналистерге жалған ақпаратпен байланысы болуы мүмкін ұйымдарды не оның иелерін анықтауға көмектеседі.

Жарнаманы кім қаржыландырады деген сұраққа тереңірек үңілу үшін зерттеушілер жарнаманың ads.txt файлын және серіктестердің атын көрсетуі мүмкін жазбаларын тексеруі керек. Силверман сонымен қатар веб-сайттарды тексере алатын және зерттеу процесін жылдамдатуға көмектесетін жарнама технологиясының қандай түрі қолданылғанын анықтай алатын браузерге орнатылған құралдарға назар аударады. Бұл құралдарға жарнамаларды және оларға демеушілік жасайтындарды анықтауға көмектесетін Ghostery шолғышының кеңейтімі және веб-сайттың жарнамалық серіктестері, олар пайдаланатын технологиялары туралы ақпарат алуға көмектесетін Markup’s Blacklight кіреді.

Зерттеу жүргізген кезде сайттағы барлық жарнаманы көру үшін жарнама бұғаттағыштарды өшіру керек. Әйтпесе, кейбіреуі сүзгіден өтуі мүмкін. Сильверман, сонымен қатар, зерттеушілерге әріптестерінің не басқа адамдардың профильдерін (олардағы жарнамалардың қандай екенін көру үшін) пайдалануды ұсынады: веб-шолғыштар мен әртүрлі адамның іздеу тарихы оларға жарнамалардың бірегей түрін көрсететіндіктен, зерттеу жүргізетін журналистер деректерге қол жеткізуді кеңейте алады.

Қорытындылай келе, Сильверман бірнеше қосымша кеңес берді. Зерттеу кезінде сайттың нақты не сататынын немесе насихаттайтынын түсіну маңызды; тікелей қарым-қатынасты делдалдықтан ажырату, сондай-ақ кірісті жасыруға тырысып жатқанын да анықтау қажет. Шашыраңқы мәліметті байланыстыруға және жалған ақпаратқа демеушілік жасайтын күштер арасындағы үйлестірудің дәлелдерін табуға көмектесетін тенденцияларды қадағалау маңызды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz