Анасы бесікте тыныш жатқан бір жасар қызын бірнеше рет ұрып жібереді. Бұл бейнежазба қараша айында кең тарап кетті. Кейіннен нәрестенің әкесі полицияға жүгінгені белгілі болды.
Тағы бір жағдайда 39 жастағы ер адам құрбанын үйдегі зорлық-зомбылық салдарынан өлтіріп алғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыптау қорытындысына сәйкес, 2024 жылдың 28 ақпанына қараған түні айыпталушы бірге тұрған әйелін жұдырықтап, теуіп, металл затпен бірнеше рет соққы жасаған. Бұл жағдай алдымен көлікте, кейін көшеде болған. Бірнеше сағат өткен соң әйел көз жұмған.
Бұл жан түршігерлік зорлық-зомбылық әрекеттері Молдова қоғамында үлкен наразылық тудырды. Адамдар жасалған әрекеттерден шошып, қатаң жаза талап етті. Дегенмен, бұл қоғам аса ауыр зардаптар болмаса, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты «қалыпты жағдай» көреді. Статистикаға сәйкес, Молдова отбасыларының 65%-і тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа тап болады. Әрбір сондай әрекет үшін түрмеге қамау — шешім емес. Агрессорларды оңалтуға бола ма?
ZdG тұрмыстағы агрессорларға психологиялық көмек көрсету бағдарламалары қалай жұмыс істейтінін зерттеді. Factcheck.kz серіктес басылымның мәтінінің қысқартылған нұсқасын ұсынады.
95% жағдайда зорлық-зомбылықты ер адам жасайды
2024 жылдың алғашқы алты айында полиция отбасындағы жағымсыз әрекеттер мен қарым-қатынастарға байланысты 7 559 өтініш тіркеді. Оның ішінде дене жарақатын келтіру, психологиялық қысым көрсету, сексуалдық қысым жасау, зорлау, өлтіру немесе өлтіруге әрекеттену жағдайлары бар.
Статистикалық деректерге сәйкес, зорлық-зомбылық оқиғалары кем дегенде 65% отбасында болады, ал 95% жағдайда оны ер адам жасайды. Көбіне әйелдері немесе бірге тұратын серіктестері зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Ал әйел-агрессорлардың зорлық-зомбылық әрекеттерінің көбі балаларға қатысты жасалады. Балаларды тәрбиелеуде он ананың үшеуі, он әкенің біреуі физикалық жазалауды қолданады. Бұл дәстүрлі отбасылық рөлдерге сәйкес, балаларды тәрбиелеу міндеті көбіне ананың мойнында болуымен түсіндіріледі, делінген «Молдова Республикасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық» есебінде.
«Міне, оңалу үшін осындамын»
«Оны бірнеше рет темірмен ұрып жібердім», — деді Александр бұрын бірге тұрған серіктесіне көрсеткен зорлық-зомбылығын сипаттай отырып. Алайда прокурорлардың айтуынша, ер адам бірнеше жыл бойы әйелге физикалық және сөздік зорлық-зомбылық көрсеткен. Соңғы жанжалдан кейін әйел полицияға арыз берген.
Нәтижесінде, 32 жастағы ер адам екі жылға сынақ мерзімімен шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, сот оны агрессивті мінез-құлықты төмендетуге арналған консультацияларға қатысуға міндеттеді.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа барған және шартты түрде жазаланған адамдардың барлығы делік сот шешімімен пробация жүйесінде немесе «Артемида» отбасыдағы агрессорларға көмек және консультация орталығында консультациялардан өтуге міндетті.
«Маған… осы жағдайға дейінгі күйім туралы түсіндірді. Әртүрлі тест өткіземіз. Қағазда бос орын бар, оқимын да, шындық деп тапқан жерлерді белгілеймін. Кейін біз мұны бірге талдаймыз. Барлығы өте жақсы өтеді», — дейді Александр.
Бағдарлама жеке және топтық сабақтарды қамтиды. Бұл сабақтарда кеңесші мен агрессор бірге мәселенің себебін ғана емес, агрессия ұстамаларын басқару жолдарын да анықтауға тырысады.
«Бес сеанс жеке өтеді. Мұнда Пробация кеңесі бенефициарға кейбір бастапқы танысу тесттерін өткізеді. Қатысушының бастапқы бағасы жасалады және оны осы бағдарламаға қатысуға ынталандырады.
Қалған 30 сеанс топтық түрде өтеді. Мұнда агрессорлар тобы жақсы мінез-құлық, шыншылдық, жәбірленушілерге жанашырлық көрсету, мінез-құлықты өзгерту сияқты дағдыларды үйренеді немесе оларды көрсетіп көруге тырысады», — деп түсіндіреді Хынчешт пробация бюросының басшысы Елена Андроник.
«Олар бір-бірін ережесіз жекпе-жектегідей ұратын»
Зорлық-зомбылық Александрдың өмірінде әрдайым болды. Ол кішкентай кезінен анасының бірге тұрған адамынан көрген агрессияның куәгері болған.
«Ата-анам мен мектепке бармай тұрып ажырасып кетті. Кішкентай едім. Кейін мені интернатқа апарды, сонда 3-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін сол жерден қашып, ауылға оралдым. Анамның бірге тұратын адамы болды. Олар бір-бірін ережесіз жекпе-жектегідей ұратын. Олар төбелесетін, қатты төбелесетін, ол оны ұратын… Анамның көздерінің астында және басқа жерлерінде көгерген іздер болатын. Үлкен әпкем бізге қарайласты… Анамыз сияқты болды. Бірақ оны тыңдамайтынмын, сонда мені шымшып алатын», — деп есіне алады Александр.

Психологтардың пікірінше, бала кезіндегі психологиялық жарақаттар алған немесе зорлық-зомбылықты көзімен көрген бала болашақта құрбан немесе агрессор болу қаупіне ұшырайды. Александрдың жағдайында да дәл осылай болған, себебі бұл мінез-құлық үлгілері оның көз алдында әрдайым қайталанып келген.
«Бала кезіндегі зорлық-зомбылық психикаға және оның кейінгі дамуына әсер етеді, әсіресе қайталанған жағдайда бұл одан да ауыр салдарға алып келеді. Мұндай мінез-құлық үлгілерін қабылдау қаупі бар, нәтижесінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам сол үлгіні өзі қабылдап, өзгелерге қатысты сол мінез-құлықты көрсетуі мүмкін», — деп түсіндіреді балаларға зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі Ұлттық орталықтың психологы және кураторы Оксана Шевченко.
Маманмен жұмыс Александрға эмоциялық жағдайын реттеуге көмектеседі.
«Эмоциялық жағдай өзгереді. Ойлау қабілеті басқаша болады, жағдайларды басқаша бағалап, басқаша әрекет етесің… Мен, мысалы, бәрі болды, енді ашудан дірілдей бастағанымды сезінсем, сол жерден кетіп қаламын. Ол адамның көзіне қарағым келмейді немесе оны жанымда көргім келмейтіндіктен, шығып кетемін», — дейді Александр.
Оның айтуынша, маманмен жұмыс оған қателерін түсінуге және жасаған іс-әрекеттері үшін өз кінәсін мойындауға көмектескен.
Агрессивті мінез-құлық: ерлер мен әйелдер
Ерлер мен әйелдердің агрессивті мінез-құлқы, сондай-ақ олардың өздері жасаған немесе бала кездерінде куә болған агрессияны түсінуі әртүрлі. Хынчешт пробация бюросының бөлім басшысы Елена Андрониктың айтуынша, ерлерге өздерінің агрессивті әрекеттерін немесе өткендегі агрессияны мойындау қиын, ал әйелдер жәбірленуші болған өткенін және агрессорға айналуын оңайырақ қабылдайды.
«Менің тәжірибем бойынша, бағдарламамызға қатысқан ер агрессорлардың ешқайсысы бала кезінде зорлық-зомбылыққа тап болғанын мойындамайды. Сондай-ақ, ер агрессорлар агрессивті мінез-құлықтың қылмыс немесе отбасысына қарсы шынымен қатыгез әрекет екенін түсінбейді», — деп түсіндіреді Елена Андроник.
Мұндай мысалдардың бірі — 45 жастағы Петр. Ол әйеліне физикалық зорлық көрсеткені үшін екі жылға шартты түрде сотталып, пробация бюросының кеңестеріне қатысу міндеттелген. Дегенмен, ол бұл жағдайды жай ғана әйеліне «екі рет шапалақ берген» жанжал ретінде көрсетеді.
«Әйеліммен ұрысып қалдым. Ол көршісінде болып, шарап ішкен, содан жанжал басталды, мен оны екі рет ұрдым… Ол маған бірнеше ауыр сөз айтты, мен соған ашуланып ұрдым… Бәрі бір стақан шараптан басталды… Бұрын да бір стақан шарап ішіп отыратынбыз, бірақ бұлай ұрсыспайтынбыз, ал бұл жолы осындай жанжал шықты. 20 жылдан астам бірге өмір сүрдік. Осы 20 жылдан аса уақытта осындай ұрып-соғу болса, әлдеқашан ажырасар едік деп ойлаймын», — дейді Петр.
Ол кінәсін тек жартылай мойындай отырып, маманмен істелген жұмыстың оған көмектесіп, оны белгілі бір дәрежеде тыныштандыратынын айтады.
«Пышақ алдым да…»
37 жастағы Мария бірнеше жыл бойы бірге тұрып жатқан серігінің тарапынан сөзбен және физикалық зорлық көргенін айтады. Ол қорқыту мен түрлі зорлық-зомбылық түрлерін қолданып, оны өзімен бірге алкоголь тұтынуға мәжбүрлеген. Бұл жағдайды туыстары мен көршілері білген, Марияны оны тастап кетуге көндірмек болған. Алайда, әйел бұл туралы сөз қозғаса, серігі оны қорқытып немесе ұрып-соғып, оны қайтадан үндемей қалуға мәжбүр ететін. Бірақ бір күні екеуі үшін де күтпеген жағдай болды.
«Ол мені ұрып-соқты… Полицияға қоңырау шалдым, бірақ полиция ештеңе істемеді… Бір күні ол менің шашымнан сүйреп жатқанда оянып кеттім… Есімді жинағанда, бұл қорқынышты оқиға болып қойған екен… Пышақ алдым да, тығып алдым», — деп еске алады Мария.

Әйел сол сәтте не істегенін түсінбегенін айтады. «Бір сәтте, шынымды айтсам, не болғанын түсінбедім… Сол ақымақтықты жасасам да, ол кезде қандай күйде болғанымды білмеймін, бірақ ешнәрседен қорықпаған сияқтымын, бәрі солай болуы керек сияқты көрінді», — деп еске алады ол.
Сот Марияны жартылай жабық түрдегі әйелдерге арналған түзету мекемесінде 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, Қылмыстық кодекстің 90-бабының ережелеріне сәйкес, жаза шартты түрде өзгертіліп, 4 жыл сынақ мерзімімен ауыстырылды. Александр сияқты, ол да агрессивті мінез-құлықты азайтуға арналған бағдарламаның шеңберінде консультацияларға қатысуға міндетті болды.
«Елена (Хынчешттегі пробация бюросының бөлім басшысы) үнемі осы іс туралы сұрақтар қойып, маған фильмдер көрсететін — бәрі осы агрессия туралы, менің де басымнан өткендер. Менің отбасымда да сондай жағдайлар болған. Кейде жылап қалатынмын. Ал содан кейін екеуміз күліп алатынбыз…» — дейді әйел.
Мария өзін ұрып-соққан азаматпен ажырасып кетті, ал ол қатысқан сабақтар өміріне қайта қарап, өзгеріс жасауына көмектесті, бірақ ол балаларының болашағына алаңдайды.
«Сабақтардан кейін әрдайым қуанышты әрі бақытты күйде қайтатынмын, жүрегім тынышталғандай болып, өзіме: “Құдайым, мен өзгеремін” дейтінмін. Бірақ ең алдымен балаларыма алаңдаймын, олардың тағдырымды қайталамағанын қалаймын. “Ешқашан біздің үйде көргендеріңді қайталамаңдар” деп балаларыма жиі айтамын».
Түрмеде отырған әйелдердің 7%-і жұбайларына немесе бірге тұрған адамдарды өлтіргені немесе шабуылдағаны үшін сотталған. Олардың көбі бұрын отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға шағымданған.
Агрессия ұрпақтан ұрпаққа беріледі
Балаларға зорлық-зомбылықтың алдын алу ұлттық орталығының психологы және кураторы Оксана Шевченконың айтуынша, молдаван қоғамында зорлық-зомбылық көбіне ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Бұл тізбекті үзу үшін 2012 жылы Дрокия қаласында «Артемида» отбасыдағы агрессорларға көмек және кеңес беру орталығы құрылды. Орталық Миннесота штатының Дулут қаласындағы әріптестерінен алынған бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Орталық өкілдері сол жерде шамамен 2 жыл бойы оқудан өткен.
Кейін тағы үш осындай орталық ашылды, бірақ олар кейінгі қызметін жалғастыру үшін қаржы көзін таба алмады.
2024 жылы 4-6 айға созылатын бағдарламаға 140-тан астам құқық бұзушы қатысты. «Артемида» орталығының директоры Симион Сырбудың айтуынша, консультациядан өткен агрессорлардың басым көпшілігі қайтадан зорлық-зомбылық жасамайды.
«Бағдарламаға қатысқандардың шамамен 70%-і енді зорлық-зомбылық әрекеттерін жасамайды. Кейбіреулерінде психикалық ауытқулар бар, бірақ біз оны байқамаған кездер болды немесе есірткі қолданатын адамдар бар — олар өзгермейді. Бағдарламаға қатысса да, қатыспаса да өзгермейтін адамдар да болады. Мұндай жағдайда жалғыз шешім — оларды түрмеге жіберу», — деп түсіндіреді Симион Сырбу.
Осы орталық тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі уақытта ұлттық деңгейде Ұлттық пробация инспекциясына бағынатын 38 пробация бюросы жұмыс істейді.
Сот үйдегі агрессорға сынақ бағдарламасынан өту міндетін жүктесе, онда ол «осы сеанстарға қатысу үшін бар күш-жігерін салуға тиіс». Пробация субъектісінің сеанстарға баруға қаржылық мүмкіндігі болмаса және ол қала маңында тұрса, мемлекеттік органдардан көмек алуға құқығы бар.
Бірақ агрессор сеанстарға қатыспаса, пробация кеңесшісі сотқа шартты үкімді жою және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы талап арыз береді.
2023-2027 жылдарға арналған әйелдерге қатысты және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу жөніндегі ұлттық стратегияны бағалау туралы есепке сәйкес, Молдова әйелдерінің шамамен 73%-і өмірінің белгілі бір кезеңінде серіктесінен зорлық-зомбылықтың кем дегенде бір түрін көрген. Тек 2024 жылдың алғашқы алты айында үйдегі зорлық-зомбылық салдарынан 22 әйел қайтыс болған.
Бас полиция инспектораттың деректеріне сәйкес, 2023 жылы 1 035 әйел, 288 бала және 187 ер адам зорлық-зомбылық құрбаны болған. Агрессорлар арасында 1 339 ер адам және 171 әйел тіркелген.
Мақаланың иллюстрациясы: Анастасия Картовенко / Ziarul de Gardă
«Медиажелі» ұйымының қолдауымен
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.