Қазақстан үкіметі азаматтарды жыныстық ерекшеліктері бойынша алалауға жол ашатын, сөз еркіндігін шектейтін петицияны қабылдамауға тиіс. Бұл туралы БҰҰ-дың Адам құқығы жөніндегі кеңесінің сарапшылары мәлімдеді.
“Үкімет бұл петицияны басынан-ақ қарамауға тиіс еді және қазір кері қайтаруы керек. Петицияның өзі қате түсінікке негізделген және одан туындайтын кез келген заңнама адам құқығын таптайды”, – деді сарапшылар.
Олардың айтуынша, бұл петиция адам құқығы мен еркіндігін бұзуға жетелейтін мәлімдемені қарауға тыйым салатын әкімшілік-процестік кодекске қайшы.
Сарапшылар Қазақстан үкіметі ЛГБТК+ өкілдерінің құқығын шектейтін заңды мақұлдаса, Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакт кепілдік беретін сөз еркіндігі мен заң алдындағы теңдік сияқты адам құқығының көп түрін бұзатынын айтады.