Газада өлтірілген бала саны дүниежүзілік көрсеткіштен асты ма?

Қазанның соңғы аптасында әлеуметтік желілерде және бірнеше сайтта “Газада қаза тапқан балалардың саны дүние жүзінде өлтірілген балалар санынан асып түседі” деген жантүршігерлік ақпарат тарап жүр (1, 2, 3, 4). Ақпарат таратушы медианың көбі ресейлік РИА Новостиге сілтеген. Олардың жазуынша, 2019 жылдан бергі дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстар барысында қаза тапқан бала саны Газадағы деректен аз. Аталған ақпаратты Factcheck.kz тексеріп көрді.

Үкім: Шындық және кликбейт

Шындығы мынада: Палестиналық босқындарға көмек ұйымдастыру жөніндегі БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің бас комиссары Филипп Лазарини осы жөнінде арнайы брифиң өткізіп, жағдайды баяндады. Оның айуынша, қаза тапқандардың 70%-ке жуығы әйелдер мен балалар, ал үш аптаның ішінде 3195 бала қаза тапқан. Бұл ақпаратты Save The Children ұйымы да растап отыр.

Неге кликбейт? Көптеген қазақстандық медиа “Газадағы балалар саны әлемде өлтірілген балалар санынан асып түседі” деп тақырып қойып, ақпаратты бұрмалаған. Сондай-ақ мәтіннің ішінде “2019 жылдан бергі дүниежүзіндегі қарулы қақтығыстар кезінде көз жұмған балалар санынан көп” деген сөйлем бар. Шын мәнінде олай емес, 2019 жылдан бері әлемде 12 193 бала қарулы қақтығыс салдарынан өлген (2019 – 4019, 2020 – 2674, 2021 – 2515, 2022 – 2985 бала). Өзіңіз көріп отырғандай, Газада қаза болған бала саны 4 есе аз. Ақпарат осы тұста бұрмаланған.

Контекст

  • Палестина-Израил арасындағы қақтығыс 7 қазандағы ХАМАС-тың Газа секторының аумағынан Израилге жаппай ракеталық шабуыл жасауымен басталды. Израил әскери күштері Газа өлкесіне жаппай әуе шабуылдарымен жауап қайтарды;
  • Қақтығыс салдарынан Палестинада 8,5 мың адам, Израилде 1,4 мың адам қаза болған;
  • Save The Children ұйымының дерегінше, әлемде әрбір алтынша бала қақтығыс аймағында өмір сүреді;
  • БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестина-Израил арасындағы қақтығысқа байланысты оныншы арнайы төтенше сессиясын өткізді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz