Қырғызстанда агрессорларға электрон білезік тағуы мүмкін

Қырғызстанның әділет министрлігі тұрмыста зорлық-зомбылық көрсететіндерге арнайы электрон білезік тағуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Министрлік бұл әдіс отбасындағы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Өйткені электрон білезік агрессорды құрбанның маңайына жақындатпай, радиусын шектеп отырады.

Қырғызстан билігінің сөзінше, мұндай әдісті Түркия қолданып, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың көп мәселесін шешкен.

Қазір ведомство электрон білезікті сынап жатыр. Заң қабылданса, бұл құрылғы қылмыстық-атқару өндірісінде 2024 жылдан бастап қолданылады.

Айта кетері, WPS (әйелдер қауіпсіздігі бойынша индекс) рейтиңі бойынша, Қырғызстан екі жыл қатарынан Орталық Азиядағы елдер ішінде әйелдерге ең қауіпті елдің бірі болып саналған.

Factcheck.kz