Сөз бостандығын сақтаудағы фактчекиңнің маңызы

2025 жылдың басында Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг тәуелсіз фактчекиң жүйесін сынға алып, саясат тұрғысында біржақты болып кеткенін, әрі цензураны көбейткені туралы пікір білдірген. Factcheck.kz редакциясы тәуелсіз фактчекиңнің сөз бостандығы сақталуына қалай әсер ететінін анықтап, цензура мен жалған ақпаратқа шектеу қою арасындағы шекараны талдап көрді.

Фактчекиңнің принціптері сөз бостандығына қалай әсер етеді?

Фактчекиң жасаудың негізгі мақсаты — жалған ақпаратпен, ақпараттық манипуляциялармен, фейк жаңалықтармен күресу. Тәулесіз фактчекиң International Fact-Checking Network (IFCN) – Халықаралық фактчекинг желісінің принциптеріне сүйене отыра, әр фактіні бірегей стандартқа сай жан-жақты тексереді. Тараптардың біріне бұра тартпай, тексеру кезінде дәлелдемелерді түйінді келтіреді. Дезинформациямен күресетін «БезБрехні» жобасының жетекшісі Олександр Гороховський фактчекиң сөз бостандығының құралдарының бірі деген пікір білдірді.

Егер біз фактчекиңді классикалық түсінігінде қарастыратын болсақ, бұл – лауазымына, тұлғасына, шеніне қарамастан, кез келген адамның айтқан фактілерін тексеру мүмкіндігі. Мейлі, президент болса, біз президенттің сөзін де тексере аламыз. Министр болса, біз министрдің айтқанын да тексере аламыз. Егер бұл – БҰҰ-ның Бас хатшысы болса, оны да тексере аламыз. Яғни, ақпаратты жеткізуде, фактчекиң сөз бостандығының негізгі құралдарының бірі.

Олександр Гороховський, «БезБрехні» жобасының жетекшісі

Жалған ақпаратты шеутеу мен цензураның шекарасы

Жоғарыда жазғанымыздай, 2025 жылдың 7 қаңтарында Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг фактчекиң жүйесі сенімді нығайтудың орнына, АҚШ-тағы саясат тұрғысында біржақты болып, цензураны көбейткенін айтып, жүйенің қайта қаралатынын хабарлады. Осыдан соң халықаралық фактчекиң желісі (IFCN) және еуропалық фактчекиң стандарттары желісі (EFCSN) Марк Цукербергтің цензураның көбейгені туралы мәлімдемесін сынға алды.

Десе де, Олександр Гороховський сөз бостандығын шектеу мен фактчекиң арасында мүлде байланыс жоқ екенін айтты.

Фактчекиң мен цензураның арасында шекара жоқ, себебі бұл – мүлде екі бөлек ұғым. Фактчекиң ешқашан цензура деңгейінде болуы мүмкін емес. Себебі цензура дегеніміз – белгілі бір шектеулер. Цензура – бұл нақты шеңберлер. Цензура – бұл нақты бір шекаралар. Оның үстіне бұл шекаралар мен шектеулер қолдан жасалады.

Олександр Гороховський, «БезБрехні» жобасының жетекшісі

«Проверено» басылымының құрушысы Илья Бер фактчекиңнің көп жағдайда әділетсіз түрде цензура деп айыпталатынын айтты.

Фактчекиңнің көбінесе әділетсіз түрде цензура деп айыпталатыны жеке мәселе. Бұл көбіне фактчекиңнің қалай енгізілгеніне байланысты. Meta-дағы фактчекиң әсерінен цензураны көбейгені, бұл ақпаратты тексеру жүйесінің емес, Meta платформасының ішкі ережелеріне байланысты. Платформа өз ережелерін өзі белгілейді және өзгерте алады. Ал фактчекерлердің міндеті – қайсы рас, қайсы жалған, қайсы жартылай шындық, қайсы контекстен жұлынып алынған, соны анықтау. Қандай да бір жазалау шараларын қолдану – мысалы, материалды жою, аккаунттарға шектеу қою – бұл тек модераторлардың құзырындағы нәрсе. Фактчекерлер ондай іспен айналыспайды. Мұны мүмкіндігінше көп адам білуі өте маңызды.

Илья Бер, «Проверено» басылымының құрушысы

Енді тәуелсіз фактчекиң жүйесінің цензураға байланысты айыпталулар қайдан шығуы мүмкін деген сұрақты қарастырып көрейік.

Цензураға байланысты айыптаулар қайдан шығуы мүмкін?

Олександр Гороховський Цукербергтің фактчекиң туралы мәлімдемесінің астарында қомақты қаржы болуы мүмкін екенін айтады.

