Интернет тарифының бағасын тұтынушы рұқсатынсыз көтеру заңды ма?

Кейінгі уақытта интернет тарифының қымбаттауы туралы БАҚ беттерінде ақпараттар көбейді (1, 2, 3, 4). Сондай-ақ, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев кейінгі 2 жылда тариф бағасы 90%-ке өскені туралы дерек келтірген еді. Операторлардан тариф бағасының өсімі туралы хабарлама келсе, тұтынушы бас тарта ала ма? Заң тұрғысынан интернетті тұтынушы баға өсіміне қарсылық білдірсе қандай шешім қабылдануы керек? Бір жақты келісім арқылы интернет бағасын көтеру тұтынушы құқығын бұза ма? Осы сұрақтардың жауабын Factcheck.kz зерттеп көрді.

Тариф бағасы бақыланбайды

Ең алдымен тариф бағасының өсуі туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен сұрап көрдік. Министрлік өкілі біздің сұраққа, «бағалар бақылауда болмайды, біз ешқандай операторға осынша баға қойыңдар деп айта алмаймыз. Тарифтерге қандай баға қойсада өз еркілері. Интернет бағалары операторлардың сан түрлі шығындары есебінен қойылады» – деп жауап берді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де, осы пікірге қосылды. Демек, Қазақстандағы интернет операторлар, желі бағасын өз бетінше қоя алады.

Тұтынушы мен оператор арасындағы келісім-шарт

Қазақстан Республикасында интернет оператор мен тұтынушы арасындағы келісім-шарттың белгілі бір стандарттары мен талаптары бар. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның 10-бабына сәйкес, интернет қолданушы мен оператор арасында келісім-шартта тұтынушы тариф туралы толық ақпарат алуға, (бағасы, интернет көлемі және т.б ақпараттар) танысуға құқылы. Осы заңның 8-1-бабының 2-тармақ, 5-тармақшасына сәйкес, шартты бір жақты өзгерту тұтынушы құқығын бұзады. Интернет оператор мен пайдаланушы арасындағы келісім-шарт туралы ақпараттарды нақтылау үшін «Bukva Zakona» ЖШС-і заңгерлік компаниясының құқық қорғаушысы Дамир Токушевтен пікір алдық.

Келісім-шартта оператор мен тұтынушының құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілуі тиіс. Шарттың әрекет ету мерзімі мен оның бұзу циклі де анық жазылуы қажет. Тарифтердің өзгеруі тәртібі және қолданыста болатын мерзімдері келісім-шартта көрсетіледі. Оператор тарифтердің өзгеруі туралы алдын ала хабарлауы керек. Заңдарда және нормативтік актілерде оператордың тарифтерді біржақты өзгерту мүмкіндігі туралы талаптар бар. Алайда, тарифтердің өзгеруі туралы тұтынушы алдын ала хабарлама алуға міндетті. Тарифтердің екі жақты келісуі келісім-шартта нақты көрсетілуі мүмкін, бірақ бұл міндетті емес. Дегенмен, көптеген оператор тұтынушылардың сенімін арттыру мақсатында бұл шартты келісім-шарттарына қосады.

«Bukva Zakona» ЖШС-і заңгерлік компаниясының заңгері Дамир Токушев

Қазақстандағы интернет операторлардың тұтынушыға ұсынатын келісім-шарттарын талдайық. «Теле 2» операторының байланыс қызметін көрсету туралы жария шартының 7,4-бөлігіне сәйкес, оператор өзгертулер мен толықтырулар енгізуге құқылы, ал, абонент яғни тұтынушы өзгертілген талаптармен келіспеген жағдайда, шартты бұзуы керек екені жазылған. Сонымен қатар, тарифтік жоспар жойылған кезде, басқа тарифтік жоспарға көшпесе, тұтынушыны оператор өз қалауынша басқа тарифтік жоспарға ауыстыруға құқылы. «Актив» және «kcell» операторлары ұсынатын шарттың 4,2,1-бөлігінде де мобильді қаржылық қызметтерді соттан тыс, бір жақты өзгерту құқығына оператор ие екені жазылған. «Алтел» операторы да бір жақты өзгерту құқығына ие екенін жазады. Келісім-шарттың 4,11-бөлігіне сәйкес оператор өзгерістер күшіне енген күнге дейін 20 (жиырма) күнтізбелік күн бұрын клиентті хабардар етіп, қызмет тарифтерін өзгертуге құқылы. «Билайн» сервисі де дәл осындай талаптар бар екенін растайды. Бұл туралы оператор жария шартының 9,3,1-бөлігінде жазылған. Байқап тұрғанымыздай Қазақстандағы негізгі интернет операторлардың шарттарына мән берсек, барлығы бір жақта бағаны көтеруге құқылы екенін жазады. Сонда тұтынушы өз құқығын қалай қорғайды? Тұтынушы құқығы қай кезде бұзылады?

Тұтынушы құқығы қай кезде бұзылады?

Қазақстан Республикасының «Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы» № 171 бұйрығының 2-бап, 21-тармақтың 13-тармақшасына сәйкес интернет тариф жоспарын өзгерту туралы бір айдан кем емес мерзімде тұтынушыға ескертіліп, абоненттің келісімі бойынша шартты өзгерте алады. Өзгертулерге келіспеген жағдайда тұтынушы оператордан бас тарта алады немесе арнайы шағым түсіруге мүмкіндігі бар. Егер тариф бағасы шамадан тыс немесе бірден бірнеше есе көп өссе және абономент келісімінсіз басқа тарифке ауыстырса бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттегіне және ҚР-ның сотына шағымдана алады. Ал, интернет бағасы немен өлшенеді? Ненің есебінен өседі? Соны зерттейік.

Тарифтердің бағасы ненің есебінен өседі?

Интернет тарифтерінің бағасы неге өседі деген сұраққа жауап алу үшін, Factcheck.kz редакциясы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысына хабарласып, пікір алды:

Барлық жүйе мен сервистің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, жабдықты жаңғыртуға тұрақты түрде инвестиция салып отыру қажет. Өз кезегінде, желінің өзіндік құны инфляцияға (оның бес жылдағы жиынтық деңгейі 55%), электр қуаты тарифының қымбаттауы және бағамдық ауытқуларға байланысты жыл сайын өседі, өйткені барлық жабдықтар шетел валютасында сатып алынады. Мысалы, 2022 жылдың 1 тоқсаны мен 2023 жылдың 2 тоқсаны аралығында елдегі электр қуаты 27%-ға қымбаттады.

Қорытынды

Қазақстанда ешқандай мемлекеттік мекеме интернет тарифтерінің бағасын бақылмайды. Сондай-ақ, желі қызметін ұсынатын операторлар тарифтердің бағасын бір жақты өзгерту құқығына ие. Алайда, тұтынушыға 1 ай бұрын ескертілмесе және интернет пайдаланушының рұқсатынсыз басқа тарифтік жоспарға ауыстырса абонент құқығы бұзылады. Интернет бағалары электр қуатының және желінің бағасына қарап өседі. Егер операторлар сіздің құқығыңызды шектесе сотқа арыз бере аласыз.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz