Қасақана алимент төлемейтіндер саны қанша?

20 сәуірде өткен мәжілістің пленарлы отырысында алименттен жалтарып жүргендің мәселесін көтерген депутат Магеррам Магеррамов бірнеше дерек келтірді. Депутаттың айтуынша, қасақана алимент төлемей жүргендер саны күнен күнге көбейіп, жалпы берешегі 12,8 млрд теңгеге жеткен. Factcheck.kz келтірген мәліметтерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:24:12

Соңғы деректерге сәйкес, бүгінгі күні өндірісте 273 136 іс бар (алимент бойынша).

Магеррам Магеррамов, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің 2023 жылғы наурыздағы дерегіне сәйкес өндірісте 244 312 іс бар. Оның ішінде кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағу бойынша 236 816 іс қаралып жатыр.

Балаларға алимент төлеу бойынша қасақана төлемеушілердің (злостные неплательщики) берешегі 12,8 миллиард теңгені құрайды.

Магеррам Магеррамов, мәжіліс депутаты

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының дерегінше, алимент бойынша жалпы берешек сомасы 18,4 млрд теңгені құраса, оның ішінде балаларға төленбеген сома – 17,9 млрд-қа жетті.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы – қасақана алимент төлемеуге апарады. Ал бұл бойынша алименттен жалтару – алты жүз сағатқа дейін мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бірнеше ай бұрын біз алимент бойынша халық арасында жүрген негізгі мифтерді жинап, анық-қанығын жазған едік. Толығырақ төмендегі материалдан оқи аласыздар!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz