Типографиялар Данияр Молдабековтың Қаңтар қырғыны туралы кітабын басып шығарудан бас тартты

Елдегі типографиялар журналист Данияр Молдабековтың Қаңтар қырғыны туралы жазған кітабын басып шығарудан бас тартқан. Бұл туралы ол Telegram-дағы парақшасында хабарлады.

Журналист кітапты екі жыл бұрын жазып бастаған. Биыл оны жарыққа шығармақ болған. Кітаптың мұқабасын да дайындап қойған. Алайда баспа өкілдері Молдабековке кітабын шығара алмайтынын айтқан. Журналистің айтуынша, оның кітабын дайындаған баспа басшылығына “ҰҚК адамдары келіп, кітаптың аннотациясын көрсетуді” талап еткен.

Кейін “мемлекеттік орган өкілдері “ кітапты басып шығаруы керек болған типографиядан еңбектің мәтінін сұраған.

Баспа Данияр Молдабековтың кітабын шығару үшін бірнеше типографияға хабарласқан, бірақ барлығы бас тартқан.

Журналист баспа мен типографиялардың атауын айтпады.

“Типографиялар атауын жарияламауды сұрапты. Ал қай баспа екенін неге айтпай отырмын? Олардың басшылығына көп хабарласып, кітап туралы сұрастырған екен. Оларға қоқан-лоқын көрсетіліп-көрсетілмегенін білмеймін, маған айтпады. Бірақ факттың аты факт: типографиялар олардан кітапты қабылдамай жатыр”, – деп жазды Данияр Молдабеков.

Журналист қандай жағдай болмасын кітабын басып шығаруға ниетті екенін айтады.

“Баспаның маған айтқан сөзіне сенемін. Себебі олар осы кітаптың мәтінін аударды, мұқабаның дизайнына тапсырыс берді, күш жұмсады. Менің түсінгенім бойынша, олар қазір қорқып қалды. Бірақ мен емес. Мен қайтсем де, осы кітапты шығарамын. Дегенмен мұны басқалардан талап ете алмаймын. Оның үстіне олардың кәсібіне зияны тиюі мүмкін”, – дейді журнаист.

Factcheck.kz