Жетелеуші иттер қоғамдық орында жүре ала ма?

10 желтоқсанда Алматының метрополитенінде темір жолға құлаған адамның көз жұмғаны хабарланды. Алматы полициясының баспасөз қызметі құлаған 26 жастағы адамның көзінен мүгедектігі болғанын хабарлады. Артынан желіде оның тоқтап тұрған метроның вагондарының арасына құлап кеткен сәті бейнеленген видео тарай бастады. Бұған дейін көзінен мүгедектігі бар тағы бір адамды MOSKVA metropolitan сауда орталығының күзетшілері ғимараттан шығарып жебіргені туралы хабарланған. Бұған себеп — мүгедектігі бар адамның жанында жетелеуші иттің болғаны. Осы оқиғалардан соң, Factcheck.kz редакциясы жетелеуші иттерге қатысты Қазақстанның заң нормаларын талдауды жөн көрді.

Жетелеуші иттер — мүгедектігі бар адамдарға қызмет ететін арнайы үйретілген иттер. Олар 4-6 айлық үйретуден өтеді. Иесінің бұйрығын орындап, қажетті орынға жеткізеді. Жолда жүргенде иесінің қауіпсіздігін қамтамсыз ету үшін үйретіледі.

Жетелеуші иттердің қоғамдық орында жүруіне рұқсат бар ма?

Қазақстанда әр өңірдің үй жануарларды ұстау және серуендету туралы арнайы қағидалары бар. Мысалы, Алматы қаласының қағидасына сай, 17-бап, 6-тармағына сәйкес көзі әлсіз көретін адамдарға арналған қызметтік және жетелеуші иттер қоғамдық орындарында, азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдени мекемелерде, діни ұйымдарда, білім беру мен медициналық ұйымдардың ішінде ұсталуына рұқсат етіледі. 

Сонымен қатар, Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Абай, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстарында үй жануарларын ұстау және серуендету туралы қағидалары мүгедектігі бар адамның жетелеуші итімен бірге қоғамдық орында жүруіне рұқсат етілген.

Жетелеуші иттерге қатысты халықаралық стандарттар бар ма?

Жетелеуші иттерге арналған халықаралық заң жоқ. Алайда көп мемлекетте халықаралық деңгейдегі стандарттарға сай келетін жетелеуші иттермен жүретін мүгедектігі бар адамдарға арналған заңдар мен келісімдер бар. Бұл заңдар мүгедектігі бар адамдардың жетелеуші иттерімен бірге қоғамдық орындарда, көліктерде, адам көп жиналатын жерлерде жүруі кезінде қолданады. 

Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғайтын конвенциясының 9-бабында арнайы қолжетімділік туралы жазылған. Яғни бұл конвенция БҰҰ қатысушы мемлекеттер үшін, мүгедектігі бар адамдардың (бұл тізімге жетелеуші итімен жүретін адамдар да кіреді) қоғамдық ортада, көлікте еркін жүре алуына, ақпараттың, қызметтің қол жетімді болуын қамтамасыз етеді. Оларды дискриминациялауға тыйым салады. Жетелеуші иттердің құқықтары мүгедектігі бар адамның құқығымен бірдей қорғалады.

Сонымен қатар, жетелеуші иттерді әлемдік стандарттарға сай жаттықтыратын Халықаралық федерация бар. Бұл федерацияның мақсаты халықаралық деңгейде сапалы жетелеуші иттерді жаттықтырып, мүгедектігі бар адамдардың қауіпсіздігіне және қоғамдық орында өзін тәуелсіз сезінуіне көмектесу деп көрсетілген.

Жетелеуші иттерді серуендеткенде қандай ережелерді білу қажет?

Алматы, Астана, Шымкент, қалаларының және Жамбыл, Абай ,Жетісу, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстарының үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларына сәйкес үй жануарларын серуендеткенде мынадай қағидаларды ұстану қажет.

  1. Үй жануарларын тыйым салу белгісімен белгіленбеген орында арнайы тұмылдырықпен және 2 метрден аспайтын мойын жібімен серуендеу керек.
  2. Үй жануарлары айналасына кедергі келтірмеуін бақылау қажет
  3. Үй жануарлары көшеден өткенде және магистральді жолмен жүрген кезде тұмылдырықпен және 1,5 метрден аспайтын мойын жібімен жүру қажет
  4. Тыйым салынатын белгі болмаса, тұмылдырықпен және 1,5 метрден аспайтын мойын жібімен мекемелерде, азық түлік дүкендерде жүруге болады.
  5. Итті, егер бұл ретте қоғамға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, иттің денсаулығына қауіп төнбесе немесе оның еркін қозғалуына кедергі келтірілмесе, ғимараттың жанында 1,5 метрден аспайтын мойын жібімен және тұмылдырығымен қалдыруға рұқсат береді.