Басында Цукерберг ақпаратты тексеруде фактчекерлерге бірлескен жобаларды өзі ұсынды. Яғни, бұл бастама фактчекерлерден емес, Facebook тарапынан болған. Кейін платформалардағы жалған және манипуляциялық ақпарат тарататын көп парақшалар үлкен аудиторияларға ие екенін байқалды. Фактчекиңдік ұйымдар ірі аудиториясы бар, жауапсыз блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларына ақша табуға кедергі болғандықтан, Цукерберг «бұл сөз бостандығын шектейтін цензура» деген ұстанымды жариялады.

Олександр Гороховський, «БезБрехні» жобасының жетекшісі

«БезБрехні» жобасының жетекшісі, фактчекиңді бір жақтылыққа айыптауға, жалған фактчекиң ұйымдар себеп дейді. Оның сөзінше, қазіргі күні тәуелсіз фактчекиңге қатысы жоқ пропогандалық фактчекиң ұйымдары көбейген.

Фактчекиннің сөз бостандығын шектеуге қатысы жоқ. Бұл – фактіні, деректерді тексеру. Бірақ қазіргі кезде көптеген авторитарлық мемлекеттерде халықаралық мойындалған фактчекиң методологиясына қайшы әрекет ететін жалған ұйымдары құрылуда. Бұл ұйымдар шын мәнінде билік мүддесін қорғайтын нарративтерді қолдап, өзін «фактчек жасаушы» деп атайды. Алайда, бұл шын мәніндегі фактчекиң емес. Мұндай құрылымдар пікір білдіру еркіндігін басып-жаншу құралына айналған.

Олександр Гороховський, «БезБрехні» жобасының жетекшісі

Фактчекиң сөз бостандығын қорғауда пайдалы құрал бола ала ма?

Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің әлеуметтік психологы Сандер ван дер Линден адамдарды ақпараттың шынайылығына сендіру тұрғысынан алғанда, «фактчекиң шынымен де тиімді» деген пікір білдіреді. Ол 2022 жылы Meta-ның үшінші тарап арқылы жүргізілетін фактчек бағдарламасына ақысыз кеңесші ретінде қатысқан. Сандер ван дер Линден айтуынша, зерттеулер фактчектің жалған ақпараттан туындаған қате түсініктерді «ішінара азайтатынын» көрсетеді. 2019 жылы 20 мыңнан астам адам қатысқан мета-зерттеу фактчектің саяси көзқарастарға «айтарлықтай оң әсер ететінін» анықтаған.

Фактчекиң – рас-өітірікті ажыратуға көмектесетін құрал. Осы арқылы ол ақпарат кеңістігінде дұрыс бағыт табуға негіз болады. Менің ойымша, шынымен тәуелсіз, яғни ешбір мемлекетке немесе қаржылық мүдделерге тәуелді емес фактчекиң болса, кез келген жағдайда пайдалы. Яғни, ол Халықаралық фактчекерлер желісінің (IFCN) кодексіне немесе Еуропалық фактіні тексеру стандарттары желісінің (EFCSN) қағидаларына сай жүргізілсе, ондай фактчекиң әрқашан сөз бостандығы үшін пайдалы болмақ.

Илья Бер, «Проверено» басылымының құрушысы

Сөз бостандығы сақталудағы фактчекиңнің маңызын мысалмен талдайық

2024 жылдың 6 қарашасында Қазақстанда АЭС салу туралы референдум өткен күні дауыс беру жәшігіне топтап бюллетень салып жатқан адамның видеосы әлеуметтік желіде жаппай тарап кетті. «Ұлы көш» қоғамдық қорының тәуелсіз байқаушысы Берік Әбенов видеоны Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы №456 референдум учаскесінде түсіргенін айтты. Кейін аумақтық референдум комиссиясы мен Түркістан облыстық прокуратурасы Азаттық радиосына берген жауабында, «бұрын түсірілген видео» деп мәлімдеді. Біраздан соң видео чаттардан өшіріледі. Factcheck.kz бейнематериалға фактчекиң жасап, референдум комиссиясы мен облыстық прокуратураның сөзін жоққа шығарады. Видеоның сол кезде, яғни 2024 жылы референдумда түсірілгенін көрсетті. Үкіметтік ұйымдар видеоны «жалған» деп көрсетіп, чаттардан өшіруді талап еткен кезде, фактчекиң жасау арқылы тағылған айыптың дұрыс емес екенін және видеоны өшіруді талап ету сөз бостандығын шектеу екені жазылды. Factcheck.kz редакциясы өткен айда Қазақстан заңнамасындағы жалған ақпарат туралы баптардың қолдануында пікір еркіндігі мен жалған ақпаратқа қарсы күрестің арасындағы тепе-теңдік сақталмай, көп жағдайда журналистердің айыпталып жатқаны туралы жазған еді.

Еске салсақ, биыл баспасөз еркіндігі рейтиңінде Қазақстан қызыл аймақта орналасып, 141-орынға жайғасқан.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz