Журналист Асқар Ақтілеудің үстінен “жала жабу” бабы бойынша іс қозғалды

9 қаңтарда Ақтөбе қаласында журналист Асқар Ақтілеудің үстінен сот ісі қозғалды. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Басылымның мәліметі бойынша, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы мектеп-гимназия директоры Гүлжайнар Нұрманова “жала жапты” деп журналист Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаеваны сотқа берген.

Шағымданған тараптың айтуынша, журналистер Асқар Ақтілеу мен Ардақ Ерубаева Instagram желісіндегі жеке парақшасында жалған ақпарат таратқан.

“Асқар Ақтілеу мектептің еден жуушысы Мөлдір Ғапиздің жұмыстан қуылуын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғызға барғанда мектептің мәселесін баяндауымен байланыстырған. Ал шын мәнінде еден жуушы еңбек заңдылығын бұзды. 2023 жылы 13-14 қарашада жұмысқа келмеді. Сол себепті 22 қарашада жұмыстан шығарылды”, – дейді директор.

Журналист Асқар Ақтілеу өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның айтуынша, сол мектепте еден жуушы болып істеген Мөлдір Ғапиз деген әйел қызметте қысым көретінін, жұмыстан қуылғанын айтып, одан көмек сұраған. Журналист болған жайтты желідегі парақшасына жазған.

“Дауға журналистер араласқан соң Ырғыз гимназиясының еденін жуатын Мөлдір Ғапиз қайтадан жұмысқа алынды. Мен ешкімге жала жапқан жоқпын. Болған жайтты баяндадым. Көзіммен көргенімді айттым. Еден жуушы Мөлдір Ғапиздің тазалыққа қажетті жабдықтарды өз ақшама сатып аламын, мектеп дәретханасында су жоқ дегенін де өз құлағыммен естідім. Іштей жұмыссыз қаласың-ау дегенмін. Көп ұзамай ол жұмыстан қуылды”, – дейді Асқар Ақтілеу.

Қазіргі таңда журналист Асқар Ақтілеудің үстінен Әкімшілік кодекстегі “бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып жала жабу” бабы бойынша іс қозғалды.

Алғашқы сот отырысында судья екі жақтың нұсқасын тыңдап шыққан. Сот 15 қаңтарда жалғасатын болды.

Factcheck.kz