Жетелеуші иттердің әуе, темір жол және қоғамдық көліктерде алып жүруге рұқсат бар ма?

Қоғамдық көлік

Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында арнайы жетелеуші иттер туралы айтылмайды. Алайда, жалпы иттерді тасымалдауға рұқсат етілген. Қағиданың 5-параграф, 37-тармағаында иттерді автобустарда топталу алаңшаларында ғана тұмылдырықпен және қарғы баумен тегін тасымалдауға рұсқат етілгені жазылған.

Жалпы жануарларды қоғамдық көлікте тасымалдау кезінде жануардың иесі мына ережелерді сақтау қажет:

  1. Жануарлардың ветеринарлық құжаты болуы тиіс;
  2. Тасымалдау кезінде олардың азыққа, суға, ауаға, қозғалысқа, табиғи қажеттіліктері қанағаттандырылуы тиіс;
  3. Тасымалданатын жануарлардан жолаушылардың, көлік қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. 

Алматы қаласының қалалық рельсті көлігінің жолаушыларды тасымалдау қағидасының 2-бап, 7-тармақ, 4-тармақшасына сәйкес, көзі әлсіз көретін және мүгедектігі бар адамды жетелеуші итімен тасымалдауға рұқсат етеді.

Дегенмен метрополитен, трамвай, жеңіл рельсті, монорельсті көлік түрлерімен тасымалдау кезінде жетелеуші иттің тұмылдырығы, мойын жібі мен арнайы танитын белгісі болуы қажет.

Әуе көлігі

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ұсынысына сәйкес, әрбір әуе көлігі мүгедектігі бар адамды жетелеуші итімен жүретін (қосымша төлемсіз) белгілі бір ережелерді сақтай отыра тасымалдауы қажет. Яғни жетелеуші иттің арнайы үйретілгенін растайтын сертификаты, құжаты болуға тиіс. Қажет болған жағдайда әуе компания жетелеуші иттің денсаулығы туралы мәлімет сұрай алады. Сонымен қатар, тасымалдау кезінде, ұшақтың ішінде жетелеуші ит иесінің қасында болуы керек.

Қазақстанның авиациалық әкімшілігінің ұсынысына сәйкес көзі көрмейтін жолаушылармен бірге жүретін жетелеуші иттердің мойын жібі мен тұмылдырығы болса және ол әуе тасымалдау кезінде иесінің жанында болса торсыз, тегін тасымалданады. 

Air Astana, Scat Airlines, Fly Arystan, Qazaq air әуе компанияларының ұшақтарында жетелеуші иттің арнайы оқудан өтті деген сертификаты, тұмылдырығы және қарғы бауы болған жағдайда ұщаққа отырғызуға рұқсат етіледі. Жетелеуші ит иесінің аяғының астында отырғызылады.

Темір жол көлігі

Қазақстандағы пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелеріне сәйкес, вагондарда саны екіден аспайтын жетелеуші иттерді тасымалдауға рұқсат етілген. Жетелеуші иттерді тасымалдау кезінде олардың иелері немесе ілесіп жүрушілер вагонда санитарлық-гигиеналық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Жолаушылар алған орыннан басқа, купедегі бос орындардың санына қарай толық тариф бойынша жол жүру билеттің құнын төлеу қажет.

Теңіз көлігі

Қазақстанның теңiз көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының 2-бап, 23-тармағына сәйкес, көру қабілетінен айырылған жолаушыларды тасымалдау жетелеуші иттердің ілесіп жүруімен жүзеге асырылады. 

Такси

Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасының 3-параграф 225-тармағына сәйкес, таксилерде иттерде тасымалдау үшін, жүргiзушi мен басқа жолаушылардың рұқсаты керек. Алайда көзі әлсіз көретін адамның жетелеуші итімен такси арқылы тасымалдануы заңға қарсы емес. Мүгедектігі бар адамдарды арнайы инватакси тасымалдайды. Инватакси-жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталған, түрлі графикалық схемалармен боялған такси қызметі. Инватакси қызметтеріне мүгедектігі бар адамды қарсы алу, орналасқан жерден инватаксиге дейін жеткізуге көмектесу, багажды тиеу/түсіру, өтінімде көрсетілген жерге дейін жеткізу міндеттеледі.

Қорытынды

Негізінен елімізде көзі әлсіз көретін және өзге де мүгедектігі бар адамдарға жетелеуші иттермен бірге қоғамдық орын, көліктер, азық түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдени мекемелерде, діни ұйымдарда, білім беру мен медициналық ұйымдардың ішінде ұсталуына рұқсат етіледі.  Алайда, иттердің ресми құжаты, арнайы тұмылдырығы және қарғы бауы болуы тиіс екенін ескеру қажет.

Материалды дайындауға Айсұлу Даңғылқызы көмектесті

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz