Әскери қызметкер Арман Жұман Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты істе билік өкілетін асыра пайдаланды деп танылып, жеті жыл түрмеге қамалды. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.
“Судьялар алқасы 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19:30 шамасында сотталушы бақылау-өткізу пунктінде болған кезде өзінің қарамағындағы әскери қызметкерлерге бақылау-өткізу пунктіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ атуға заңсыз бұйрық бергенін анықтады. Соның нәтижесінде көлікте отырғандар – кәмелетке толмаған 2017 жылы туған қыз оқ жарақатын алып, мерт болды, кәмелетке толмаған (2006 жылы туған) қыз бес оқ жарақатын алып, денсаулығына ауыр зиян келген”, – деп хабарлады әскери соттың баспасөз қызметі 5 шілдеде.
Соттың хабарлауынша, жәбірленушілер мен куәгерлердің сөздері, сараптама нәтижесі Арман Жұманның кінәлі екенін дәлелдеген. Бұған дейін оны ақтау туралы шыққан сот үкімінің күші жойылып, жаңа үкім бойынша Арман Жұман “билік өкілетін асыра пайдалану” бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) кінәлі танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетері, Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.