HRW: Қырғызстанда мүгедектігі бар әйелдер көбіне туыстарынан зорлық көреді

Қырғызстанда мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар көбіне туыстарынан зорлық көреді. Бұл туралы Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы баяндамасында мәлімдеді.

“Тұрмыстағы зорлық-зомбылық және мемлекеттің немқұрайлығы. Қырғызстандағы мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың жағдайы деп аталатын баяндама 63 беттен тұрады. Ондағы ақпарат бойынша, кейінгі кездері Қырғызстан билігі тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жіті мән беріп, онымен күресіп жатыр. Дегенмен бұл елде әлі күнге дейін мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқығы толық қорғалмаған.

Авторлардың айтуынша, мүгедектігі бар әйелдерді көбіне серіктесі, туыстары ұрып-соғады, зорлық көрсетеді. Оған қоса туыстары өздері жасаған зорлық-зомбылықты жасырып қалатындықтан, бұл мәселе назардан тыс қалып отыр.

Қырғызстан үкіметі мен азаматтық қоғам бұрыннан тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресіп келеді, бірақ заңдар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың ерекше қажетін ескермейді. Салдарынан олар зорлық көреді, зорлық-зомбылықтың жалғаса беру қаупі көбейеді.

Сыйнат Сұлтаналиева, Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі, баяндама авторы

Авторлар Қырғызстан өз заңнамасын халықаралық құқық нормаларына сай етіп, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың білімі мен қаржылай тәуелсіздігін қамтамасыз етуі керек және шенеуніктердің осы тақырыпқа қатысты сауатын арттыруы керек деп есептейді.

Factcheck.kz