Татарстан жоғарғы соты Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны алты жылға соттады. Бұл туралы Associated Press агенттігіне сілтеме жасап, Азаттықтың Қазақ қызметі хабарлады.
Үкім 19 шілдеде шықты. Сот ісі құпия өткен. Журналиске “Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты” деген айып тағылды.
Азаттықтың ақпараты бойынша, Алсу Құрмашева 1998 жылдан бері Прагада тұрады. Былтыр мамырда Қазанға науқас анасына барған. Ал 2 маусымда Прагаға ұшпақ болғанда күштік құрылым өкілдері оны әуежайда ұстап әкеткен. Сол кезде журналиске АҚШ және Ресей азаматтығын қатар алып жүргенін хабарламағаны үшін деп іс қозғап, 10 мың рубль айыппұл салған.
Кейін журналисті “шетел агенті” реестріне қосу үшін құжат тапсырмады” деген айыппен қамаған. Ал 2023 жылғы 11 желтоқсанда Құрмашеваға “Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты” деген айып тақты. Ресей журналисі “Idel.Реалии” сайты 2022 жылы күзде шығарған «Нет войне. 40 историй россиян, выступающих против вторжения в Украину» кітабын таратты деп айыптады.
Биыл сәуірдің соңында АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинді Алсу Құрмашеваны, The Wall Street Journal басылымының журналисі Эван Гершковичті босатуға шақырған.
Айта кетері, Алсудың ұсталғанын бұған дейін Канада, Чехия, Франция, Польша және Швеция үкіметтері, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еуропа парламентінің президенті, ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі жөніндегі кеңсесі және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары айыптаған. Журналистика мен журналистердің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған Еуропа кеңесінің платформасы Алсуды босату туралы үндеу жариялады.
“Журналистерді қорғау комитеті” (CPJ) “Алсу Құрмашеваны қамау — Ресейдің “Шетел агенті” туралы заңды тәуелсіз баспасөзге қарсы теріс қолданатынын көрсететін ең айқын мысал” деп мәлімдеді.